Махамбет селосы, Абай көшесі 10. +7 (71236) 2-11-34 zhayk-shugylasy@mail.ru

Сарайшыкка әлем көз тігеді тек оған қаржылай қолдау қажет

Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында бұған дейін бұрмаланып келген төл тарихымызға терең бойлап, тарихи ескерткіштерімізді түпкілікті зерттеп, бір кездері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жәдігерлерімізді елге қайтарып, жас ұрпаққа ұлттық құндылығымызды түгендеп тапсыруды міндеттеді.

Содан бері елімізде бұл бағытта маңызды да ауқымды жұмыстар басталып кетті. Соның бірі облыс басшысы Н.Ноғаевтың қолдауымен ортағасырлық Сарайшық қаласын сақтап қалу мақсатында биіктігі 3 метр, ұзындығы 1500 метрлік қорғаныс бөгетінің салынуы болды.

Кешенді қазба жұмыстары жүргізіледі

Бұған қоса жуырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №162 қаулысымен Сарайшық қорығына республикалық мәртебе берілді. Музей-қорықтың директоры Әбілсейіт Қапизұлының айтуынша, содан бері біршама маңызды жұмыстар жасалыпты. Алайда атқарылуға тиісті ауқымды жұмыстар мен жан бітіруді күтіп тұрған жобалар жетіп артылатын көрінеді.

- 1999 жылы ел жанашыры Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасымен осы мемориалды кешен бой көтеріп, хандар пантеоны салынған болатын. 12 әулие, 7 ханның сүйегі, 1 ханның басы жерленген қасиетті мекен содан бері туристер келіп тамашалайтын тарихи-мәдени орынға айналды. Өзім осы жерге басшы болып келгеннен кейін бірнеше тарихшы мамандарды қызметке алып, музей-қорықтың жұмысын жандандыру бағытындағы жұмыстарды бастап кеттік. Атап айтқанда Жайықтың жағасында күні кешеге дейін шашылып жатқан адам сүйектерін жинап, қайта жерлеу жұмыстарын жүргіздік.

«Сарайшық – Қазақ Елінің астанасы» атты үш сериялы брошюралар дайындадық. Оның бірінші сериясында Сарайшықтың тарихы қысқаша келтірілген. Екінші сериясы Қасым ханға арналған. Үшінші серия- сына күні бүгінге дейін ақындардың Сарайшыққа арнап шығарған өлеңдері топтастырылған. Сарайшыққа байланысты жобаларды қолға алу мақсатында облыс әкімдігіне, Жылыой, Махамбет, Индер аудандарының әкімдіктеріне ұсыныстар жібердік. Ең үлкен жұмысымыздың бірі археологиялық қазба жұмыстары мен табылған жәдігерлерді реставрациялау жұмыстарына лицензия алдық. Оны алу үшін Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Сарыарқа ғылыми институты, ҚР ұлттық музейімен байланысып жұмыс жасадық. Алдағы уақытта Сарайшық энциклопедиясын шығармақ ойымыз бар. Мемлекеттік деңгейдегі ғылыми жобаларға, конкурстарға қатысу үшін мекемені ғылыми субьект ретінде аккредитациядан өткізу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Тағы бір жаңалығымыз Сарайшық виртуалды музей жобасы аясында Атырау мемлекеттік университеті, бағдарламалық инженерия кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Жанна Дүйсенбайқызының қолдауымен еуропалық нұсқадағы музей қорықтың сайты жасақталуда. Бұл сайт арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар Сарайшық туралы мағлұмат ала алады. Шетелдік ғалымдарды онлайн жүйе арқылы ғылыми кеңесіміздің отырыстарына қатыстыра аламыз. Сарайшықты әлем көз тігетін мәдени орынға айналдыру үшін жасап жатқан жобаларымыз жетерлік. Алайда оның бәрі жүзеге асу үшін қаржылай қолдау көрсетілуі керек. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігіне, облыстық әкімшілікке үш үлкен жобамызды ұсынып хат жолдадық. Оның біріншісі, Сарайшыққа қатысты архивтік құжаттарды жинау. Бұл жобамыз өтер болса, бізден екі маман Мәскеу қаласына аттанады. Екінші жобамыз шетке кеткен жәдігерлерімізді кері қайтару мақсатында экспедиция жасақтап, мамандарымызды Батыс Қазақстан арқылы Саратов, Санк-Петербург, Мәскеу, Астрахан қалаларына жіберу. Жоспар бойынша осы қалалардағы музейлердің басшылығымен байланыс орнатылады. Үшінші жобамыз – Ақтаудың ұлу тастарын пайдаланып, ескерткіштер паркін жасақтау.

Бізге Қамқоршылар кеңесін құру да ауадай қажет. Қамқоршылар кеңесі құрылып, оған шетелдік кәсіпкерлер тартылатын болса, өзіміздің бизнес өкілдері қолдаса, Сарайшық сөзсіз гүлденеді. Оның төрағасы облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы болмақ.

Бұған қоса археологиялық қазба жұмыстарын кешенді түрде жүргізу, оның ішінде 2019-2025 жылдар үшін әр жылға 40 миллионнан қаржы бөлу мәселесін көтердік. Осы жобалар үшін қаржы бөлінер болса, Сарайшық қаласы тамаша мәдени туристік орталыққа айналары анық,–дейді Әбілсейіт Қапизұлы бізбен әңгімесінде.

