«Тоңдырды мені, желтоқсан желі ызғарлы»

Естіген жанның сай-сүйегін сырқырататын осынау көпшілікке танымал әнді тыңдағанда шынымен де тұла бойың тоңазиды. «Күн жаманы кетер...» дегендей, бұл ән ақ шұнақ аяздан Алматы аспаны шаңытып, қарс айырылардай шатынап тұрған 1986-ның желтоқсанына арналған десек, оңбай қателесеміз.

Сол кездегі солақай саясаттың ызғары талай жазықсыз жандарды жауратып, әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Солардың бірі – Махамбет ауылының тұрғыны, отандық мұнай компанияларының бірінде инженер болып жұмыс істейтін Битас Қартқожақов. –Кеудесінде ұлттық намысы бар адамның қай-қайсысы да Желтоқсан оқиғасынан тысқары қалған жоқ,-деп бастады бір қарағанда тұйықтау көрінген Битас Мұқатайұлы. Ол кезде мен Ақтөбе облысының Хромтау қаласында «Тяжстрой» автокөлік кәсіпорынының бастығы болып, лауазымды қызмет атқарып жүргенмін. Отыздан енді ғана асқан қылшылдаған жас кезіміз. Сол 1986 жылы қазан-желтоқсан айларында Алматы қаласында КСРО-ға тікелей қарайтын «Тяжстрой» министрлігі жанынан осы саланың басшы құрамдарын біліктілік деңгейін көтеру курсына шақырды. Кезінде бүкіл фабрика, зауыт құрылысын салумен, жұмысын жүргізумен айналысып, атағы дүрілдеген үлкен құрылым.

Сабақ бастан-аяқ тек қана орыс тілінде жүргізілетіні айтпаса да түсінікті. Әлі есімде, сол ызғарлы желтоқсан күндерінің бірінде халықаралық дәрежедегі лектор деген атағы бар өзге ұлт өкілі (аты-жөні есімде қалмапты, әйел адам болатын): «жергілікті қазақтар орыстарға күн бермей, қудалап жатыр, сақ болыңдар» деп айылын да жимастан аузына келгенді соғып тұр. Мұндай қорлығына шыдамай кетіп, орнымнан атып тұрдым.

-Сіз ұлт пен ұлттың арасына от жағып тұрсыз. Мәселенің байыбына бармай, бұлай жала жабуыңыз дұрыс емес. Мәселен, менің әкем қазақ, шешем орыс, сонда мен екіге жарылайын ба? - деп сұрақты төтесінен қойдым. Аудиторияда «енді не болар екен?» деп әліптің артын баққан өлі тыныштық орнады. Енді шегінетін жер жоқ, ата-баба аруағы қолдады ма, бойымда батылдық пайда болып, жатақханада өзіммен бірге тұратын орыс жігітіне: «Володя, қане, орныңнан тұр, мен саған орыссың деп қысастық көрсеттім бе, екеуміз бір-бірімізге жаумыз ба? жасырмай шындықты айт» дедім.

-Тап осылай айттыңыз ба?

-Дәл солай. Сау болсын, ол орыс досым да мені көпшілік алдында жерге қаратқан жоқ. Орнынан түрегеліп, «біз бұрыннан доспыз, дос болып қала береміз» деді. Солай болды да. Ол кейіннен ҰҚК-не қызметке тұрғанда да араласып тұрдық. Өкінішке қарай, лекция аяқталған бойда курстың кураторы «Қартқожақов боссың, ауылыңа қайта беруіңе болады» деді. Қанша айтқанмен жұмыс орным, жалақым сақталатын, үш айдың іссапар шығыны төленетін оқу. Оның үстіне курстың аяқталуына да санаулы күндер қалған. Енді өкінгенмен не пайда, болар іс болды деп жолға жинақтала бастадым.

Бақытыма қарай курстағы бір-бірімізбен достасып үлгерген тісқаққан жігіттер ақылдаса келіп, сол кездегі салалық министрдің орынбасары В.К.Прихватиловтің қабылдауына кіріп, мән-жайды түсіндіргеннен кейін 5-6 күн үзіліп қалған оқуымды жалғастыратын болдым. Сөйтіп, үш айлық оқу курсын толықтай аяқтап, сертификатымды алып, 1986 жылдың 28 желтоқсаны күні Ақтөбеге ұшақпен жеттім. Хромтаудағы үйіме келіп, жуынып-шайынып жатқанымда зайыбым Айзада келіп тұр, көзі шарасынан шығардай үрейленіп: «Алматыда не бүлдірдің, сыртта екі милиция есік алдында сені күтіп тұр». Тысқа атып шықтым.

-Ағай, 30 желтоқсан күні Хромтау қаласының жастары ереуілге шығайын деп жатыр деген хабар бар. Соған сіз қатыспауыңыз керек. Жоғарыдан бұйрық солай, біз үйдің сыртында күзетте тұрамыз, - деп қарап тұр.

-Хромтау – шағын қала, біразын танимын. Сондықтан мен шығуым керек, болып жатқан жағдайды жастарға түсіндіріп айтайын, сабырға шақырайын.

-Жоқ, болмайды! Осымен әңгіме тәмам. Жергілікті ішкі істер басшылығына, «үндеместерге» де хабарласқаныммен түк шықпады. Отызыншы желтоқсанды күтіп, үйімде қамалып жаттым. Абырой болғанда, ешқандай дүрлігу болған жоқ, тыныш өтті.

Содан бері қаншама уақыт өтсе де, жыл сайын желтоқсан айында осы бір өміріме көлеңке түсірген оқиға есіме түседі. Бірақ «азаттық үшін жан пида» деп жас- тармен бірге алаңға шықпасам да, көпе көрінеу менсінбей, қазағыма жазықсыз жала жауып, намысыма тиген өзге ұлт өкіліне жасқанбай тіл қатып, өз орнына қойғаныма шүкіршілік жасаймын. Бірақ сол бір артыма қоңырау байланған күннен бастап мені орыс және қазақ тілінде еркін сөйлейтін жергілікті кадр ретінде лауазымды қызметке жоғарылатуға ұсыныс жасап жүрген жоғарғы басшылықтың пікірлері, көзқарасы өзгере бастады. Сынықтан сылтау іздеп, қызметімнен мін таба қояды. Сөйтіп, іргелі кәсіпорын басшысы қызметінен төмендеп, бас инженерге ауыстым, уақыт өте келе байқатпай бұл лауазымды қызметімді де көп көріп, механик етіп қойды. Ер жігіттің басынан не өтпейді, әйтеуір айдалада жұмыссыз қалған кезім жоқ. Ең бастысы қалың елім-қазағымның алдында арым таза, жүзім жарқын. Бұған да тәубе!

Жазып алған: Нұрым ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521