Аудан халқы әкім жұмысына оң баға берді

Аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов тұрғындар алдында бір жылдық жұмысының есебін берді. Есеп беру кездесуіне облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты.

e

Көп балалы аналарға 36 пәтер берілді

Есепті жиында аудан басшысы өткен 2019 жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, үстіміздегі жылы жасалатын жұмыстарды атап көрсетті. Жалпы батыр Махамбет атындағы аудан үшін өткен жыл көптеген мәселелердің шешімін табуымен есте қалды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыды. Ауданның егіс алқабы, оның ішінде тауарлы егістік көлемі жылдан-жылға артып келеді. Егін шаруашылығында тамшылатып суару әдісі кеңінен қолданылады. Осындай әдіспен облыс бойынша егілген егіс көлемінің 54% Махамбет ауданының үлесінде. 8 жаңа кәсіпкерлік нысан іске қосылды, соның ішінде Жалғансай ауылдық округіндегі жолаушыларға арналған кемпинг, Есбол ауылдық округіндегі жанар-жағармай құю стансасы бар.

«Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында Махамбет ауылында "Абай Құнанбаев" және "Жайық шұғыласы" көшелерінің 3,4 шақырым ескі көше жарықтандыру желісі қайта жаңғыртылып, жаңа мөлтек аудандарына 119 шақырым газ желісі жүргізілді, 4,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бағыты бойынша ауданда бірқатар шаралар іске асырылды. 2019 жылы аудан орталығында жаңа 60 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазір тағы осындай 1 үйдің құрылысы жүргізілуде.

Күні бүгінге тағы бір 60 пәтерлік тұрғын үйге жоба жасақталып, сараптамадан өтсе, одан басқа 3 қабатты 36 пәтерлік 3 тұрғын үйдің жобасы жасақталуда. Жоба 2020 жылдың сәуір айында аяқталып, сараптамаға ұсынылатын болады. Ауылға келген мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету барысында 2 полиция қызметкері мен 3 дәрігер жаңа тұрғын үймен қамтылды. Жалпы аудан бойынша өткен жылы 36 көп балалы отбасына кезектілігіне сәйкес тұрғын үйдің кілттері табысталды.

Осындай тындырымды тірлік, жүйелі жұмысты жария еткен аудан басшысының жылдық жұмысына аудан тұрғындары лайықты баға беріп, өз алғыстарын білдіріп, Есбол-Қазыбай каналына су айдау жұмысы тездетіп шешілсе, Таңдай, Ақтоғай, Талдыкөл ауылдарының кірме жолдары жасалса, Таңдай, Сарайшық ауылына заманауи мәдениет үйі салынса, тегін дәрі-дәрмек уақытында берілсе, ардагерлер үйі салынса деген ұсыныс, тілектерін жеткізді.

n

Проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары

-Ең басты мәселе жеке тұрғын үй құрылысы алаңдарына инженерлік инфрақұрылым жүргізу, сол арқылы жер телімі кезегінде тұрған 5324 адамның өтінішін қанағаттандыру. Сараптамадан өтіп тұрған жобалардың құрылысына қажетті қаражатты қамтамасыз ету.

-Тұрғын үйі авариялық деп танылған елді мекендерде тұратын азаматтарға өз елді мекендерінен арнайы тұрғын үйлер салу.

-Махамбет, Сарытоғай, Ақтоғай, Бейбарыс, Талдыкөл, Таңдай, Алмалы, Береке ауылдарының ауылішілік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу.

- Су тазарту қондырғыларының құрылысы 2015 жылы аяқталып, пайдалануға берілгеннен бері оларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осыған орай 7 су тазарту қондырғыларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау.

-Аудан бойынша күрделі жөндеуді қажет ететін 5 каналдың жөндеу жұмыстарын бастау.

- Алға ауылының жағалауын бекіту. Аудандағы су тасқынына қарсы бөгеттердің ұзындығы 88,5 км. Олардың барлығы жөндеуді қажет етеді. Одан басқа 14,5 км бөгетті жаңадан тұрғызу қажет.

- Ақтоғай, Таңдай, Жалғансай, Талдыкөл, Есбол ауылдарында спорт алаңдарын салу.

- Жайық шұғыласының 50 жылдығы көшесі аудан орталығының негізгі кірме жолы болғандықтан автокөліктер көп жүреді. Жыл сайын жол-көлік оқиғасы орын алады. 2019 жылдың өзінде аталған көше қиылыстарында 4 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осыған орай екі көше қиылыстарына жол қауіпсіздігін алдын алу мақсатында бағдаршамдар орнату.

- Ауданда жұмыссыздық мәселесі өзектілердің бірі болып табылады. Жұмыссыздар есебінде тұрғандардың басым көпшілігі мамандықтары жоқтар және әйел адамдар. Осы мәселені шешу жолдарының бірі – ақылы қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру.

- Аудан бойынша балабақша кезегінде 765 бала бар. Осы мәселені шешу бағытында Алға, Таңдай, Бейбарыс, Сарайшық ауылдарына жаңа балабақша салу бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.

-Денсаулық сақтау саласындағы басты проблема – кадр тапшылығы. Өткен жылы дәрігерлер құрамы 7 маманмен толықтырылғанмен әлі де 8 дәрігер жетіспейді (окулист, лор, 4 ЖТД, дерматолог, невропатолог). Дәрігерлер тапшылығын азайту мақсатында Таңдай, Бейбарыс ауылдарынан тұрғын үй құрылысын бастау қажет.

Аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы осындай шешімін күтіп тұрған мәселелерді облыс басшынысың назарына ұсынып, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен қаражат қажет екенін қаперледі. Жалпы аудандық денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысына, кадрлардың жетіспеушілігіне, басшы қызметкерлердің тұрақталмауына, дәрігерлік қызмет көрсету сапасына, дәрі-дәрмектердің тапшылығына қатысты тұрғындардың орынды реніштері туындап отырғанын алға тартып, осы мәселелерге облыстық денсаулық сақтау басқармасы көңіл бөлсе деген ұсынысын білдірді.

Есеп беру жиынын қорытындылаған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов аймақтың соңғы жылдардағы даму үдерісін саралады. Аудан басшысына Махамбет ауданының Атырау облысының азық-түлік белдеуі екенін ескеріп, жергілікті шаруа қожалықтарын озық технологиялармен қамтамасыз ету арқылы егістікті ұлғайтып, мал басын көбейтуді тапсырды. 2004-2014 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы жерлерін алғандар арасында өзге мақсатқа пайдаланушылар анықталғанын, алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол берілмеуі қажеттігін ескертті.

Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесімен айналысуды облыстық жұмыспен қамту басқармасына міндеттеді. Облыстық білім беру басқармасына аудандағы маман тапшылығын шұғыл шешуді жүктеді. Атырау қаласымен Махамбет ауданы әкімдеріне Алмалы ауылын Атырау қаласына қосу мәселесін наурыз айына дейін шешуді тапсырды.

Аудан әкімінің жұмысына оң баға берген облыс басшысы Махамбет Жолдасқалиұлы тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарды мүмкіндігіне қарай шешуге жұмыстанатынын жеткізді.

Баян СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521