Смотрите кино онлайн бесплатно
http://kinofank.ru

Облыстық құрылыс басқармасының бастығы Мәлік Хайдарұлы Аманов бастаған облыстық ақпараттық-насихаттық топ Махамбет ауданында болып, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деген тақырыптағы дәстүрлі Жолдауын тереңірек талдап түсіндіру мақсатында аудан активімен жиын өткізді.

 

Ол өз баяндамасында Елбасы Жолдауына байланысты облыста атқарылатын жұмыстар мен жүзеге асатын жобалар жөнінде тарқатып айтты. Елбасы тапсырмасы бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен басталған жұмыстар 2025 жылға дейін жалғасатынына тоқталып, осыған байланысты биылдың өзінде 5,4 млрд. теңгеге бағаланған 95 жоба субсидияланып, нәтижесінде 185 жаңа жұмыс орны ашылатынын жеткізді. Сонымен қатар, кепілдендіру түріндегі мемлекеттік қолдау бойынша 73 жоба кепілдендіріліп, мемлекеттік гранттар ұсыну бойынша 14 жоба мақұлданған. Алдағы жылды жастарға арнау жөніндегі Елбасы тапсырмасына орай, Жайық өзені жағалауын абаттандыруды одан әрі жалғастырып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғимаратына дейінгі аралықта жастар саябағы салынатын көрінеді.

Адамдардың түрмыс сапасын жақсарту мақсатында облыс аумағындағы апатты жағдайдағы бес мектептің мәселесін шешу бойынша атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырып өтті. Болашақта қала бұқар жақ бетте қанат жаятын болғандықтан алдын ала инфрақұрылымдарын дайындау үшін Талғайраң ауылына қарай құрылыс нысандарын салу үшін 1400 га жер телімі бөлінгендігінен де хабардар болдық. Махамбет ауданы «Шұғыла» мөлтек ауданында салынатын 600 орындық жаңа мектеп құрылысының қажетті жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Болашақта отандық туризмді дамыту мақсатында Сарайшық тарихи орталығының құрылысы да басталатынын айтып өтті. Халықты қолжетімді баспанамен қамтуды көздеген "7-20-25" бағдарламасының облыста орындалысы туралы қойылған сұраққа байланысты толыққанды жауап берген Мәлік Хайдарұлы бұл бағдарламаны қаржыландырумен екінші деңгейлі сегіз банк айналысып жатқандығын, қажет болса, осы жұмыстарды қалай жүйелі жүргізу жөнінде түсінік беру үшін арнайы мамандарды ауданға жіберу мүмкіндігін қарастыратынын айтты.

-Естеріңізде болса, Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары бір-бірімен өзектес, сабақтас. Сайып келгенде халықаралық жағдайларды реттеу, тұрақтылықты сақтау, қазба байлықтарымызды тиімді игеру арқылы қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейді,-деді облыстық ақпараттық насихаттық топ мүшесі, еңбек ардагері А.Кенжеғалиев. Қазір әлем төртінші өнеркәсіптік революция жағдайына енді. Оның біріншісі, бумен жүретін машиналар, домна пештерінің игілігін көрген кезең болса, екіншісі автоматты өнеркәсіп, яғни малды сойып, бір жағынан шұжық дайындау деген сияқты, үшіншісі, космостық, компьютерлік, төртіншісі, цифрлы, роботты технология өнеркәсіптік революциясы. Осының бәрі қоғамды өзгертті, бұрынғы күрекпен құдық қазу, қол орақпен шөп шабу дегенің келмеске кетті. Қазір жаппай жаһандану үрдісі, ақпараттық технология заманы. Осындай әлемдегі ғаламат өзгерістерге, өмірдің жойқын қозғалысына бейімделуіміз керек.

-Елбасы айтқан адам даму дегеніміз - әлемдегі озық тех- никалық құбылыстарды зерделеу, бәсекеге қабілетті болу деген сөз, - деді жатық тілмен оралымды ойларын жеткізген А.Кенжеғалиев ағамыз. Елбасы өз Жолдауында тұрмыс сапасын арттыруды міндеттеп отыр. Тұрмыс сапасының өлшемі қандай, немен бағаланатынын түсінуіміз керек. Елбасы адамның тұрмыс сапасын жақсартуға байланысты үш қажеттілік: тамақ, киім, баспана мәселесін оңтайлы шешуді меңзеп отыр. Ал дәл қазіргі уақытта тамақтың сапасын талапқа сай деп айту қиын. Сондықтан тауарлар мен көрсетілетін қызметті бақылайтын комитет құру, тұтынушылар құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар мәртебесін көтеру жөнінде тапсырманы тектен-текке беріп отырған жоқ. Елбасы «Не ішем, не кием, қайда жұмыс істеймін?» деген сарыуайымға салынбай, алаңсыз тірлік кешкенімізді қалайды.

