Сот кабинеті

Интернет-ресурсындағы қолжетімді сервистердің тағы бірі «Сот кабинеті» болып отыр. «Сот кабинеті» сот органдарының онлайн сервистеріне және көрсететін қызметтеріне қол жеткізетін жалғыз терезе.

Осы арқылы азамат, оның өкілі немесе адвокаты өзіне ыңғайлы кез келген уақытта, үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, интернет арқылы арыз (жүгіну), апелляциялық және кассациялық шағымдар, өтініш, қарсы талап арыз, сот отырысының хаттамасына ескерту тәрізді құжаттарды электрондық нұсқа түрінде жібере алады. Мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлеп, сот құжатын, сондай-ақ істің бүкіл тарихын қарап, сот актісін басып шығара алады және аталған істің процессуалдық мерзімдерін қарай алады. Электрондық қызметтің бұл түрінің бір артықшылығы, арызды жолдауға 3-5 минут қана жұмсалады. Осылайша, сотқа жүгінушілердің уақыт үнемдеуімен қатар қаржылық шығындардың азаюына септігін тигізеді. Сот кабинеті жүйесі енгізілгелі бері халық оның ыңғайлылығын анық сезінуде. Оны электрондық қызмет түрлерін пайдаланушылар санының тұрақты өсуінен көруге болады.

Интернет желісіне қосылмаған азаматтардың талап арыздары мен басқа жүгінулерін сот органдарына жолдауына мүмкіндік туғызу мақсатында Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Сот кабинеті» бұрышы ашылған. Сотқа жүгінген әрбір азамат «Сот кабинеті» арқылы арыз беру үшін, Халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды цифрлы қолтаңба алуы қажет. «Сот кабинеті» және «Сот құжаттарымен танысу» электронды сервистері Жоғарғы Соттың www.sud.kz ресми сайтында іске қосылған. Сонымен қатар, сот істерімен танысу электрондық қызмет түрі бар. Яғни, сотқа талап арызды жазбаша берген азаматқа талон беріледі. Содан соң оған бірден істі іс жүргізуге қабылдау, ұйғарым шығару, сот отырысын өткізу күнін тағайындау, сот актісі қабылданғандығы туралы SMS-хабарлама немесе e-mail-ге электрондық хат жіберіледі. Қай қалада болса да, SMS хабарлама алушыға хабар 10 секундтың ішінде жеткізіледі.

«Сот кабинеті» электронды ақпараттық сервисі арқылы әкімшілік істерді соттарға электронды түрде жіберуге мүмкіндік беретін арнайы іске қосылған функционал әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтыруға уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандарының және сот кеңсесінің жалпы жұмысын жеңілдетті. Құжат электрондық жүйе арқылы келіп түскен жағдайда тараптарға, яғни құқық бұзушыға, жәбірленушіге, істің түскендігі және тіркелгендігі туралы автоматты түрде SMS хабарламалар жөнелтіледі. Сонымен қатар, барлық процессуалдық іс-әрекеттерді «Сот кабинеті» сервисі арқылы онлайн режимінде көруге болады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалды жолдаған уәкілетті органдардың сот актісінің пошта арқылы немесе басқа да әдіспен келіп түсуін күтпей, сервистен өз беттерінше басып шығаруға мүмкіндігі бар. Сотқа қатысушы тараптарды сот мәжілісінің өткізілу күні мен уақыты туралы дер кезінде хабарландыруды қаматамасыз ету тараптардың теңдігі мен жарыспалылық принциптерін сақтауға мүмкіндік туғызады. Сот хабарламалары мен шақыртуларының формалары көп. Солардың бірі SMS хабарландырулар. Сотқа қатысушыларға SMS хабарламаларды жөнелту сот органдарының ақпараттық жүйесі арқылы ұялы байланыс абоненттік нөміріне жолданып, олардың жөнелтілу фактісі мен мерзімін қадағалауға мүмкіндік бар және ондай хабарлама жеткізілгеннен кейін сот органдарының ақпараттық жүйесіне абоненттің SMS хабарламаны алғаны және оқығаны туралы автоматты түрде хабарлама келіп түседі. Бұл ақпарат қағаз жүзінде басып шығарылып, іс құжаттарына міндетті түрде тіркеліп, ол іс бойынша тараптардың ресми түрде хабарландырылғанын растайтын құжат болып есептеледі.

Сот мәжілісінің өтетін уақыты мен мерзімі туралы SMS хабарлама алғаннан кейін алушы оған жауап беруге міндетті емес. Тұлғаның сот мәжілісіне келуіне мүмкіндік болмаған жағдайда, ол туралы «Сот кабинет» сервисі арқылы соттың атына тиісті арыз (өтініш) жазбаша түрде хабарлануы қажет. SMS хабарламалар іссапарда жүрген, пошта арқылы түскен хаттарды қадағалауға мүмкіндігі жоқ тұлғаларға өте қолайлы. Бір сөзбен айтқанда, оларға қысқа мерзімде қажетті ақпараттарды алуға, сот отырысына дер кезінде дайындалуға мүмкіншілік туады. SMS хабарламаларды пайдаланудың артықшылығын сот процестерінің жылдам, сапалы және уақтылы қаралуынан көруге болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521