Құсиын ағаның қонақжай шаңырағында

Аудандық мемлекеттік архив коммуналдық мекемесі ұжымы Алға ауылында тұратын КСРО Халық мұғалімі, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Құсиын Айтқалидың үйіне арнайы барып құттықтады.

Махамбет ауданы мемлекеттік архиві коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысы Ә.Есенғалиев Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиұлын қарттар және ұстаздар күндерімен құттықтап, зор денсаулық, отбасына амандық тіледі.

Өзін іздеп келген ұжымға еңбек ардагері Қ.Айтқали балаша қуанып, өзі туралы, өткен өмір жолдарынан біраз сыр шертті. Құсиын аға Алға(Құлтай) ауылының тумасы. Осы ауылда туып-өсіп, бүкіл ғұмырын жас ұрпаққа тәрбие беруге жұмсады. 1948 жылы Атырау қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түсуге отбасылық жағдайы болмай, «Красный Каспий» колхозында еңбек жолын кіші есепшіліктен бастапты.

1952 жылы Атыраудағы мұғалімдер даярлайтын институтқа түсіп, оны 1954 жылы ерекше дипломмен бітіреді. Жоғары оқу орнын бітірген соң Алға ауылындағы Құлтай орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі қызметін атқарған. Бақсай аудандық оқу бөлімі 1956 жылдың ақпанында оны Талқайраң жеті жылдық мектебіне директор етіп тағайындайды. 1958 жылы Құлтай орта мектебінде оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары болса, 1970 жылы осы мектептің директоры болды.

Облыс, республиканың білім беру жүйесі бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Қ.Айтқалидың қол жеткізген бар табыстарын оң бағалай білді. Ол «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері»»(1962), «Ерен еңбегі үшін» медалімен(1966), «Қазақ ССР-нің еңбегі сіңірген мектеп мұғалімі»(1967), мерекелік медальмен»(1970), «Еңбек Қызыл Ту» орденімен(1971) марапатталды.

Ол 1980 жылы Қазақстанда ең алғаш рет «КСРО Халық мұғалімі» құрметті атағы берілген жан. Білім беру мен педагогика ғылымы саласындағы жанқиярлық ерекше еңбегі үшін Құсиын аға өңіріне Ы.Алтынсарин медалін тақты. Ол ІІ шақырылған Атырау облыстық мәслихаты депутаты, Махамбет ауданының Құрметті азаматы болды. Сонымен қатар «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне-60 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне-10 жыл» медальдарымен, «Парасат» орденімен марапатталды. Жасаған баяндамалары, мәлімдемелері республикалық әдістемелік журналдарда бірнеше рет жарық көрді, бетшелер шығарылып, аудандарға іс-тәжірибесі таратылды.

Құсиын Айтқали «Алға халық театрын» алғашқы ұйымдастырушы, қоюшы режиссері ретінде біраз ауылдың талантты жастарын тәрбиелеп шығарды. Аудандық мемлекеттік архив басшысы Ә.Мұхтарұлы айтқан әсерлі де мазмұнды әңгімесі үшін абыз ақсақалға ризашылығын білдіріп, сый-сияпаттар ұсынды. Ол кісінің маңызды құжаттары, іс-қағаздары архивте сақтаулы тұрғанын еске салды. Халық мұғалімі Қ.Айтқали бейне жапырағы тереңге жайылған мәуелі бәйтеректей. Шырайлы қара шаңырақта жан жары Жаухан апай екеуі 5 қыз, 3 ұлға өмір сыйлап, оларды тәрбиелеп, өсірді. Иә, ұстаз жолы-ұлы жол. Ардагер-ұстаз Қ.Айтқалиға біз де амандық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521