Облыстық ақпараттық топ мүшесі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры А.Ахмет Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму кезеңдеріне талдау жасады. Бүгінгі күні Қазақстанды әлем мойындады. Саяси тұрақтылық орнаған тату елге шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып, бірлескен кәсіпорындар салып, ірі жобаларын жүзеге асыруға қомақты қаржы құюда. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында айтылған әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешілді, ең қиыны қоғамдық сананы өзгерту болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қазақстандықтардың санасына саңлау тауып, сәуле құюға бағытталғанын аңғару қиын емес,-деді сөзін одан әрі сабақтаған А.Ахмет. Сонымен қатар жоғары оқу орындарына талап күшейтілетініне тоқталып, зерделеу қорытындысы бойынша өзі қызмет атқаратын Атырау мемлекеттік университетін бітіруші түлектердің 87 пайызы тұрақты жұмысқа тұрғандығын алға тартты. Бұл әрине, жаман көрсеткіш емес. Одан әрі ауыл мектептеріне деген көзқарасты өзгерту, мұғалім мәртебесі жөнінде болашақта қабылданатын жаңа заң жобасына ұсыныстар беру жөнінде пікірін білдірді.

-Елбасы Жолдауларында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше ықылас білдіріп келеді,-деді келесі кезекте сөз алған Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» ҚММ-нің Махамбет ауданы бойынша сарапшысы А.Құрманбаев. Ауыл шаруашылығы-экономиканың драйверіне айналуы тиіс,-деген Елбасы сөзі де жадымызда. Десек те, бұл сала аяғынан тік тұрып кетті деп айта алмаймыз. Елбасының өз Жолдауында АҚШ-та ауылшаруашылығымен айналысатындар екі пайызды құраса да, өнім өндіріп, өңдеуде үлкен табысқа жетіп отырғандығын мысалға келтіруінде көп мән бар. Ал бізде бұл сала 40 пайызды құрайды. Осыдан-ақ ауылшаруашылығының әлі де болса, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті өнім өндіруде біраз қиындықтарға тап болып отырғандығын аңғару қиын емес. Мал шаруашылығын асылдандыру мардымсыз. Кезінде қыруар қазына қаржысын шығындап, әр ауылда тұрғызған мүйізді ірі қараны қолдан ұрықтандыру пункттері жұмыс істемей, тұрып қалды. Әрине, ауданда шағын және орта бизнесті дамыту, шаруа қожалықтарын ірілендіру бағытында біраз жоба бар, бірақ жеткіліксіз.

Жолдауға байланысты өз пікірін білдірген Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, жас ұстаз Әйгерім Қожантаева былай деді: «Өз басым Елбасының бұған дейінгі Жолдауларынан да ұстаздар қауымына деген ерекше ықыласын сезініп келемін. Ел ертеңі-бүгінгі мектеп партасында отырған бүлдіршіндердің білімі озық елдермен терезесі тең болсын деген ниетпен шығармашылық ізденіспен жұмыс істейтін ұстаздардың болашағына жол ашып бергені қуантады. Мен де Кембридж университетінде біліктілігімді арттыруға шақырту алып, жол жүруге жинақталып жатқан жайым бар. Ендігі ойым, осы сенім үдесінен шығып, білімім мен шетелден үйренген тәжірибемді елім деп жүрегі соғатын, елінің ертеңін ойлайтын ұрпақ тәрбиесіне жұмсау».

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ж.Ахметов Елбасы Жолдауына байланысты проблемалық мәселелерге тоқталып, оның оң шешілуіне облыстық деңгейде ықпалдасу жөнінде ақпараттық насихаттық топ жетекшісі М.Амановқа құлаққағыс жасады. Түстен кейін Елбасы Жолдауын талқылауға арналған жиын Алға ауылында жалғасты. Оған Жайық өзенінің бұқар жақ бетіндегі елді мекен тұрғындары қатысты.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.