Насихатшы Насиха

Жыл мәресі жақындаған сайын ертеңге іс қалдырмай, биыл бітіретін жұмысты тиянақтауға жанталаса ұмтылған бір адам.

Аудан әкімдігінде де абыр-сабыр, қарбалас көбейген. Аудан әкімдігінің аппарат мәжілісінде сала-сала бойынша бөлінген бюджет қаржысының игерілуі қайта-қайта пысықталып, жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берілді. 2019 жылдың баспасөзіне жазылу мәселесі де күн тәртібінен түспей, «міндетті түрде жазыл» деп тоқпақтамағанмен, саналы түрде жергілікті басылымдарға жазылуға ықпал ету жөнінде кәсіпорын, мекеме басшыларына құлаққағыс жасалды. Баспасөзге жазылуды жүз пайызға мерзімінен бұрын орындаған аудандық білім бөлімі тарапына жылы сөз айтылып, өзгелерге үлгі етілді.

Дәл сол сәтте аудандық білім бөлімі бойынша кітапхана қорының әдіскері Насиха Сырымбайқызы Ермекбаева ойымызға орала кетті. Оның да өзіндік себебі бар. Ширек ғасырдан астам уақыт осы білім беру саласында үзіліссіз еңбектеніп келе жатқан Насиха Сырымбайқызы Елбасының сарабдал саясатын насихаттауда алдына жан салмайды десек, артық айтқандық емес. Ол қоғамдық жұмысқа да белсене араласады. Соның ең бастысы, ұстаздар қауымын жергілікті басылымдарға жаздыруды ұйымдастыруды өзінің төл міндеті санайды.

-Газет-халықтың мұң-мұқтажын, ой-тұжырымдарын айтатын мінбер іспетті, - дейді Насиха Сырымбайқызы. Өзі бір күндік, сөзі мың жылдық баспасөзге деген қызығушылығым мен құрметім шексіз. Сондықтан қазіргідей жаһандану дәуірінде рухани азықтан ажырап қалмау үшін өзімді-өзім қамшылап, әріптестерімді де баспасөзге уақтылы жаздыруға барынша ықпал етіп келемін. Олар да түсіністікпен қарайды. Өзіміз газет-журнал оқымасақ, балаға қалай кітап оқы деп талап қоямыз?

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай аудандық ақпараттық-насихаттық топ мүшесі, қоғам белсендісі Насиха Ермекбаева Елбасы Жарлығына сәйкес, «Астананың 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды. Ол мұндай құрметке әбден лайық жан. Алғаш саны шыға бастағанына 80 жылға жуықтаған аудан айнасы –«Жайық шұғыласы» газетінің шын жанашыры ретінде таралымын көбейтуге аянбай атсалысатын да, үш айға жазылатындармен «айтысып», шыр-пыры шығып, жүгіріп жүретін де осы кісі. Бұған қалай қуанбассың?!

Е.ҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521