«Самғау» жобасы аясында ауылдық тренерлер дайындалды

«2019 жыл – Жастар жылы» деп жарияланған уақыттан бері елімізде, өңірімізде көптеген жаңа, тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі алғаш рет Қазақстанда, оның ішінде Атырау облысында бастау алған «Самғау» жобасы.

Жобаның мақсаты- жасөспірімдер мен жастардың жұмысқа орналасу және лайықты жұмыс жасау дағдыларын дамыту. Аталмыш әлеуметтік жоба негізін салушы «Unicef» Халықаралық балаларды қорғау ұйымы болса, Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Жастар қызметкерлерінің қоғамдастығы» бұл әлеуметтік жобаны қала мен аудандарда жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты бойынша 28 шілде мен 3-тамыз аралығында Атырау қаласында 6 күндік тренинг өтіп, 20 аймақтық жаттықтырушылар дайындалды. Еуропа кеңесі Жастар департаменті тренерлер пулының мүшесі, Халықаралық тренер Юлия Станкевич және бейресми білім беру саласындағы ұлттық жаттықтырушылар пулы мүшелерінің қатысуымен өткен тренингке біздің ауданымыздан «Бибі саз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бибігүл Нәбиева қатысып, «өңірлік тренер» сертификатын алып келіп, 12 тамыз күні аудандық Жастар орталығында ауылдық тренерлердің дайындау сабағын бастап кеткен болатын. Жалпы жобаның мақсаты бойынша 20 өңірлік тренер 144 ауылдық тренерді оқытып, бас аяғы 6 айға созылатын жобада 1800 жас пен жасөспірім қамтылады. Жоба қағидаттарының бірі – жастардың дұрыс дамуын мойындау, сондай-ақ қоғамда белсенді өмірлік ұстанымын құру үшін қосымша мүмкіндіктер туғызу болып табылады. «Самғаудың» іс-шаралары төрт компонент аясында ұйымдастырылған: экожүйені құру, жастарды оқыту кезеңін іске асыру, жобаның мониторингі және бағасы, қорытынды іс-шара. Ауылдық тренерлерді дайындау тізгіні Қазақстандағы өмірлік дағдылар бойынша халықаралық дәрежеде сертификатталған тренер-менторлар Нүрия Құрманова мен Айбарша Абдрахмановаға және аймақтық тренер Бибігүл Нәбиеваға табысталған. Ауданымыздағы әр түрлі салада еңбек етіп жүрген жастар осы тренингтің арқасында бір жерде бас қосып, өз замандастарына, артынан ерген іні-қарындастарына өзіне ұнайтын іспен айналысып, лайықты жұмыс жасау дағдыларын меңгерту әдістерін үйренді.

samgau1

samgau

s

samgau6

Кәсіби мамандар өткізген тренинг болғандықтан 4 күн, 4 сағаттай өтіп кетті. Барлығы нақты жоспармен, мақсатпен құрылып, талаптар мен міндеттер орындалып, ережелер сақталғандықтан топтық жұмыс жасау, жаңа дүниелерді меңгеру қиынға соқпады. «Менің бойымда тренерлік қабілет бар, мен аудиторияма өз ойымды жеткізе аламын және олардың ойларын өзгертуге тырысамын» деген, бойында көшбасшылық қасиет бар, еңбекқор әрі үнемі ізденісте жүретін, ауданның белсенді жастары, аталмыш тренингті сәтті аяқтап, сертификаттарын алып, жаңа бір маман иесі болып шыға келді. Алдағы уақытта олардың әрқайсысы ауылдық округтердің жобаға қызығушылық білдірген, ынталы жастарымен жұмыс жасап, жобаның мақсатын жүзеге асыруға өз үлестерін қосады.

Нұрбол Хамзин, «Самғау» жобасының ауылдық тренері, Қызыл үй орта мектебінің информатика пәні мұғалімі

Бұл жоба облысымызда, алғаш рет өтіп жатқандықтан, аудан жастары үшін өте үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Алған әсерім, үйренген тәжірибем өте керемет. Тренинг барысында адамның көңіл-күйін, пікірін, арманын өзгертуге септігін тигізетін әдіс-тәсілдер, қызықты энерджайзерлер, логикалық сұрақтарды үйреніп, қабілетімізді шыңдай түстік. Негізгі мамандығым мұғалім болғандықтан, тренингте меңгерген әрбір пайдалы нәрсені өз тәжірибемде қолданып, алған білімімді және коучингтерді ары қарай ауыл жастарына жеткізуге дайынмын.

Рашида Рафхат, Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 3-курс студенті

«Самғау» жобасының ауылдық тренері Менің бала күнгі армандарым өнермен байланысты еді. Ән, би, сахна, жарыстар менің – Бибігүл апаймен танысуыма, ал ол кісі мықты мотиватор ретінде осы жобаға келуіме себепші болды. Ерекше орта, әдемі көңіл-күй, айқын мақсаттар, жарқын достар, ашық әңгіме бәрі-бәрі осында, «Самғауда» болды. Бұл жоба, тренерлер, қатысушылар үнемі бізді алға жетелеп, жігерлендіріп, көшбасшылық қабілеттерімізді арттыра түсті. Бізге осындай мүмкіндік сыйлағанына шексіз қуаныштымын және алған білімім мен құжатымды жастармен жұмыс жолында тиімді пайдаланатын боламын.

Нүрия Құрманова, «Самғау» жобасының ментор-тренері

Менің негізгі мамандығым заңгер-кеңесші, алайда қазіргі таңда білім беру саласында еңбек етіп жүрмін. Ең алғаш Атырау облысында «Табысқа жеткізетін төлқұжат» Заңғар бағдарламасы аясында 55 сабақтан тұратын өмірлік дағдылар бойынша тренерлік курстан өттім. Осылайша халықаралық дәрежеде осы курсты сәтті аяқтаған тренер ретінде 4 жыл еңбек етіп, әр түрлі аймақтарда, жобаларда жұмыс жасадым. Биылғы жастар жылының өзінде, «Zhas project» жобасында ментор-тренер болып Индер, Жылой ауданының грант иегерлерін дайындадым. Қазіргі таңда тағы бір тың, өзгеше, ерекше жоба «Самғаумен» облысымыздың әр аймақтарын аралап, соңымыздан ерген жастарды тренерлік жолға бейімдеп, өмірлік дағдыларды үйретуге тырысып жатырмыз. Жалпы жоба мемлекеттің жастарға беріп отырған үлкен сыйы, әрі мүмкіндігі. Әрине, жобаның жоспары нақты, мақсаты айқын бектілген. Біз бағыт берген ауылдық тренерлер ертең өз ауылдастарын осы жоба аясында жетілдіріп, барлығы Атырау облысы бойынша 1800 жас «Самғаудың» түлегі атанып, облыстық деңгейде өтетін форумға қатысады. Махамбет ауданында өткен 4 күндік тренингте біз аудан жастарының ойлау қабілеті, ынта-жігері, қаншалықты жоғарғы деңгейде екенін анық байқадық. Болашақ тренерлердің белсенділігінің арқасында барлық тапсырмалар тиянақты орындалып, сабағымыз мақсатына жетіп, болашағынан зор үміт күттіретін тренерлер сертификатталды деп сенімді түрде айта аламын.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521