«АРА» ШЕБЕРХАНАСЫ АШЫЛДЫ

Қазақ халқының ағаш өңдеу өнері ғасырлар бойы дамып келе жатқан халық мәдениетінің айнасы. Ол талай кезеңнен өтіп, түрленіп, жаңарып, атадан балаға мұра ретінде жалғасып келеді.

sheberhana1

Осы ұлттық өнердің дамуына өзіндік үлесін қосып, жақында аудан орталығынан «АРА» шеберханасын ашып, жас балғындарға білгенін үйретіп жүрген жергілікті шебер Орынғали Сариевпен сұхбаттасудың сәті түсті. Кейіпкермен тілдесу барысында оның атасы да ұсталықпен айналысқанын, қолөнерге бала кезінен ынта қойғанын аңғардық.

-Шеберхана ашу туралы ой қайдан туды?

- Негізгі мамандығым - құрылысшы. Бірақ ол салада жұмыс жасамадым. Дизайнер болып қызмет еттім, үйге қажетті түрлі жабдықтар, бесік, жер үстел жасап жүрдім. Ағашпен жұмыс істеу қасиеті атам Сейіт Сариевтен дарыған. Көзін көргендер, атамның керемет шебер болғандығын айтады. Есейе келе өзім де ағашты кесіп-жонып, күйдіріп, небір туындылар жасауға кірістім. Қазіргі жастардың бос уақыты интернетке, телефонға телмірумен өтіп жүргенін көріп, ең болмағанда еңбекке үйренсін деген мақсатта осы шеберхананы ашуға бел будым.

-Шеберханаңыздың атауы ерекше екен...

-Иә, бұлай қоюымның да себебі бар. Өзіңіз білесіз, ара жәндігі өте еңбексүйгіш. Гүлден-гүлге қонып, тозаңын жинап, тыным көрмейді. Осы шеберханаға келген кез келген жас та тынымсыз еңбек ету үшін келеді. Сондықтан «АРА» деп қойдым.

sheberhana3

-Курсқа қатысудың бағасы қанша?

-Курстың бағасы айына 10 мың теңге. Қатысушылар сенбі,-жексенбі күндері келіп, өздерінің қиялындағы дүниені ағаштан оп-оңай жасап алуға мүмкіндігі бар. Бұл жерде тек ниет болса жеткілікті, басқасын өзім үйретемін.

a

-Қызығушылық танытатындар бар ма?

-Жаңадан ашылғаннан кейін келушілер саны көп деп айта алмаймын. Бірақ қызығушылық танытушылар бар. Негізі 7 мен 14 жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз. Бұдан бөлек әр жұма сайын өтетін әйел адамдарға арналған шеберлік сағаттарына да келетіндер бар. -Еңбегіңізге деген халықтың көзқарасы қалай? -Жалпы керекті ағаштарды осы ауылдың ағаш сатушыларынан аламын. Ал, жақсы дүние жасау үшін сапалы ағаш керек екені белгілі. Олардың облыс орталығынан сатып алуға тура келеді. Бағасы 200-300 мыңның арасында, қалтаға соғатыны белгілі. Сондықтан өзім де туындымды жоғары бағалаймын. Бірақ халық түсінбейді. Арзанға алғысы келеді. Еңбекті бағаласа дұрыс болар еді.

a

-Құрал-жабдықтар жеткілікті ме?

-Қажетті құрал-жабдықтың бәрін несиеге алып отырмын. Оның өзі жеткіліксіз болып тұр. Екі-ақ станок бар, оның бірін балаларға үйретуге алсам, екіншісі үлкендерге арналған. Құрал-жабдықтың жеткіліксіздігі ауқымды шеберлік сағаттарын өткізуге қолбайлау болып отыр.

s

-Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз

-Жоспар көп. Экологиялық таза ағаштан жиһаз жасау ойда бар. Ландшафты дизайнмен де айналысып, орталық көшелерге арт-объектілер салғым келеді. Егер үкімет тарапынан қолдау болып, арзан пайызбен болса да несие берсе, шеберханамды кеңейтуге әзірмін. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының аудандағы филиалының мамандарымен сөйлестім, олар «Жарқыра» жобасына қатысып көр деп отыр. Талпынып көрмекпін, жалпы кез келген шебер үздіксіз ізденіс үстінде болу керек деп есептеймін.

- Әңгімеңізге рахмет! Алдағы жоспарларыңыз орындалып, еңбегіңіз жана берсін.

190220ara

Нұрсұлу Сауытбаева, ата-ана:

«Бұл шеберхананың ашылғаны жақсы болды. Балаларымыздың телефон мен теледидарға телміргенінен осы жерге келіп, еңбектенгені жақсы. Қалай балға ұстау, шеге қағуды да үйреніп шығады. Қазірдің өзінде өздеріне керекті заттарды да жасап алып жүр. Ата-аналарға да баласымен бірге қатысуға болады екен. Өзімнің де қатысқым келеді. Әйел адамдар өздеріне қажетті заттарды жасап, талғамына қарай сырлап алуға болады. Ашылғанына өте қуаныштымыз. Шеберхананың жұмысының әрі қарай дамуын тілейміз»

Алмас Хамидуллин, «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының маман-консультанты:

«Жарқыра» жобасының мақсаты - қоғамның әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелеріне тұрақты кәсіпкерлік шешімдерді ұсынуға бағытталған инновациялық әлеуметтік бастамаларға серпін беру. Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге 1,5 млн-нан 3 млн теңгеге дейін қаржы бөлінеді. «Жарқыра» бағдарламасына қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Әрі оны үйрену талаптары қарапайым. Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Бірінші - әлеуметтік идеяларды іріктеу кезеңі, екінші кезең - қатысушыларды таныстыру, семинар мен дәрістер оқу. Сондай-ақ тағылымдамадан өтіп, кеңес беріліп, бизнес-жобаларын қорғау. Яғни, әлеуметтік идеяны бизнес жоспарға дейін жеткізу барысын қамтиды»

Ағидолла Абдрахим, О.Шонаев атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы:

«Шеберханаға ашылғаннан бері келіп жүрмін. Бұл жерден бұрын білмейтін нәрселерді үйрендім, мысалы станокта ағаш кесу, тесу. Өзіме ұнайды. Сонымен қатар достарымды да шақырамын»

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521