Әкім қабылдауында баспана мәселесі көп қозғалды

Шешілмейтін мәселе жоқ.

Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі қабылдауына жазылғандарды қабылдады.

Алмалы ауылының тұрғыны Қ.Изимова «ҚР Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы» 2013 жылғы 2 шілдедегі №673 қаулысына сай берілген үйін жеңілдікпен өз атағына аударуды сұрайды. Бас маман Р.Аренова алдағы уақытта тұрғын үйін қалдық сомасымен жекешелендіре алатынын, құнын он жылға бөліп төлей алатыны шартта көзделетінін мәлімдеді.

Сарытоғай ауылынан келген зейнеткер, ІІІ топ мүгедегі А.Ердаулетова ұлы Қамбар өмірден озып, келіні Арайлым Өтегенова екі ұлымен қалғанын айтып, сол немерелерін тұрғын үймен қамтуға көмек сұрады. Аудан басшысы тұрғын үй кезегінде толық емес отбасы санатымен №335 болып тіркелген А.Өтегеноваға тұрғын үй заңға сәйкес кезекпен берілетінін еске салды.

Көпбалалы жалғызбасты ана Г.Аймағамбетова алты баласы барын, бір баласы мүгедек екенін, өзінің жұмыста жоқтығын, балаларымен пәтер жалдап келе жатқанын айтып, үй берілсе деген тілегін жеткізді. Раушан Маратқызы басында тұрғын үй кезегіне күйеуі тұрғанын, кейін отбасы ажырасқан соң Г.Аймағамбетова тұрғын үй кезегіне 2017 жылдың 6 наурыздағы өтініші бойынша мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасы санатымен №146 болып тіркелгенін хабарлады. Қабылдауға жазылған зейнеткер Г.Каринаның жағдайы да осы тектес.

Кәсіпкер Ж.Уразгалиева болса жер мәселесі бойынша келгенін және оның мерзімін ұзартуды сұрады. Аудан басшысы кәсіпкерге жерді қандай мақсатқа алынғанын, егер жайылымға болса, оның белгіленген нормативі барын қаперлеп, бұл мәселені зерделейтінін ескертті.

Ақтоғай ауылының тұрғыны Г.Сатыбалдиева 1990 жылы туған ұлы Айбар әскери бөлімде келісімшартпен жұмыс істеп жүріп, 2017 жылдың қаңтарында төбеден құлап, ІІ топ мүгедегі деп танылғанын баяндады. айтып, Алайда неге екені белгісіз ұлы мертіккен әскери бөлімнен еш көмек алмағанына қынжылыс білдірді. Құзырлы органдарға хат жазуға көмектесуді сұрады. Баласы үйде қарап отырғанша, жұмыссыздыққа тіркеліп, жұмыс істегісі келетінін, үй кезегіне тіркеліп, аудан орталығынан үй алса деген ойы барын да жасырмады. Жалпы А.Қанатов тұрғын үй кезегіне І-ІІ топ мүгедектері санатымен 2019 жжылы 20 маусымда №326 болып тіркеліпті.

Сарытоғай ауылының тұрғыны, зейнеткер К.Темірғалиева салынып жатқан Сарытоғай мәдениет үйінің құрылысы тоқтап тұрғандықтан әлдекімдер заттарын қолды қылып, әкетіп жатқанын, сонымен қатар таңмен мектепке шыққан балаларға ит шабатынын, әсіресе, ауылда тайыншадай алабай иттер көптігін айтты. Аудан әкімінің орынбасары З.Мұқаш бүгінде бұралқы иттердің көзін жойып жатқандарын, күні бүгінге 700-дей ит атылғанын айтып, мұндай жағдайда жергілікті әкімдікке хабар беруді сұрады. Әкім қабылдауына 10 адам жазылғанымен, 5 адам өз мәселесін қозғап, сала мамандарынан нақты жауабын білді.

Иә, шешілмейтін мәселе жоқ.

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521