Қолжетімді баспана кімге бұйырады?

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында: «Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз.

Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа, ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін тапсырамын» деген болатын. Президенттің осы тапсырмасы ауданда қалай орындалуда? Бұл жөнінде аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы, тұрғын үй комиссиясының хатшысы Раушан Маратқызы Ареновамен тілдескен едік.

-Раушан Маратқызы, Елбасы тапсырмасына орай, ауданда жеңілдетілген несие арқылы баспаналы болуға үміткерлер бар ма?

-Елбасы тапсырмасына орай, аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлының төрағалығымен өткен аудан активі жиынында «7-20-25» бағдарламасының жергілікті жерде жүзеге асырылу жолдары туралы мәселе қаралды. Ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. Ауыл, елді мекендердегі баспанаға мұқтаж адамдарды анықтап, әлеуметтік зерттеу жүргізу, алғашқы жарнаны азайтудың жолдарын қарастыру бағытындағы шешімін күткен түйінді мәселелер жан-жақты талқыланды. Арнайы белгіленген кесте бойынша өтетін аудан әкімінің қабылдауына келген баспанаға мұқтаж адамдармен де түсінік жұмыстары жүргізілді. Аудан басшысының тапсырмасымен отбасы мүшелерінің жиынтық табыстары есептелініп, баспаналы болуға бір табан жақын тұрғандармен жеке-жеке сөйлесілді. Жалпы «7-20-25» бағдарламасының операторы болып белгіленген жеті банк басшылығына аудан әкімінің қолымен арнайы хат жолданды.

-Олардың шарттары қандай?

-Күні бүгін «Евразия», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банктен» тұрғын үй ипотекасын несиелеу шарттары көрсетілген жазбаша жауап келді. Онда банк филиалдары орналасқан Атырау қаласынан жүз шақырым қашықтықтан аспайтын елді мекен тұрғындарының бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі бары түсіндірілген. Бағдарламаға қатысушы үміткерлерге қойылатын басты талаптар: Қазақстан азаматы болу, еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін тұрақты табыстың болуы,алдын-ала төлем қабілетінің болуы, ипотекалық қарыздардың болмауы, Қазақстан аумағында тұрғын үйінің жоқтығы туралы құзырлы орындар берген анықтама.

-Егде жастағы ата-аналарымен бірге тұратын отбасылар қаладан гөрі ауылдық жердегі жайлы пәтерлерде тұрғысы келеді. Мұны шешудің жолдары қандай?

-Бағдарлама бойынша қалада тұратындардың ауылдан немесе керісінше ауылдағылардың қаладан пәтер таңдауларына құқы бар. Аудан орталығынан таңдалған үйлер ине-жіптен жаңа шыққандай сыңғырлап тұрған су жаңа күйінде болуы тиіс. Ал, пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл болған үйлерді банк қабылдамайды. Үміткерлердің өздері таңдаған үйлерінің сапасына, көлеміне қарай бағалары да әртүрлі болады. Мысалы қаладан алған үй аудандағы үйге қарағанда салыстырмалы түрде қымбаттау болуы мүмкін. Жалпы мемлекеттік бағдарлама аясындағы пәтерлер құны төмендегідей:

Аумағы 45 шаршы метрді құрайтын бір бөлмелік үйдің бағасы-6,5 млн. теңге.

65 шаршы метрлік екі бөлмелі үй-9 млн.теңге.

85 шаршы метрлік үш бөлмелі үй-12 млн. теңгеге бағаланған.

-Аудан бойынша тұрғын үйге мұқтаж қанша адам бар?

- Күні бүгін 731 адам түрлі санаттар бойынша тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың ішінде 410-ы әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, 274-і мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлері, 29 жетім бала да баспанаға аса зәру адамдар қатарында есепке алынған. Бұлардан басқа авариялық жағдайдағы 18 үй бар. Бір айта кетерлік жайт, әлі күнге дейін тұрғын үй кезегіне тұрғандар бірнеше жылдар бойы кезектерін сарыла күтіп, түбі тегін баспанаға қол жеткіземіз деп ойлайды. Құр босқа уақыт оздырмай, өздері тірлік жасап, қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларына қатысып, жеңілдетілген несие алып, жайлы пәтерге қоныстануға асығар емес. Бір отбасында бірнеше адам бюджеттік мекемеде істеп, тұрақты табыс тауып отырғандары да бар. Солар неге осынау мүмкіндікті пайдаланбасқа?

-Жалпы «7-20-25» бағдарламасының мәнін түсіндіріп, үш цифрды сөйлеткеннің артықтығы болмас?

-«Есептей білгеннің есебі түгел» дегендей, бұл цифрлардың астарына үңілгендер ешқашан ұтылмасы анық. Яғни, бағдарламаға қатысушы үміткер барлық қажетті құжаттарын өткізгеннен кейін банкпен келісім шартқа отырып, жеті пайыздық үстемемен таңдаған үйіңізді сатып алуға қажетті қаражатты аласыз. Бірақ банк шарты бойынша сіз көрсетілген қаражаттың жиырма пайыздық мөлшерінде алғашқы жарнаны төлеуге міндеттісіз. Содан кейін өзіңізге ұнаған жайлы пәтерге көшіп алып, 25 жыл бойы ай сайын несиеңізді төлеп, ақыр аяғында сол өзіңіз тұрған үйді басыбайлы иемденесіз. Бір үйден бір үйге көшіп, өмір бойы пәтер жалдап жүрмейсіз. Бұл бағдарламаның тиімділігі де сонда.

-Бағдарлама бойынша қандай жеңілдіктер бар?

-Құзырлы орындардан сұрастырып білгеніміздей, әлеуметтік көмек несие алушыға бір реттік бір млн. теңге көлемінде беріледі. Мұндағы мақсат – әлеуметтік көмек беруден білікті мамандардың корпусын жасақтау. Он бес жыл мерзімге берілетін пайызсыз ссуда алғашқы жарнаның он пайызын құрайды. Сондай-ақ, қарыз алушының тиісті табысының мөлшері банк талабына сәкес келмеген жағдайда бірлескен қарыз алушыны (жұбайын, ата-анасын, досын) біріктіруге болады. Яғни, тұрғын үй несиесін алуға кепіл болып саналады. Екінші деңгейлі банктер қосалқы қарыз алушылардың табысын растайтын құжаттарды талап етуге құқылы.

-Раушан Маратқызы, жалпы аудан бойынша баспаналы болу мүмкіндігі қандай?

-2017 жылы жаңадан салынған көп қабатты алпыс пәтерлік үй пайдалануға беріліп, заңдылыққа, тұрғын үй кезегіне сәйкес өз иелерін тапты. Олардың құжаттары рәсімделіп, жалға берілді. Бұдан басқа 27 үй сатып алынды. Оның 15-і баспанаға мұқтаж, түрлі санаттағы азаматтарға берілсе, облыс әкімінің тапсырмасына сай 12 үй қызметтік пәтер ретінде жергілікті полиция қызметкерлеріне табысталды.Ал, 2018 жылы 16 үй сатып алынды. Оның 9-ы әлеуметтік жағынан осал топтарға берілсе, авариялық жағдайдағы үйде тұрып жатқан бір отбасы баспаналы болды. Қызметтік пәтер ретінде пайдалануға алты үй бөлінді. -Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Н.ТЕЛЬМАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521