Ойымызда қалған он күн

Газеттің жауапты хатшысы – өзінің аты айтып тұрғандай жауапкершілігі зор мамандық.

Бір сөзбен айтқанда ол басылымның моторы іспетті. Кезекті нөмірдің жоспары жасалған сәттен бастап, баспаханаға кеткенге дейін бір тыным таппайды. Бұл мамандықтың бір артықшылығы және бір кемшілігі бар. Артықшылығы – өзің еңбек ететін ұжымда өзіңнің керек адам екеніңді сезінудің өзі бір бақыт. Кемшілігі – бұл кісілер жұмыс барысындағы күнделікті тірліктің қақ ортасында жүріп, журналистік іссапарлардан құр қалады. Ал журналист үшін ел танып, жер көріп, шығармашылықты шыңдап, арасында рухани жаңғырып тұрудың маңызы зор. Оны өзім де жауапты хатшы болғаннан кейін жақсы түсінемін. Жақында Қазақстан Жазушылар Одағының ұйым- дастыруымен Алматы қаласында өтетін «Журналистика: заманға сай креативті даму» атты оқу-семинарға қатысып, шығармашылық шабытпен оралдық.

ОРНАЛАСУ

Бізді күтіп алған Қазақстан Жазушылар Одағының аға әдеби кеңесшісі Нұртас Тұрғанбектің (Нұртастың атақты әншілер орындап жүрген «Сезiмдi қайтейiн», «Мазаламашы», «Күн-айсың», «Бұл менiң тағдырым» әндерінің авторы екенін кейін біліп, қарапайымдылығына, адамгершілігіне тәнті болдық) күндей көркем мінезі жанымызды жадыратып жібергендей болды. Ал кезінде атағы аспандағы айдан асқан атақты жазушылар аунап-қунап жатып, әлемді таң қалдырған шығармаларын жазған жеріне, яғни Қазақстан Жазушылар Одағының шығармашылық үйіне келіп тоқтаған сәттегі әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алатаудың етегінде орналасқан шығармашылық үйінің айналасы тұнған шырша мен қарағай, жеміс ағаштары. Талдан-талға секіріп ойнақтаған қоңыр тиін. Мүлгіген тыныштық. Нағыз шығармашылық адамына арналған мекен.

КЕЗДЕСУ

Келесі күні бізге бір емес, үш мықты тұлға келіп, тренинг өткізіп, ой-пікірлерімен бөлісіп, сауалдарымызға жауап берді. Олар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, жерлесіміз Зинол-Ғабден Бисенғали, кезінде өзіміз кітаптарын жастанып жатып оқыған жазушы, драматург Дулат Исабеков және танымал саясаткер Айдос Сарым. Бірінші мықты қазіргі заманғы прозаның негізгі бағыттары туралы кеңінен түсінік берсе, екінші мықты драматург болудың қиындығы мен қызығын жеткізді. Ал үшінші мықты журналистердің негізгі міндеті қоғамға сәл де болса үлес қосу, халыққа пайдалы ақпарат беру, көлеңкелі экономиканы көрсету, ауылдан шыққан кәсіпкерлерді насихаттау, салықты дұрыс төлеу мәселелеріне тоқталды.

АРАЛАУ

Іссапарымыздың ең қызықты сәті енді басталды. 85 жылдық тарихы бар Қазақстан Жазушылар Одағының ғимаратында қазақ прозасының, поэзиясының, журналистикасының қазанында қайнаған небір жақсылар мен жайсаңдар бізді көптен күткен туыстарындай қарсы алды. Одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен ақын Есенғали Раушанов арнайы қабылдады. Танысып – білісіп, қазақ әдебиетінің, журналистикасының өткені мен бүгіні және болашағы туралы керемет пікіралмасу орын алды.

Қазақ әдебиетінде айтулы орны бар екі жазушының сөздерінен Атырауға деген, оның ішінде облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына, «Атырау-Ақпарат» ме- диахолдингінің директоры Баязи Мәдешұлына деген ілтипаттары ерекше екенін байқадық. Бұған қоса Жазушылар одағын жас толқынмен, оның ішінде атыраулық таланттармен толықтырғысы келетінін түсіндік.

