Смотрите кино онлайн бесплатно
http://kinofank.ru

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы бүгінгі күні ел өміріндегі басты жаңалық.

Бұл – Қазақстан халқының тұрмысын одан әрі жақсартудың таяу арадағы даму басымдылықтарын айқындайтын, болашаққа бағдар беретін айрықша маңыздағы құжат. Елбасы алға қойған тапсырмаларды орындау үшін Махамбет ауданында қандай жұмыстар атқарылып жатыр, қандай міндеттерді жүзеге асыруымыз қажет? Осы мәселелер «Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен тұрғындар жиынының негізгі арқауына айналды. Баяндама жасаған аудан әкімі Ж.Ахметов Елбасы Жолдауының әр тармағы бойынша атқарылатын жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.

Аудан басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінде, атап айтқанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік салалары бойынша өсім бар. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 млрд. 914 млн. теңгеге жетіп, негізгі капиталға салынған инвестиция 6,2 млрд. теңгені құраған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде және атқарушы биліктің жергілікті кәсіпкерлерді жан-жақты қолдауының арқасында жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бүгінде аудан халқын жұмыспен қамту деңгейі 62 пайызды құрап отыр. Ал, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95% жетті.

І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ

Бірінші. Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Бұл тағы да көп жобаларды жүзеге асыруға, сол арқылы кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Аталған бағдарлама іске асқаннан бері ауданда 31 кәсіпкер 2 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Қазіргі таңда кәсіпкерлік салада тіркелген 1874 субъектінің 83% (1560-ы) - белсенді субъектілер. Өткен жылмен салыстырғанда белсенді субъектілер саны 2,6% өсті. Осы салада 2625 адам еңбек етеді, бұл аудандағы экономикалық белсенді халықтың 16%.

Бесінші. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек.

Аталған тапсырманың негізгі міндеті - еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға 2,5 есе көбейту болып табылады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 10 млрд. 500 млн. теңгеге дейін өсті. Ауданның 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында 2022 жылға қарай оның көлемін 12 млрд. 500 млн. теңгеге ұлғайту жоспарланған. Агроөнеркәсіп кешені саласына тартылған инвестиция көлемі 864 млн. теңгені құрады.

Сондай-ақ, Жолдауда көрсетілгендей Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тарту бағытында өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласына жаңа технологияларды және цифрландыруды пайдалану қажет. Аудан бойынша күні бүгін 3661 гектар егістік алқаптары электрондық картаға енгізілді.

Жайылымдық алқаптардың электрондық карталарын қалыптастыру бағытында 9729 гектар жерлер электрондық карталарына енгізіліп, жұмыстар белгіленген жоспарға сәйкес атқарылуда. Ауданда 3 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Оның ішінде индустриалдық бағдарлама негізінде қолға алынған екі мың басқа жуық асыл тұқымды голштинфриз сиыры бар «Бірінші мамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі заман талабына сай тәулігіне 10 тонна өнім өңдеп, бүкіл облысты сүт тауарларымен қамтуда. Сол секілді асыл тұқымды ешкі өсіретін «Сарайшық» шаруашылығында тәулігіне 2 тонна ешкі сүті өңделеді. Жұмыртқа бағытындағы «Алмалы құс» серіктестігі де жылына 100 млн. дана жұмыртқа өндіріп, облыс халқын сапалы азық-түлікпен қамтуда айрықша үлес қосып отыр. Осы шаруашылықтарға жұмыртқа, сүт, шұбат, қымыз, ешкі сүті өндірісі шығындарын өтеуге облыстық бюджеттен 295,2 млн. теңге көлемінде субсидия төленді.

Жолдаудағы басым міндеттердің бірі – ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру мақсатында биыл «Бастау» бизнес жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде оқытуға 155 адам жоспарланып, 100 адам «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы оқытылды. Оның 15-і 126,0 млн. теңге несие алды.

ІІ. ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің Жолдауында «Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты» деп атап көрсетті. Бұл бағытта ауданда көптеген жобалар іске асуда. Жалғансай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Береке ауылында 250 орындық орта мектеп, Алмалы, Талдыкөл ауылдарында әрқайсысы 160 орындық 2 балабақша, Ақтоғай, Береке ауылдарынан 200 орындық мәдениет үйі қолданысқа берілді.

Аудан тұрғындары мен қонақтардың демалуына жағдай жасау, елді мекендерде қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыру мақсатында Сарайшық ауылындағы 1,5 шақырымнан асатын жағалау бекітілсе, Алмалы, Махамбет ауылдарының тұсынан Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама жасақталды.

Бірінші. 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10%-ына дейін жеткізу қажет. Ауданның білім беру саласын дамытуға жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Биыл да бұл саланы дамытуға 826 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражат білім сапасының артуына жұмсалуы қажет.

Екінші. Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек. Ауданда 25 (18 балабақша, 7 шағын орталық) мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 2000 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Қазіргі таңда 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ды құрайды.

Үшінші. Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн. Ауданда апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Аудан мектептеріндегі 1,2,3,5,6,7,8 сыныптар Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі негізінде жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша білім алуда. Орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде 2016-2018 жылдар аралығында 512 мұғалім біліктілігін арттырды. Педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесіне сәйкес Ұлттық біліктілік тестілеуден өткен 172 мұғалім 30-50 пайызға дейін еңбекақыларына үстеме алса, жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беретін 696 мұғалім 30 пайыздық үстеме алуда. Бұл шаралардың бәрі мұғалімдерді материалдық жағынан қолдау, педагогтардың мәртебесін көтеруге бағытталған деп бағалауға болады.

Жетінші. Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет. Аудан халқының 23,7%-ы немесе 8120 адам дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Спорт мектебі мен спорт клубында 1377 балалар мен жасөспірімдер спортпен шұғылданады. Осы жылы аудан орталығындағы спорт мектебі қайта жаңғыртудан өтсе, Ақжайық ауылынан спорт кешенінің құрылысы аяқтала келді.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.