Қой қоздап, бота боздап, қорада шу «Жарасов» ШҚ көктемгі төл алуды бастады

Жер-Ананы жасандыра келетін көктеммен бірге ауданымызда төл алу науқаны да басталды. Бұл кезең төрт түліктің жай-күйін бес саусақтай білетін малшылар үшін қарбаласатын уақыт. Қылышын сүйреткен қыстан бұйығып шыққан ауылдың әр үйінің ауласы мен қорасында қой қоздап, бота боздап, әп-сәтте у-шуға айналады. Төл алу қыстың ызғарынан, жаздың аптабынан малын сақтап қалу үшін жан аямай, еңбек ететін малшылар үшін ең бір қуанышты сәт болып саналады.

-Осы жерде әкем Нұрғали Жарасов ұзақ жыл бойына мал баққан болатын. Бала күнімізден малсақ әкеміздің жанында жүріп, төрт түліктің әрқайсының бітімі мен күтімін көріп өстік. Мал да баққанға бітеді. Бабын тауып бақпаса, өсім де, нәтиже де болмайды. 2010 жылы «Жарасов» шаруа қожалығы құрылды, – дейді Көздіқара ауылының тұрғыны, Жарасовтар әулетінің 9-шы баласы Бағытжан Жарасов.

Мал басын төлі есебінен көбейтіп отырған «Жарасов» шаруа қожалығының тұрмыс-тіршілігі ойдағыдай десек болады. Бүгінгі таңда мал қыстату науқанынан аман-есен өткен отбасы, көктемгі төл алу науқанына қызу кірісіп кеткен жайы бар.

- Жылма-жыл түйеден 25-30 бас, жылқыдан 50-60 бас, сиырдан 50 бас, қой-ешкіден 50-60 бас төл алып отырмыз. Биылғы төлдің де бастамасы жаман емес. Аллаға шүкір, бұйырғанын алып жатырмыз. Менің алдыма қойған мақсатым – әкемнің аманаттап тапсырған малын шашау шығармай, керісінше көбейтіп, өзімнің 7 баламның игілігі үшін еңбек ету. Үкіметтен тек қана лизингке екі трактор алдым. Қаржылай несие алып көрген жоқпын. Өз күшіммен тырысып, көштен қалмай келемін. Қыста мал бағатын бақташы жалдаймын, ал жазда өзіміз бағамыз. Жазда жалдамалы жұмысшыны тек шабындық үшін жалдаймыз. Шабындық демекші, биыл лимандық жерлерді суаратын судың тарифі күрт көтеріліп кетіп отыр. Ендігі жерде бұрынғыдай шабындық өсіруге мүмкіндік болмайтын түрі бар. Бұл өз кезегінде малды азықпен қамтамасыз етуге кедергісін келтірері анық. Бұл туралы шаруа қожалықтары жиналып облыс әкіміне хат жолдадық. Қандай жауап келері бір Аллаға ғана аян, – дейді Бағытжан аға бізбен әңгімесінде.

Ерінбей еңбек еткен адамның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Атадан қалған асыл мұраның қадірін біліп, аманатқа адал еңбекпен жауап беріп отырған Бағытжан Жарасовтың кәсібі көпшілікке үлгі екені анық.

Баян СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521