Махамбет селосы, Абай көшесі 10. +7 (71236) 2-11-34 zhayk-shugylasy@mail.ru

Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің қайнар көзі

Отбасы құндылығын біз мемлекеттен бөлек қарай алмаймыз. Өйткені, Отан – отбасынан басталады. Отбасындағы оңды ахуал мемлекеттің дамуына да зор ықпал етеді. Қазақ отбасы ел мен жерді сүйе білсе, тіліміз бен дәстүрлі дінімізді сақтаса ғана ұлтжанды да парасатты ұрпақ тәрбиелей алады.

Жалпы әлемде қазақ халқының ұлттық тәрбиесіне жететін тәрбие жоқ. Қазақ ықылым заманнан бері ұл-қызын «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен тәрбиелеп келді. Ұят- қазақ шаңырағының ұстанымы. Ана құрсағынан басталған ұлттық тәрбие балабақша мен мектепте жалғасын тапса, рухы асқақ, Отанын жанындай сүйетін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей алатынымыз анық. Абай атамыз «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі, ата-анасынан, екінші - ұстазынан, үшінші-құрбысынан» деген. Отбасы мен мектептен тыс «баланың досы кім, қандай ұл немесе қыз?» деген сұрақтардың төңірегінде де ойлануымыз абзал. Себебі, бала осы үшеуінің қайсысын жақсы көрсе, қайсысын қатты сыйласа, соның ықпалында кетеді.

Бүгінгі жаһандану заманында балаға сыртқы жағдайлар ерекше әсер ететіні даусыз. Бүгінгі бала мен өткен ғасырдың балаларын салыстыра алмаймыз. Бүгінгі бала заман ағымының ашық теңізінде ешқандай сақтандыру шарасынсыз жүзіп бара жатқан қорғансыздай. Яғни, бұл оның соққан дауылға өздігінен төтеп бере алатын жағдайы жоқ деген сөз. Баланың сыртқы ортадағы ділімізге жат нәрселерге төтеп беріп, өмірден өз орнын адаспай табуы үшін ұлттық тәрбиенің нәрімен қоректендіруге міндеттіміз.

Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның отбасына әсері сөзсіз мол. Жаңа ғасырда халық санасында орасан зор және түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Интернет жастарға құшағын айқара ашты. Сол интернетте бала бойындағы ар-ұят, намыс атаулыны тұншықтырып өлтіретін шектен шыққан бейәдеп фильмдер қаптап тұр. Оның сыртында сонау шетелде отырып, әлеуметтік желі арқылы қазақ жастарының діни сенімін бұзушылар да баршылық.

Соның салдарынан ата-бабамыз ұстанған ислам дінін бұрмалап, өз қазығын өзі теуіп, намаз оқымағаны үшін өмірге әкелген әке-шешесін «кәпір» деп адасқан қаншама жас- тарымыз бар?! Біз бүгінгі заман тудырып отырған жаманды-жақсылы өзгерістердің ұлттық болмысымызға әкелер кері әсерімен қалай күресеміз? Бұл сұрақ кез келген ата-анадан бастап, білім, денсаулық, мәдениет салаларын толғандыруға тиісті деп санаймын.

Отбасы құндылықтарын бағалай білмеген бала ұлттық құндылықтардың да қадіріне жете алмайды. Отбасындағы жарасымды қарым-қатынас баланы өмірдің қыр-сырын ұғып өсуіне, жалпы адами қасиеттерді бойына сіңіруге, ұлттық дәстүр мен салт-сананы берік ұстануына ықпал етеді. Бұл жерде осынау асыл қасиеттерді бала бойына сіңіруде ата-ананың және жанұядағы жарасымдылықтың орны ерекше. Бүгінгі қоғамда кездесіп отырған келеңсіз жағдайдың барлығы отбасы тәрбиесіндегі олқылықтардың салдарынан екені анық.

Толығырақ газетімізден оқи аласыздар 

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?