Полицейлердің кәсіби деңгейі неге төмен?

Аудандық мәслихаттың кезектен тыс 21-сессиясының күн тәртібіне сәйкес Махамбет аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметі бастығының есебі және олардың қызметін бағалау туралы» аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы А.Мұрат хабарлама жасады.

Оның айтуынша, Махамбет ауданы ІІБ қызметкерлері профилактикалық реквизиттер бойынша есепке алып, тексеру, бақылау жұмыстарын атқарады. «Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдардың мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыру» профилактикалық есебінде 4 (2016-3) тұлға тұр. Оларға сотпен бекітілген шектеулерді учаскелік полиция инспекторымен уақтылы тексерілу кезінде құқық бұзушылықтар анықталған жоқ. «Әкімшілік қадағалауда тұратын адамдарды есепке алу ережесін бекіту туралы» профилактикалық есебінде 6 (2016-9) тұлға тұр.

Аталған ІІБ-нің бақылау және қадағалау профилактикалық есебінде тұрған тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында Махамбет аудандық жұмыспен қамту бөлімімен оқу курсынан өтіп, жұмысқа орналастырылды. Қазіргі уақытта учаскелік полиция инспекторларымен маскүнемдікке шалдыққан азаматтарды еріксіз емдеу мекемесіне орналастыру мақсатында аудандық аурухананың нарколог дәрігерімен бірлесіп, 7 тұлғаға қатысты іс-құжаттар жинақталып, Атырау облыстық наркология бөліміне құжаттар тапсырылды, қазіргі уақытта сот шешімен 4 адам еріксіз емдеу мекемесіне тапсырылды. Аудан бойынша террористік тұрғыдан осал объектілердің саны 56. Барлығына ұсыным хаттар жолданды. Жергілікті полиция қызметімен ағымдағы жылы 471 рет тексеріс жүргізілді.

Тексеріс кезінде 25 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғалар анықталды. Аудан көлемінде 17 мектеп, оның ішінде 5655 оқушы білім алуда. Мектепте ата-аналар арасында діни ағым ұстанушы 10 ата-ана, оның 11 ер бала және 9 қыз мектепте білім алып жатыр. 8 қыз бала мектеп формасын киеді, бірақ бастарына орамал тағып жүреді.

Мектепте мектеп инспекторларымен кездесу жұмыстары ұйымдастырылып отырады. Осал объектілер тізімінде 13 мектеп бар. Кәмелетке толмағандардың құқыққа қарсы әрекеттер жасауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру, атқарушы өкімет, білім беру, денсаулық сақтау, ақпарат және қорғаншылық, қамқоршылық органдарының өкілдерімен бірлесіп жасақталған жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. Ішкі істер бөлімдеріне 150 (175) кәмелетке толмағандар әкелініп, олардың 133 (131) әр түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жеткізілген. ІІО-ның профилактикалық бақылау есебіне 9(22) кәмелетке толмағандар және 9 (23) қолайсыз отбасылар алынды. Құқық бұзушыларға барлығы 48 млн. 823 мың 208 теңге әкімшілік айыппұл салынып, оның 30 млн. 957 мың теңгесі өндірілген.

Қаралып отырған мәселеге байланысты аудандық мәслихат депутаты А.Құрманбаев:

-Аудандағы криминалдық жағдай қалай деп ойлайсыз? Діни теріс ағымдағылар мен осал объектілер санын қалай анықтап отырсыздар? Аудандағы 13 мектеп қалай осал объектілер санына кіріп отыр?-деп нақты сұрақтар қойғанымен хабарламашы тарапынан мардымды жауап болмады.

С.Шотпақов, аудандық мәслихат депутаты:

- Ауылішілік жолдар қиылыстарына бағдар шамдар, бейнекамералар орнату сауда орындарында кешкі уақытта алкоголь ішімдіктерін саттырмау, түнгі уақытта жарық шамдарының қалыпты жұмыс жасауын қадағалау бағытында тиісті органдармен бірлесіп қандай жұмыстар атқарылды? Тазалық пен абаттандыруда құқық бұзуды тоқтатуда қандай нақты шаралар алынды? Кадр жетіспеушілігін шешу, яғни бос орындарды кадрлармен қамту, қызметкердің аудандағы спорттық шараларға қатысып, өзін-өзі шынықтыруы қандай деңгейде? Бұған да жалпылама, жалтарма жауаптар қайтарылды. Жарыссөзге шыққан аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев хабарлама жасағанда түсініксіз қаптаған цифрды тізбектегеннен гөрі нақты жұмыстың нәтижесіне қарай баяндап, былтырғы айтылған мәселелердің қайсысы орындалғанын айтқан дұрыс. Ауданда орын алған қиын жағдай, кісі өлімі, мектептердегі полиция инспекторларының жиі ауысуы неліктен? Ішкі тәртіпті сақтауда мекемелермен қарым-қатынас, хат алмасуларда қателіктер бар деп есептеймін,-деп орынды сын-ескертпесін айтты.

-Өз кәсібін меңгерген адам жалпылама айтпайды, кәсіби деңгейде нақты талдау, сараптау жоқ,-деді сессия жұмысын қорытындылаған аудан басшысы Сырым Мұратұлы.

Қоғамдық орында арақ ішіп отырған адамды тәртіпке шақыра алмаймыз деп шарасыздық танытып отырсыз, ереже бар емес пе? Оған басқаша заңдылыққа сай шара алуға болмай ма? Айтыңызшы, жұмыстарыңызға ақпарат құралдары арқылы қанша адам ризашылығын білдірді? Халық қалай бағалайды? Халыққа үгіт-насихат жүргізу сіздердің жұмыстарыңыз емес пе, халық заңды білуі керек. Мен тапсырма бергенше малын қараусыз қоя беретіндермен шұғылданған жоқсыздар, қоғамдық орында темекі қалдығы мен қоқыс тастаушыларға қандай шаралар алынды? Учаскелік полиция жұмысын күшейту керек. Газет бетінде заңды бұзғандардың аты-жөнін көрсетіп, нақты фактілерді жазу керек, істеп жатырған жұмыстарыңды халық білгені дұрыс. Ювеналды полиция жұмысын жолға қойған жөн.

Сабаққа қатынаспайтын, темекі тартатын, әлімжеттік жасап, ақша талап ететін балаларды анықтап, ата-анасына айтып, сол балалармен жұмыс істеу керек. Қоғамдық бағытта бірде-бір жұмыс жоқ, букмерлік кеңселерді, дәмханаларды аралағанда онда жұмыс істейтін басқа жақтың адамдарының тіркелу мерзімдерінің бір айдан асып кеткенін білдік, олармен кім айналысады? Ауданда тәртіп жоқ деген маған да сын. Сондықтан учаскелік инспекторлар үйлерді аралап жұмыс жүргізсе, түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болады,-деді аудан әкімі Сырым Мұратұлы. Сессияда басқа да мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша хабарламалар қаперге алынып, шешім жобалары жеке-жеке дауысқа қойылып, қабылданды.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521