Заң - бәрімізге ортақ

Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын Атырау өңірі аумағында бұзу фактілері күні бүгінге дейін тоқтамай келеді.

Шекара шебінен өтуге болмайтын жерлер арқылы контрабандалық жүк тасымалдау, браконьерлікпен айналысу тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасына зор зиян келтіруде. Қазақстан Республикасының құрлықта, теңізде, өзендер мен өзге де жолдарындағы мемлекеттік шекараны күзету ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жүктелген. Темір жол, автокөлік, теңіз, өзен, әуе жолы және өзге де жерлер арқылы өтетін шекара шептері ҚР Үкіметі белгілеген өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік шекара маңында орналасқан аудандардың тұрғындары өз қажеттеріне қарай көршілес мемлекетпен шекараны бұзып жатады. Шекарадан өту арнайы рұқсат беретін бақылау пункттері арқылы іске асырылады. Сондықтан да шекара маңында орналасқан тұрғындарға облыс аумағына тарайтын газет арқылы шекара қызметі мынадай міндеттерді атқаруға құқылы екенін еске салады. Соның бастысы, тапсырманы орындау үшін жолдар мен маршруттар бойына нарядтар қойып, еркін қозғалуға рұқсат етіліп, жүргіншілердің құжаттары мен көліктегі жүктерін тексеруге, оларға бағыт сілтеуге құқылы. Сондай-ақ, ҚР шекарасын қорғау мақсатында жүргіншілердің жұмыс істейтін құзырлы орындары мен құқық қорғау органдарының анықтамаларын пайдалана отырып, жедел іздестіру жұмыстарын ұйымдастырады. Шекара бұзушыны құрықтау мақсатында жергілікті жердің кез келген жерінен өтуге, мекеме ғимараттарына, тұрғындары бар үйлер мен бос үйлерге де кіре алады. Сонымен қатар "ҚР Мемлекеттік шекарасы туралы” Заңдарына сүйене отырып, құрал, әскери техника, арнайы тәсілдер қолдануға да құқылы. Әрі ҚР Мемлекеттік шекарасын бұзбақшы болғандардың ҚР-на келуге, не кетуге рұқсат құжаттарын тексеріп, қажетті белгілер соғуға, не мүлде алып қоюға, ҚР-на кетуге арнайы құжаттары жоқтарды шекарадан өткізбеуге, оларды режимді аймақтарда ҚР-ның басқа да тәртіп орындарында кім екені анықталғанша ұстай алады. Шекаралық аймақта, аумақтық суларда (теңізде), ішкі суларда және континенттік қайраңда белгіленген режимдердің сақталуын дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп, бақылауды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған, Мемлекеттік шекара арқылы өткізуге тыйым салынған заттарды (жарылғыш, уландырғыш, радиоактивті, есірткі заттарды, қаруды, оқ-дәрілерді), өзге де жүктер мен тауарларды, сондай-ақ контрабандалық жолмен өткізілетін жүктер мен тауарларды белгіленген тәртіппен дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп ұстауға және алып қоюға міндетті.

Жүктелген міндетті іске асыру үшін шекараға таяу орналасқан елді мекендерде, сондай-ақ мемлекеттік шекарадан өтуге арнайы рұқсат беретін пункттерде жергілікті тұрғындардан арнайы топ құрады. Шекара қызметі мемлекеттік шекараны күзетуде әрдайым жергілікті тұрғындардың белсенді қолдауына сүйеніп келді және сүйене береді. Тұрғындардың шекара күзетіне қатыстырылуы түрлі жолдармен іске асырылады. Бұл топтың шекара шебін күзетуде алар орны орасан зор. Себебі, байырғы тұрғындар шекараны күзетуді барынша күшейтеді, олардың көмегімен ше­каралық құрылымдар ерікті халық жасақтары, жергілікті құзырлы органдар мен мекемелердің, ұжымдардың басшыларымен байланыста болу және азаматтардан түскен шағымдарды қабылдау сияқты шараларды іске асырады. Жалпы тұрғындардың кө­мегімен шекара қызметінің мүм­кіндіктерін одан әрі кеңейтеді және оған деген сенімді арттырады. Осының өзі-ақ шекара шептерін қорғауда шекаралық аудандар тұрғындарының рөлі зор екенін білдіреді. Шекара бөлімшелерінің сақшылары Отанымыздың қасиетті шекара шептерін қорғау бұйрығына сай еңбек етеді. ҚР Мемлекеттік шекарасы қол сұғуға болмайтын, біртұтас болып есептеледі. Мемлекеттік шекарадан өтуге рұқсат беретін орындардың ережелері мен шекара тәртібін бұзғандар мен бұзуға әрекет еткендер, сол сияқты мемлекеттік шекарадан рұқсатсыз жүктер, материалдар, құжаттар мен т.б. заттарды заңсыз тасымалдаған тұлғалар ҚР Мемлекеттік шекара туралы заңдарымен қылмыстық және әкімшілік жазаға тартылады. Әскери бөлім басшылары Қазақстан Республикасы шекарасын сенімді күзетуде жергілікті тұрғындардың жоғарғы патриоттық сезімдеріне зор сенім білдіреді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521