Алтын асық қалмасын айдалада

«Алтын балық» бөбекжайына кірген адам алғашында жан-жағына таңырқай қарап, тамсанып қалады. Бейне бір асықтан жасалған сарайдың ішінде жүргендей сезімде болады. Самсап тұрған асықтан жасалған бұйымдар, дидактикалық құралдар, түрлі-түске боялған ойын құралдары көздің жауын алады. Тіпті әр кабинеттің есігіне дейін асықтан жасалған бойтұмарлар ілініп тұрады. Бұл бөбекжайдың басқалардан ерекшелігі де осында. Бөбекжай меңгерушісі Тойған Қалимқызының ендігі арманы балабақша ауласына үлкен асықтың ескерткішін орнату көрінеді.

- Менің асыққа деген махаббатымның оянуына әкемнің тигізген ықпалы өте зор. Бала күнімізде әкем жинаған асықтарды таласып-тармасып ойнайтынбыз. Үлкейіп, өмірдің қазанында қайнаған шағымда да асық жинауды әдетке айналдырдым. Бөбежайда балалармен ұйымдастырылған оқу қызметінде ойын әдісі маңызды рөл атқарады. Осы орайда бала кезімде ойнаған асықты неге балабақшада қолданбасқа деген ой туындады. Осы ойымды жүзеге асыру үшін жан-жақты көп ізденіп, асық туралы мәліметтер жинақтадым. Әкемнің қолымен тазаланып, жиналған 200 асық осы жұмысымның бастамасы болды. Бұл бастаған игі ісіме балабақша ұжымы мен ата-аналар да қолдау көрсетті. Жиналған асықтарды 1 сағаттан астам кальций қосылған ас содасымен қайнатып, кедір-бұдырларын тегістеп тазалап, лактеп, әртүрлі ойынның түріне қарай бояп дайындадық, – деп бізбен әңгімесін жалғастырған Тойған Қалимқызы асықтың бала тәрбиесіндегі, дүниетанымындағы рөлін де егжей-тегжейлі айтып берді.

Тойған Қалимқызының басшылығымен бөбекжайда балалар үшін әртүрлі дидактикалық ойын құралдары жасалған. «Таным» саласы бойынша жасалған «Сиқырлы асықтар» ойыны балаларды санап, түстерді ажырата білуге үйрету арқылы саусақ моторикасын дамытады. «Мен қандай түспін?» ойынында балалар пішіндердің атауларын түстерімен атап береді. «Сағат» ойыны сағат тілінің бағытын білуге, уақытты бағдарлап, күн тәртібін сақтай білуге үйретсе, «Тура және кері санау» ойынында балалар асықтың сыртындағы сандарды тура және кері орналастырады. «Коммуникация» саласы бойынша «Әріптер сыры» ойынында 15 дауысты дыбыс қызыл текшемен, 27 дауыссыз дыбыс көк текшемен асықтың үстіне таңбаланады. Ал «Шығармашылық» саласы бойынша балабақшада асықты ұрмалы аспап ретінде де пайдаланады. Мәселен, өте ертеден келе жатқан жетіген ұлттық музыка аспабы ағаштан жасалып, тиектеріне асықтар қойылған. «Денсаулық» саласы бойынша ағзаның дұрыс жұмыс жасауына жауап беретін табан және алақан нүктелеріне арналған «Массажды қолғап және кілемшелер» де асықтан жасалған.

Б.Сүйеуова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521