Рухани жан дүниесін нұрландырған

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының мағынасы тым тереңде жатыр.

Оны әркім өзінше түсініп, рухани жаңғырамын десе еркінде. Біз сөз еткелі отырған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Сағымбай Нысанбайұлы Шотпақов үнемі рухани ізденіс үстінде жүріп, өзінің мінезін, бекзат болмысын өзі тәрбиелеп, қашанда халықтың ортасынан табылып, әлеуметтің әлеуетін зерттеп, зерделеп жүреді. Жасы алпысты алқымдаса да үстіне спорттық жейдесін іле салып, командалық волейбол ойындарының ортасынан табылады. Қоғамдық негіздегі жаңа құрылым-аудандық алқа билер сотының төрағасы ретінде де тентек пен теліні тезге салуға аянбай атсалысады. Осының бәрі рухани жаңғыру емей немене?

Елбасының жоғарыда келтірілген мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы, оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» делінген. Сағымбай ағамыз осы талапқа бірден-бір сай адам. Неге дейсіз ғой? Бұл кісіні екі мыңыншы жылдардың басынан бастап, жақсы танимын десем, артық айтқандық емес. Аудан әкімінің орынбасары лауазымды қызметінде жүргенде инфрақұрылым, коммуналдық қызмет саласына жауапты болғандықтан біраз қиындықтармен бетпе-бет келді. Аудандағы әлеуметтік нысандардың жылу қазандары қыс кезінде жиі істен шығады. Оны жөндету үшін қомақты қаржы ұсынып, Атырау қаласынан маман шақыруға тура келеді. Ол да қапелімде келіп болмайды. Екі ортада шыр-пыры шығып Сәкең ағамыз жүреді. Сондай бір сәтте айтқан сөзі жадымда сақталып қалыпты.

-Осы қазіргі ауыл жастарын түсінбеймін. Қолдарында қалақтай диплом. Түк бітірмей «жұмыс жоқ» деп үйлерінде қол қусырып, отбасына масыл болып, жатып алады. Ал аудандағы мектеп, аурухана, басқа да әлеуметтік нысандарға сервистік қызмет көрсетуге келісім-шарт жасап, рұқсатын алып, жылу қазандарының тұрақты жұмыс жасауын қамтамасыз етем десе, кім қолдарынан қағады?-деп қарадай қарны ашып, таусыла сөйлегені бар. Ақыры уақыт өте келе Сағымбай Нысанбайұлы сол қызметті өз мойнына алды. Қазір өзі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, әлеуметтік нысандардағы жылу қазандарын қадағалап, ақауын жөпелдемеде жөндеп тастайды. Олардың техникалық жай-күйін де бес саусағындай біледі. Мамандығы бойынша жоғары білімді кәсіби инженерге бұл шаруа онша қиындық туғызбайды, қайта асқан ыждағаттылықпен міндетін атқарады.

Біз білетін Сағымбай Нысанбайұлының кәсіпкерлік қырын жоғарыда айттық. Көріп отырғанымыздай алдына мыңғыртып мал айдап, төрт түлік малын өсіріп отырған шаруагер де емес. Өнім өндіріп, өңдеп сатып, қыруар табыс тауып отырған кәсіпкер де емес. Бірақ рухани жан дүниесі бай адам. Олай дейтініміз, редакцияға жиі бас сұғатын Сағымбай ағамыз бірде баспасөзге жазылу барысы, жалпы жергілікті басылымның болашағы туралы әңгіме қозғады. Біз де шамамыз жеткенше, барын бар, жоғын жоқ деп қарап отырдық. Ол кісі сәл ойланып барып:» мен де осы киелі топырақтың төл перзенті, патриот ұлдарының бірімін ғой, сондықтан аудан айнасы «Жайық шұғыласы» газетіне 100 адамды өз қаражатыма жаздыруды жауапкершілігіме алайын» деді. Ертеңіне баспасөзге жаздырумен айналысып отырған пошта бөлімшесіне хабарластық. Алтын уақытын бөліп, баспасөзге жазылу барысын қадағалап отырған Махамбет ауылдық округінің бас маманы Ирада Бегаліқызы біздің ұсынысымызбен қуана-қуана келісіп, демеушілік көмекпен газетке жазылатын 100 адамның тізімін шығарып берді. Сағымбай ағамыздың қалтасынан шығарған 150 мың теңге ақшасы 102 адамды аудандық «Жайық шұғыласы» газетіне жаздыруға артығымен жетті. Басқа ауылдық округтерде де осы Сағымбай ағамыз сияқты іс басында жүрген азаматтар көп, бірақ...

Н.ТЕЛЬМАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521