Ауылға бір дәріхана керек-ақ

Қазпошта жарты күндік жұмыс режиміне ауысқалы тұрғындар үшін тиімсіз болып отырған жайы бар.

Бейбарыс ауыл әкімі Марат Сарсенғалиевтың кезекті есебін тыңдаған бейбарыстықтар, ауыл әкімінің жұмысына оң бағасын бере отырып, көкейде жүрген сұрақтарын жолдауды да ұмытпады. Бір топ тұрғын орталық құдықтағы су ағызғыш құрылғының жарамсыз болып қалғанын, суға төзімділік таныта алмай шіріп, түсіп қалудың аз-ақ алдында тұрғанын алға тартып, су ағызғыш құрылғыны жөндеу кімнің құзырына жататынын сұрады.

Бұл сауалға жауап берген аудандық тұрғын үй құрылысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Ершіков су беруші мекеменің міндеті суды құдыққа дейін жеткізіп беру екенін, әрі қарайғысы тұрғындардың өздерінің міндетіне жататынын айтты. Бірақ егер сол құдықтан су алатын 2-3 тұрғын бірігіп, керекті құрал-жабдықты сатып алып қойса, су беруші мекеменің мамандары қондырып беруден қашпайтынын түсіндірді.

Тұрғындар сонымен қатар ауылға балалар ойнайтын, спортпен айналысатын бір спорт кешені керек екенін, тым құрығында футбол ойнауға арналған газон салынса деген тілектерін білдірді. Пайдаланусыз тұрған ескі мектеп жөндеуден өткізіліп бір кәдеге жараса, ауыл ішілік жол мен жаяу жүргіншілер жолының құрылысы басталса деген ұсыныс та айтылды.

Бейбарыс ауылында орналасқан «Первомайский» ЖШС басшысы Аманжол Есқараев лимандық жерлерге су айдағаны үшін, ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бұрын төленіп келген субсидия өткен жылы төленбей қалуына байланысты, Қазсушар мекемесіне ірі көлемде қарыздар болып қалғанын айтып, аудан әкімінен бұл іске араласып, көмек қолын созуды өтінді.

Кәсіпкердің өтінішіне орай анықтама берген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаев ауыл шаруашылығы министрлігі 2019 жылы лимандық жерлер үшін субсидия төлемейтін болып қалғанын, оны шешу ауылшаруашылығы бөлімінің қолынан келмейтінін, бірақ 2020 жылдан бастап аталған субсидия қайтадан төленетінін мәлімдеді.

Ауыл тұрғындары ауылдық емханадағы жабылып қалған анализ орталығын, науқастар үшін аудан орталығына қатынау қиындық тудырып тұрғандықтан «қайтадан ашуға болмас па екен?» деген сауал қойды. Сонымен қатар ауылдан дәріхана ашу мәселесін де көтерді. Аудандық аурухананың бас дәрігері Алмагүл Бекесова аурухананың «Олимп» және «Invivo» анализ орталықтарымен келісім-шарт жасасып отырғанын, олардың ауруханының анализ орталығына қарағанда, қан талдауын жасау мүмкіндігі мол екенін айтты. Ауылдық емханалардағы процедуралық кабинет медбикесі аптасына екі рет тұрғындардан қан сараптамасын алып жоғарыда аталған анализ орталықтарына жіберіп тұратынын түсіндірді.

Ауылдағы Қазпошта жарты күндік жұмыс режиміне ауысқалы біраз болыпты. Бұл тұрғындар үшін тиімсіз болып отырған жайы бар. Тұрғындар сауалына орай жауап берген аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы Бейбарысқа кіріп келе жатқанда ескі мектепті қарап өткенін айта келе, ауыл әкіміне аудан әкімінің орынбасары З.Мұқашқа, және төтенше жағдайлар бөліміне көктемнен қалдырмай сатуға шығаруға немесе бұзып, орнын жаңа балабақшаға әзірлеуге, болмаса тұрғын үйге беру мәселесін шешуге тапсырма берді.

Ауыл ішілік жол мен жаяу жүргінші жолы және спорт кешені аудандық аумақтық даму бағдарламасына енгізіліп жатқанын, алдағы уақытта шешімін табатынын, ал газон салу мәселесін ішкі жоспарға енгізіп, демеушілер арқылы жүзеге асыру мүмкіншілігін қарастыратынын айтты. Қазпоштаның жұмыс күнін толық мерзімге ауыстыру туралы облыстық бөлімшеге ұсыныспен шығуға болатынын, «Первомайский» ЖШС-нің мәселесін облыс әкімінің назарына салатынын жеткізді. Аудандық аурухананың бас дәрігеріне аудан орталығындағы жеке меншік дәріханалармен келісіп, ауылдық жерлердегі медпукнттерден дәрілерін сатуды ұйымдастыруды тапсырды.

Б.Сүлейменқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521