ads_hero

РУСЛАН ТҰҢҒЫШБАЕВ: «ПРЕЗИДЕНТТІК КАДР РЕЗЕРВІ – «БОЗӨКПЕЛЕР» ЕМЕС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанда президенттік кадр резерві жасақталуда.

1 қыркүйектен іріктеу басталды. Резервке 35 жасқа дейінгі 300 адам кіреді, оларға мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту міндеті қойылады. Олардың әрқайсысы министр, әкім болудан немесе ұлтттық холдингті басқарудан үмітті. Осыған орай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаев Facebook-тағы бетшесінде өз пікірін жариялап және АTPress.kz редакциясымен ой бөлісті. - Бұл креативті, ынта-жігері мол жастар үшін зор мүмкіндік. Алда болатын кадрлық іріктеуге қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Кейбіреулер резервке еш тәжірибесі жоқ «бозөкпе» жастар топталады, оларды таныстықпен алады деп мәлімдеуде. Бұлай деудің қисыны жоқ. Мемлекеттік қызметші дегеніміз кім ? Ол – мемлекетке, яғни өзінің халқына қызмет ететін адам. Себебі, мемлекеттің өзі халықтың, қоғамның мүддесіне қызмет етуге жаралған. Ал, бұндай қызметтің тиімділігі, нәтижесі қандай деген мәселені бөлек қарау қажет, - деп атап өтті Руслан Тұңғышбаев. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда мемлекеттік қызметші туралы қалыптасқан қоғамдық пікірді жағымды емес. Бұның объективті себептері де бар, мәселен, ашық жарияланып жүрген коррупциялық істер де бұған әсер етеді.

- Менің ойымша, бұның оң тұстары да бар – яғни, мемлекет, мемлекеттік қызмет моральдық тұрғыдан тұрақсыз адамдардан арылып, олармен ымырасыз күрес жүргізіп жатыр деген сөз. Сонымен қатар, шенеуніктің барлығы пайдакүнем және қоғамға масыл деген негізсіз стереотип те бар. Айта кетейін, мемлекет қызметіндегі адамдарға деген бұндай көзқарас әлемнің көптеген елдеріне тән. Бірақ, бір нәрсені ұғынуымыз керек: әр адам – қоғамның перзенті, сондағы басым құндылықтардың ықпалымен жүреді. Мемлекеттік қызметші де ет пен сүйектен жаралған пенде, қоғамдағы құбылыстарға тәуелді, - деген пікір білдірді мемлекеттік қызметтің өкілі. Рас, жұмыс ерекшелігіне байланысты оларға басқалардан гөрі қатаң талап қойылады. Жалпы, Қазақстан биік белестерге ұмтылып, қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекет. Сондықтан, мемлекеттік басқару саласындағы жұмыс қиын да күрделі, тез ойлап, шапшаң қимылдауды, кәсіби біліктілікті, беріліп қызмет етуді талап етеді.

- Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейі айтарлықтай өсті. Сингапурмен салыстыруға болмас, бірақ, барлық деңгейде өзіміздің мықты басқарушы кадрларымызды дайындадық. Солардың санын көбейту қажет, олар алғыр, ақылды, бәсекеге қабілетті болып, сол арқылы мемлекетімізді табысты қылуы керек, - деп атап өтті Р.Тұңғышбаев.

Жастар үшін кадр резервінің пайдасы қандай?

Бұл – талантты жастарға арналған тиімді әлеуметтік лифт. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компанияларда, мемлекеттік кәсіпорындарда мансаптық өсу үшін бірегей мүмкіндік береді. Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға вакансия болған жағдайда, президенттік кадр резервіне қатысушылар осы лауазымдарға үміткерлердің алдыңғы қатарында болмақ. Бір сөзбен айтқанда, олар еліміздің болашақ элитасы. - Бірден айта кетейін, бұл жерде тамыр-таныстық жүрмейді, өзінің жеке қасиетімен ерекшеленетіндер ғана іріктеліп алынады. Қазақстанда бұндай жастар көп, сондықтан бәсекелестік жоғары болмақ. Президенттік резервке іріктеу рәсімінің өзі - үлкен сын, үміткерлерге өзінің қасиеттерін, мүмкіндіктерін ашып, тануға көмектеседі, - деп атап өтті Р.Тұңғышбаев.

- Бұның өзі-ақ үлкен артықшылық. Сондықтан, талабы таудай жастарға айтар кеңесім: күштеріңді сынап, таланттарыңды ашыңдар, көшбасшылыққа қабілетті екендіктеріңді дәлелдеңдер.

Super User

ads_hero