Смартфонға байланған сәби

Бұл заманда телефонсыз өмір сүру мүмкін емес. Мүмкін еместігі соншалық телефонсыз бір күн жүре алмайтын халге жеттік.

Ұйқыдан тұра салып, дастарқан басында отырып, жұмысқа кетіп бара жатып, көлікте отырып, ұйқыға жатар алдында да телефонды жанымыздан бір елі тастамаймыз. Біз өзіміз телефонға тәуелдіміз. Сөйте тұра балаларымызды кінәлаймыз. Несін жасырамыз, қазір телефон баланы жұбату құралы десек болады. Әйтеуір тек жыламай тыныш отырсын деп телефонды ұстата саламыз. Бесіктегі бөбегімізді де телефонмен әлдилейтін заманға жеттік. Бұл көз көріп, көңіл көндіккен нәрсеге айналды. Шын мәнінде ойлап қарасақ балаларымызды өзіміз емес телефон тәрбиелеуде.

Жарқын Бисенғалиева, ата-ана: - Үш баланың анасымын. Үлкен ұлым және ортаншы қызым екеуі мектеп жасында. Жаңа оқу жылында екеуіне телефон алып бердік. Бірақ сатып алмас бұрын екеуімен дұрыстап сөйлестім. Егерде сабақ үлгерімдерің нашарлап кетсе немесе белгілеген уақыттан артық пайдаланатын болсаңдар телефондарыңды тартып аламын деп өзара келістік. Әзірге келісім бұзылмады. Тиімдісі, тығыз шаруаларын хабарлай қояды, қайда жүргендерін біліп, алаңсыз отырамын. Ал,кенжеміз балабақшаға барады. Оны тек телефонмен ғана жұбатамыз. Мүмкін тым еркелетіп жібердік пе? Таңертең ұйқысынан оянып телефон сұрап байбалам салады. Балабақшаға жеткенше телефон, үйге келген соң да осы жағдай. Телефон сұрап жыламау үшін не істесем болады екен?

Бұл сұраққа Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің педагог психологі Нұрсұлу Тауованың айтар жауабы төмендегідей. - Баламыздың балалық шағын смартфон ұрламасын десеңіз, бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы -туған ұясы, ата - ана тәрбиесі екенін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан балаңыздың шынайы өмір сүруіне жағдай жасаңыз. Балаңыз ойнасын, сурет салсын, мүсін жасасын, «конструктор» құрастырсын, билесін, қарым-қатынас жасасын, ал телефон, компьютер ешқайда қашпайды. Бұл жерде асығыстық танытудың қажеті жоқ. Маман ретінде ата-аналардың назарына смартфонға тәуелді болудың алдын алу шараларын ұсынамын. Баланың жұмысбасты болуын қамтамасыз етіңіз яғни түрлі үйірмелер, секциялар, баланың қызығушылығына назар аудару қажет. Ерте жастан бастап үйдегі міндеттерге баулыңыз оның ішінде үй-аула тазалығы, мал-егін шаруашылығы. Күн сайын балаңызбен сөйлесу арқылы оның өміріндегі оқиғалардан, қуаныштары мен күйініштерінен, проблемалары мен жетістіктерінен хабардар болыңыз. Барлық қолжетімді құралдармен оның ой-өрісін кеңейтіңіз (бірлескен саяхаттар, көрме, мұражай, театрларға бару). Міндетті түрде баланың шынайы өміріндегі оқудағы, спорттағы, шығармашылықтағы, кез келген жетістіктері үшін жігерлендіріп отырыңыз. Балаңыз пайдаланатын компьютерлік ойындарға, бағдарламаларға цензура жүргізіңіз. Интернетке бақылаусыз кіруге рұқсат бермеңіз. Онымен бірге белгілі бір сайттарға кіруге тыйым салу жолдарын ойластырыңыз. Телефонды тек білім алу мақсаттарында пайдалануға үйретіңіз. Балаңызды ұялы телефонда, компьютерде ұзақ уақыт отырудың оның денсаулығына әсіресе, көру қабілетіне, омыртқасына келтіретін зияндарын айтудан жалықпаңыз. Аталған шараны орындап жүрсеңіз, балаңызды смартфонға тәуелділіктен құтқаруға мүмкіндік мол болмақ, - дейді.