Көзі қарақты, әдебиет сүйер қауымға жақсы таныс басылымның бірі «Жұлдыз» журналы. Мұнда басылымның бас редакторы Ғалым Жайлыбайды, орынбасары Тұрысбек Сәукетайды, журналистері Жұмабай Құлиев пен Думан Рамазанды жолықтырдық. Салиқалы ойлары мен келелі кеңестерін тыңдап, аудандық газеттердің жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, көкейіміздегі сауалдарымызды қойып, қолтаңбаларын алдық. «Жұлдыз» журналының бірнеше данасы мен Тұрысбек Сәукетайдың кітаптарын олжаладық. Бұлардың ішінде бізді көріп, ерекше қуанған адам Жұмабай Құлиев еді. Ғимараттың үшінші қабатын толықтай алып жатқан «Қазақ әдебиеті» газетінің де тыныс-тіршілігімен таныстық. Өкінішке орай, бір кездері «Алтын Орда» газетінде бас редакторым болған, бүгінде «Қазақ әдебиетін» басқарып отырған Дәурен ағайымды көре алмадым (Дәурен Қуат. Іссапарға кетуіне байланысты орнында болмады). Есесіне бас редактордың орынбасары Қанағат Әбілхайыров пен жауапты хатшы Әлібек Шегебай, редакция меңгерушісі Еркін Жаппасұлымен сұхбаттасып, макет жасау, материалды беру, дизайнын құру тақырыптарында ой өрбіттік. Компьютер орталығында болып, корректор қыздармен де пікір алмасып үлгердік. Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделханмен кездесіп, қоғамдағы журналистер араласуға тиісті мәселелер төңірегіндегі көзқарасын тыңдадық.

Мен үшін ерекше әсер қалдырған «Ақ желкен» журналының бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбекпен кездесуіміз болды. Өз кәсібінің шебері, көзінен нұр шашып тұрған жақсы ағаның жанында болып, әңгімесі мен өлеңін тыңдаған бірнеше минуттың ішінде біздің де жанымыз нұрланып, жүзімізге күлкі үйіріліп, жадырап сала бердік. Жүсіпбек ағаның айтуынша, газет оқылымды болуы үшін тақырыбы тартымды болуы керек және дизайн мен суреттің сапасына көңіл бөлінуі тиіс. Қазіргі заманда қанша жерден газет-журнал оқылмайды, сайттарға басымдық берілуде десек те, сол сайттардың барлығы ақпаратты газеттен алып отырғандары жасырын емес. Бұл - газет пен журналдың өміршеңдегінің дәлелі. Алматыдағы ең бірінші рухани қазына ұлттық кітапхана екені белгілі. Осы зәулім ғимаратқа бас сұққан сәтімізде-ақ қолымызға бес жылдық мерзімге арналған жасыл карточка берілді. Бұл бес жылдың ішінде қалаған уақытымызда, кітапханаға келіп сусындауымызға болады деген сөз. Ішімізде ерлегені Аякең болды. 25 жыл бұрын кітапхана оқырманы болғаны ескеріліп, менің аппақ жездеме «Алтын карточка» берілді. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтердің бір жылдары тұрған,қазір музейге айналған үйлерінде болып, жәдігерлермен танысып, бірнеше жылға жететін рухани азық алдық.

ОРАЛУ

Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақыптың қолынан семинарға қатысқанымыз туралы сертификат алып, ерекше қимастықпен, арман қала Алматымен уақытша қоштасып, Атырауға оралдық. Бұл іссапардың біз үшін берері мол болды. Осындай керемет өлкеде семинар ұйымдастырған Қазақстан Жазушылар Одағына, оған алғашқы болып жауапты хатшыларды жіберген «Атырау-Ақпарат» медиахолдингісіне алғысымыз шексіз.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521