Қайырымдылық алаңында-аудан спортшылары

Жыл сайын қаншама мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілсе де, мұқтаж жандарды қолжетімді баспанамен қамту мәселесі әлі күнге дейін өткір күйінде қалып келеді.

Бірақ «заманына қарай амалы» дегендей, соңғы кезде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезінген қалталы ағайындар, үкіметтік емес ұйымдар қайырымдылық жұмыстарымен айналысуда. Солардың бірі «Мың теңгеге баспана» деген бастамамен 2017 жылдың қазан айында құрылған «Харекет» қайырымдылық қорының жұмысы бұқаралық сипат алып келеді.

Барша қазақстандықтардан ерікті түрде мың теңгеден жинап, түскен қаржыға жетім-жесір, мүгедек, сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған осал топтарға баспана алып берумен шұғылданып келе жатқан аталмыш қор алғашқы жыл жарым уақыт ішінде жинақталған қаржыға 125 үй сатып алып, мұқтаж жандарға табыстаған.

Қорды құрушы, идея авторы Гүлмира Мұқанқызының айтуынша, жарнама жағынан өнер қырандары театры көмектесіп, тегін концерттер ұйымдастырған. Бұл күнде қайырымдылық қорының жұмысын қолдаған еріктілер қатары көбейіп, игілікті іске ұйтқы болуда. Мұндай ізгі істен тыс қалмаған Заленов Нұржігіт пен Қабдыкаримов Руслан бастаған махамбеттік еріктілер футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырды. Қайырымдылық қорына қаржылай үлес қосу мақсатындағы футбол турнирінің шарты бойынша сайысқа қатысушы әрбір команда белгіленген мөлшерде ортақ қорға қаржы құяды.

Ерікті түрде осындай талап үдесінен шыққан он үш команда көк байрағымызға жанар тіктеп, Әнұранды әуелете шырқап, сапқа тұрды. Аудандық спорт және туризм бөлімінің басшысы Ержан Андашев пен аудан орталығындағы Исатай-Махамбет мешітінің бас имамы Ержан Иманғалиев сөз сөйлеп, футбол турниріне қатысушыларға жүрекжарды тілектерін арнады. Жарыс шарты бойынша төрт топқа бөлініп, алаңда атой салған сайыпқыран футболшылар намысқа тырысып бақты. Бірі-бірімен жолдастық кездесу өткізіп, мықтыларға жол берген командалар арасынан суырылып алға шыққан төрт команда ақтық шешуші ойынға жолдама алды.

Олар : Махамбет жастары, Махамбет сити, Бейбарыс және мешіт намазхандарынан құралған Жамағат командасы. Махамбеттік қос команда үшінші орынға таласып, тартысты ойында Махамбет сити қарсыластарынан айласын асырып кетті.

Ал, финалдық ойында «Бейбарыс» пен «Жамағат» командасы кездесіп, ұпай айырмасымен бейбарыстықтар жеңіс тұғырына көтеріліп, қайырымдылық футболының арнайы кубогін жеңіп алды. Жарысты ұйымдастырушылар тарапынан жүлделі командаларға арнайы дипломдар мен медальдар табысталды. Жарыс төрешілерінің шешімімен «Жамағат» командасы сапында жанын сала ойнаған футболшы Әділет Идрисов «Үздік ойыншы» деп танылса, «Үздік қақпашы» атағына бейбарыстық Серікбай Шағаев ие болды. Оларға жарыс демеушілері атынан қаржылай сыйлық ұсынылды, бірақ мәрт жігіттер байрақтарынан ерікті түрде бас тартып, қаржыны «Харекет» қорына қалдырды.

Қайырымдылық шарасына ауылдық округ командаларынан басқа Махамбет ауылындағы Шоқпаров көшесінен, құрылысшылар мөлтек ауданынан, аудандық ішкі істер бөлімі мен күзет қызметкерлерінен құрылған командалардың қатысуы аудандағы спорттың бұқаралық сипат алып келе жатқандығын байқатады. Саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, игілікті іске үлес қосу мақсатындағы мұндай қайырымдылық шаралары алға қарай да жалғасын табады деген сенімдеміз.

Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521