Ғылыми кеңестің құрамы бекітілді

Музей-қорықтың бөлім басшысы Фархат Байдәулетовтің айтуынша, «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» Ғылыми Кеңесінің құрамы бекітіліп, құрамына 4 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, облыстық мемлекеттік мекемелер басшылары енгізілді, 2019 жылға арналған жылдық жұмыс жоспары жасақталыпты. Ғылыми кеңестің отырысын екі айда бір рет өткізу жоспарланып отырған көрінеді.

–  Қаңтар айының басында ғылыми кеңестің алғашқы отырысын өткіздік. Биылғы жасалатын жұмыстарды, атап айтқанда ғылыми-зерттеу жұмыстары, көрмелер ұйымдастыру, буклет, альбом, монография әзірлеу, бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, дөңгелек үстелдер, кездесулер, лекциялар өткізу мәселелерін ортаға салдық. Ғылыми кеңестің мүшелері тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Мұстафин «Сарайшық қаласының тарихы мен тағдыры» атты еңбегін, «Ортағасырлық Сарайшық» атты ағылшын тілінде жазылған шағын брошюрасын музейге табыс етті. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қ.Сүндетұлы 1960 жылдардан бері қарайғы басылым беттерінде жарияланған Сарайшық туралы жазылған мақалаларды жинақтап тапсыруға уәде берді. Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мекеменің басшысы М.Кипиев Әлкей Марғұланның 1950 жылдары түсірілген 4 фотосын, т.б құнды деректерді сыйға тартты. Ғылыми кеңестің келесі отырысын қалалық деңгейде өткізу ойымызда бар, – дейді Фархат Байдәулетов.Н

Орын ҚАЛИҚЫЗЫ, музей-қорық директорының орынбасары:

- Музей-қорықтың халыққа қызмет көрсету аясын кеңейту мақсатында ауладан шеберханалардың макетін жасап, танымдық сабақтар ұйымдастыруды ойға алып отырмыз. Соның бірі – өрмек тоқу өнері. Ауылымыздағы Мәкөн апа жастарға білгенін үйретуге дайын.Сондай-ақ Сағыз ауылында Жайлау Талас есімді сазсырнай жасайтын жігіт бар. Сол жігіт біздің музейге келіп, мастер класс өткізе отырып, сувенирлік бұйымдарын сатуға қойғысы келеді. Ол сонымен қатар адам көп жиналған күндері қобызшы, сазсырнайшы өнерпаздарды шақырып, келген көрерменге дайындалған бұйымнан қандай дыбыстар шығатынын көрсетіп, ұлттық бұйымдардың әсерін жоғарылатуды ұсынып отыр. Бұдан басқа жаз мезгілінде келушілердің демалысын қамтамасыз ету мақсатында көгалдандыру жүргізіп, киіз үйлер тігуді ойластырып жатырмыз. Бұны іске асырсақ, келушілердің саны көбейері анық.

Жанар ДИАРОВА, бас қор сақтаушы:

-  Фейсбук әлеуметтік желісінде «Хан ордалы Сарайшық» деген парақшамыз бар. Осы әлеуметтік желі арқылы «Музейге сый тарту» акциясын тұрақты өткізіп келеміз. Осы акция аясында ауыл тұрғыны Замза Хайрошова апай енесінің терме алашасы мен қылышын сыйға тартты. Сарайшықты зерттеген ғалымдардың жеке қорларын ұйымдастыруды мақсат етіп отырмыз. Қазіргі уақытта жалпы мекеменің қорында 3827 жәдігер бар деп есептелінеді. Оларды толықтыру басты міндетіміз. 2019 жылы өзге облыстарға, тіпті шетелге көрме апаруды жоспарлаудамыз. Мәселен, Дағыстан Республикасындағы Ноғай ауданымен келісіп жатырмыз.

ТҮЙІН

Сарайшық –бүкіл Қазақ елінің бетке ұстар тарихи қазынасы. Еліміздің түкпір-түкпірінен де, алыс-жақын шетелдерден де келген азаматтар, осы қасиетті жерді көзімен көріп, тарихына қанығуды жөн көреді. Алайда атағы шартарапқа жайылып үлгерген «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығы келушілерге толыққанды қызмет көрсетуге дайын ба? Өкінішке орай, музей-қорықтың материалдық жағдайы осыдан 20 жыл бұрынғы қалпында тұрғаны ащы да болса шындық. Ішінің тарлығы, тоқ жүйелерінің ескіріп, ауыстыруды талап етіп тұрғаны өз алдына бөлек әңгіме. Ең бастысы, биотуалет мәселесі де шешімін таппай отырған жайы бар. Жергілікті әкімшілік, туған жерге туын тігуді жөн көретін қалталы азаматтар осы бағытта бізге қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді» дейді Әбілсейіт Қапизұлы. Сарайшыққа сапарымыз барысында тағы бір байқағанымыз, Жайықтың жағасындағы көне қаланы жауын-шашыннан қорғау үшін салынған қалқаның, қатты желге шыдай алмай құлап жатқаны болды. Ал, бұл да өз кезегінде өткен жылы миллиондаған қаржы бөлінген реставрация жұмыстарының бірі болып саналады.

Баян СҮЙЕУОВА.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?