Құмаршықтың ашылмаған құпиясы көп

«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей, жан-жақтан андыздаған аш-жалаңаштар Ұлы су-Жайық өзенінің жағасына өлмелі күйде жетіп, жан шақырса, алыс қиырдағы құм бойын жайлағандардың аш өзегіне құмаршық талғажу болған. Сол киелі шөп-құмаршық туралы кейінгі ұрпақ біле ме? Аудандық мәслихат аппараты мен аудандық жастар ресурстық орталығы бірлесе ұйымдастырған танымдық шара осы құмаршықтың қадір-қасиетін дәріптеп, құпиясын ашуға арналды.

qumarshyq3

Алғаш сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Саменов өзінің балалық шағы Нарын құмында өткенін, үлкендермен бірге құмаршық қағуға талай барғанын айтып, осынау киелі дақыл шөптен табиғи өнім дайындау технологиясын тарқатып айтты. Қыркүйек айының ортасына таман дәні толысып пісетін құмаршық негізінен жаңбыр суы көп жиналатын ылдидағы ыза жерлерге, құм жиектерге шығатын көрінеді. Жуан тамыры тереңге кетеді. Шабылған құмаршық бір тәулік бойы кептіріледі. Содан кейін алаша, үстіне салып, арнайы сабаумен немесе киіз үйдің керегелерін пайдаланып, ортада үйілген шөпті сабалап, кебегін дәнінен ажыратады. Жиналған дәнді желді күні ыдысқа салып желпіп, тағы да тозаңын ұшырып, тазартады. Содан кейін барып табиғи дайын өнімді диірменге тартып, алынған ұннан нан басады. Бидайды қуырып жесең де дәмі тіл үйіреді.

Ал, құмаршықтың көжесі әрі таптырмас сусын, әрі адам ағзасына қуат беретін жұғымды тағам.

q

-Мен де жас шағымда құмаршықпен қоректеніп өскен адамның бірімін, сондықтан бұл өсімдіктің қыр-сырына әбден қанықпын ,-деді сарытоғайлық еңбек ардагері, кезінде іргелі шаруашылықтардың бірінде бас агроном болып ұзақ жылдар қызмет еткен Уәли Рахымжанов ағамыз. Құмаршықтың тұла бойы тұнып тұрған дәрумен. Оны тұрақты түрде азық түрінде пайдаланған адам ауыру дегенді ұмытады. Құмаршықты қалай қадеге асыратыны жөнінде айтылды. Жалпы құмаршық шөбі туралы ботасын қасқыр жеген аруананың тұлыпқа исініп, желінінен дірдектеп аққан уыз сүттің тамған жеріне шыққан киелі өсімдік деген аңыз бар. Оның қаншалықты рас-өтірігі бір аллаға ғана аян. Ал, құмаршықтың дәнін тірілей суға салып жіберсең, көгілжім сүт болып шыға келеді. Бұған қалай таңданбассың? Жалпы мен құмаршық туралы шамам жеткенше зерттеу жүргізген адаммын. Жоғары оқу орынында агроном мамандығына оқып жүрген кезімде дипломдық зерттеу жұмысыма құмаршық тақырыбын бекітіп беріңіз деп ғылыми кеңеске өтініш түсірдім,-дейді сөзін одан әрі сабақтаған Уәли ағамыз, бірақ ұсынысым қолдау таппады. Неге дейсіз ғой?

Өйткені, кең-байтақ Қазақстан аймақтарында өсетін өсімдіктер тізімінде құмаршық деген шөп мүлде жоқ болып шықты. Кейіннен оған өзімнің де көзім жетті. Өзбекстан, Түркіменстан құмдарын, Маңғыстаудағы Үстірт бойын түгел шарладым, бірақ құмаршық кездеспеді. Демек, ол тек Атырау облысындағы Нарын, Айбас, Бегайдар құмдарында, Сасықтау, Үштаған, Сазды бойында өседі деген сөз. Оның дәнін сеуіп, жоспарлы түрде мол өнім алам деп әурелену бекершілік, бәрібір шықпайды. Оған тәжірибе жасап көргенбіз. Құмаршықтың дәні күзде өздігінен желмен ұшады. Құм жиегіндегі қосаяқтар дән тасымалдайды. Міне, сол жерлерге келесі жылы көктемде қаптап құмаршық қайтадан шығады.

qumar5

Кезінде құмаршықты тұтынып көрген ақ жаулықты әжелер ақтоғайлық Әлиева Мұстахима мен бейбарыстық Ғайсина Қамажайлардың да айтары аз болмады. Олар да құмаршықтың құрамы адам ағзасына аса қажетті дәрумендерге өте бай екендігіне мысалдар келтірді. Құмаршықтан дайындалған тағам түрлерімен қоректенген адамнан ауру аулақ жүретініне сендірген әжелер арнайы құм бойынан алдырылған бір шөмеле құмаршықты сабаумен қағып, кебегін желге ұшырып, алынған дәнді диірменге тартып, өзіндік жағымды иісі бұрқыраған ұнтақты сол күйінде ағаш тостағанға салып, жағалай отырған үлкендер мен жастарға ұсынып, ауыз тию ырымын жасады.

qumarshyq2

Осындай дәмі тіл үйірген құмаршықты далада жүгірген сүт қоректі аң, төрт түлік мал отап, жеп қоймай ма? деген сұрағымызға құмаршықтанушы Уәли ақсақал: «ошаған сияқты тікенді өсімдік болғасын, малдың тісі батпайды, құмаршық мал аяғы жете бермейтін елеусіздеу жерге өседі» деп жауап берді.

Бұл да бір құмаршықты басқа өсімдіктерден даралайтын ерекше қасиеті болса керек. Бәлкім, Жаратушы бір Алланың әдейі жердегі адамдарға жіберген ырыздық, несібесі болар.

Шараға қатысқан аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев рухани жаңғыру, ұрпақ сабақтастығы туралы ойларын ортаға салып, халқымызды аштықтан аман алып қалған киелі өсімдік-құмаршықты терең зерттеп, тарихта қалдыруды жастарға аманаттады.

Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521