Мектеп оқушысына сымсыз құрылғының қажеттілігі бар ма? - Негізінде ұялы телефондар балалардың өз бетінше ойлауына кедергі келтіреді. Мәселен, олар математикалық есептерді шығарғанда ұялы телефон қызметін пайдаланып оп-оңай шығарады, ал ол бұлардың өзіндік ойлау қабілетін айтарлықтай бәсеңдетеді. Сондай-ақ, оқушылар кез келген ақпаратты ұялы телефон арқылы кітапханаға бармай-ақ интернеттен лезде жүктеп алуына болады. Ал баланың сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануына Қазақстан Республикасының Заңдары бойынша тыйым салынбаған, сондықтан бұл жағдай әр мектептің ішкі ережесіне сәйкес ата-аналардың келісімімен реттелуі тиіс. Өйткені, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағына сәйкес «Әрбір баланың өмір сүруге, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне және жеке өміріне қол сұғылмауға құқығы бар». Және осы заңда айтады: «… баланың рухани және имандылық жағынан дамуына өзгеше зиян келтіретін… дыбыс және бейнежазбаларды көрсетіп, таратып жүргендер…» жауапқа тартылады деп. Ата-аналар балаларына ұялы телефонды байланыс және бақылау құралы ретінде алып береді, ал оның балаларының қай бағытта пайдалануын үнемі бақылай алмайды. Мұғалімдер оқушыларға ұялы телефондарды сабақ үстінде пайдалануға тыйым салып, сынып жетекшілері ата-аналар жиналыстарында бұл жөнінде үнемі ескертіп отырады. Ұялы телефон оқу құралдарының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылмағандықтан, оны пайдалану тәртіп бұзушылық ретінде қарастырылып, талаптар мен ережелерге, мектеп Жарғысына сәйкес шаралар қолданылады, - дейді О.Шонаев атындағы мектеп директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары Толқын Ибрашева. Көру қабілеті демекші, гаджеттердің көзге әсері жөнінде жиырма бес жылдан аса тәжірибесі бар жоғары санатты дәрігер-офтальмолог Гүлнар Ғарифуллақызы айтып берді.

- Соңғы уақытта интернет еңбектеген сәбиден бастап еңкейген қартқа дейін пайдаланатын қолжетімді дүниеге айналды. Ал оның есесіне көз ауруына шалдыққан балалардың саны артып отыр. Балалар уақытының көп бөлігін гаджет, смартфон, компьютер, планшетпен өткізеді. Соның салдарынан көз бұлшық етіне ауырлық түсіп, көру қабілеті нашарлайды. Гаджетті ұзақ уақыт бойы пайдаланудың соңы алыстан нашар көруге әкеліп соқтырады және бұдан кейін көзілдірік киюге тура келеді. Оқушылар арасында алыстан нашар көрушіліктің таралуы бір буыннан екіншісіне өту кезеңінде өсе түседі. 1 сыныпқа келген оқушылар арасында көзілдірікті киетіндер 10 пайыз болса, олардың саны 11 сыныпқа келгенде 50 пайызға артып отыр.

- Қазіргі таңда адам көп шоғырланған орындарға бара қалсаңыз, телефонға телміріп отырған баланы жиі байқаймыз. Бастысы бала мазамызды алмаса болғаны. Бұл дұрыс шешім емес. Осылай үйретіп аламыз да, кейін қайтара алмай әуреге түсеміз. Бала алдында әлсізбіз, сәл жыласа ырқына көніп, қолына ұстата қоямыз. Бала болған соң планшет пен смартфонға қызығады. Технологияның дамыған заманында баланы заманауи құрылғылардан мүлдем шектеуге болмайды деп есептеймін. «Баланы – жастан» демекші, балаларымызды әкелері ерте жастан белгілі бір уақытпен, алыстан қарауға үйретті. Кез келген бала ата-анасының өзіне көп назар аударғанын қалайды. Сондықтан оның бос уақытын тиімді ұйымдастыра алуымыз керек. Тіпті кезекте тұрғанда да әртүрлі тақырыпта сөйлесу баланың тілі мен ойын дамытып қана қоймай, ана мен баланың бір-біріне жақын болуына,өзін тыңдайтын адамның бар екенін сезініп, өзіне деген сенімділігінің артуына ықпал етеді. Ал кіші жастағы балаларға «Бес саусақ» ойынын ойнатып немесе екі қолдың біріне түйме не басқа да нәрсе жасырып, «қай қолымда тап?» ойынын ойнатуға болады. Бұл қарапайым ғана мысал. Ал үйде баланың жан-жақты дамуына әсер ететін тапсырмалар беріп, шығармашылық қабілетін шыңдауға, ой-өрісін өсіруге болады. Сол кезде балаңыздың телефонға деген қызығушылығы азайып, алшақтай түседі. Бұл өз тәжірибемнен түйгенім. Мен өз балаларым үшін жаңа дүниелерді ойлап табуға ешқашан еріншіктік танытпаймын. Күнделікті балаларыма берген тапсырмаларымды, ойнатқан ойындарымды басқа да аналармен бөлісуді жөн көріп, инстаграмнан @erek_balaqai парақшасын аштым. Көптеген ата-аналар рақметін айтып жатады. Смартфоннан түбегейлі бас тартқызбасам да, бұл әдістерім балаларымды телефонға тәуелділіктен сақтауда. Қонаққа немесе емханаға барсақ та балалар телефонды қажет етпейді, - дейді үш баланың анасы, блогер, педагог Мейірмангүл Теңізбаева.

P.S. Заманымыз күн өткен сайын заманауи тұрғыда қарыштап даму үстінде. Алайда одан да маңызды дүниеміз бар. Ол – бала және оның тәрбиесі. Бұл біздің басты байлығымыз. Ендеше, телефоннан бұрын, басты байлығымызға көңіл бөлуді ұмытпайық.

Б.САПАРОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521