Сүйікті кейіпкерін суретпен бейнелей білді

О.Шонаев атындағы орта мектепте «Менің сүйікті кейіпкерім» аудандық сайысы өтіп, оған 17 мектептен 17 оқушы қатысып, өзара бақ сынасты.

Аталған сайысқа З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің көркемсурет пәнінің мұғалімі Ш.Қобланова, Жалғансай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі С.Шахмановалар қазылық етті.

Сайыстың бірінші турында оқушылар өз сүйікті кейіпкері туралы эссе жазды. Мұнан әрі әркім өз әлеміндегі кейіпкерін қылқаламмен бейнелеуге көшті. Олардың ішінде ертегі, мультфильмдердегі кейіпкерлерді, табиғатты айнытпай салғандар да кездесті. «Не? Қайда? Қашан?» танымдық сауалдарға Абай, Ыбырай, Құрманғазы, Дина секілді ұлы тұлғалар, қазақтың батыр қыздары, Отан, туған жер, ел, еңбек, оқу-білім туралы мақал-мәтелдер де кіріпті. Бірақ оқушылардың Рейхстагқа ту тіккен Батырдың кім екенін білмегені бізді қынжылтып тастады. Сайысқа оқушыларды кітапханашылар ғана емес, пән мұғалімдері де даярласа деген ой көкейімізде қалды.

«Мені танисың ба?» аудиобейнежазбаны көрмей, оның қай ертегінің кейіпкері екенін дауысынан айырып тапқандар да болды. «Абай өлеңін кім көп біледі?» деген сауал қойылғанда ортаға суырылып шыққан Береке орта мектебінің оқушысы Айзере Елеуова мен Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің оқушысы Айсұлу Батырханқызы кезектесіп, Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан жарысқа түсті.

Әділқазы Салтанат Шахманова сайыс барысында кеткен кемшіліктерді ортаға салса, өнер мектебінің бейнелеу пәні мұғалімі Шынаргүл Қобланова суретке икемі бар оқушылардың өзіне ұнаған суреттерін көпшілікке көрсетті.

Сайысты аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Сырымбайқызы қорытын- дылап, жүлдегерлерді марапаттады. Жүлделі 1 орынды Береке орта мектебінің оқушысы Айзере Елеуова жеңіп алса, жүлделі 2 орынға Е.Бағытжанова, Д.Жұмашева, Е.Қуандық ие болды. Ал жүлделі 3 орын А.Мусина, Ж.Тілекбай, А.Нұрым, Г.Самыратоваға бұйырды. Төрт оқушы Ә.Таңатова, Г.Ізбасарова, А.Қуанышева, Т.Қанат «Алғыс хатқа» ілікті.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521