Дамир Маратов, Қарағанды республикалық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бегилдинов атындағы "Жас ұлан" мектебінің курсанты:

-   О.Шонаев атындағы орта мектепте білім алып жүрген кезімізде, бізден жоғары сыныпта оқыған, кейін әскери оқу орындарына түскен ағаларымыз мектепке келіп, кездесу ұйымдастырып, өздері оқитын оқу орындары жайлы айтып жүрді.

Соларға қарап менде де әскери адам болсам деген арман пайда болды. 9 сыныпты бітірген соң Қарағанды қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне барып, бағымды сынап көрдім. Бағым жанып, оқуға қабылдандым. Әрине, үнемі ата-анамыздың қасында қиындық көрмей өскен біздер үшін  бірден әскери өмірге үйреніп кету оңай болған жоқ. Басында қатты қиналдық. Темірдей тәртіпке шыдай алмай оқудан шығып кеткен балалар да болды. Кейін 16 жастан бастап үстімізге форма киюдің үлкен жауапкершілік екенін түсіндік. Мінезіміз де өзгерді. Балалықты артқа тастап, үлкен өмірге қадам басқандай болдық. Аз сөйлеуді, сабырлы болуды, қандай мәселені де салқынқандылықпен шешуді меңгердік.

Ата-ананың, бауырларымыздың, туған жердің, шынайы достықтың қадірін түсіндік. Өзімнің бала кезден қасымда келе жатқан қазір де өзіммен бірге оқитын Таумұратты жан досым деп айта аламын. Адал дос басыңа қиындық түскенде қасыңнан табылады. Қандай жағдайда да сені сатып кетпейді. Нағыз ер азаматтың бойынан ақылдылық, сабырлылық, шыдамдылық, қыздарды өз қарындасындай сыйлай білетін, ата-анасын құрметтейтін қасиеттер табылуы керек. «Жас ұлан» мектебінде капитан Байкенов деген ұстазым бар. Өзім осы кісіні қатты қадыр тұтамын, соған ұқсауға тырысып жүремін. Мен де Таумұрат досым сияқты кіші сержант шенін иығыма қадап үлгердім. Бұл біз үшін зор мәртебе. Мектепті бітірген соң құрлық әскерін даярлайтын оқу орнына түспек ойым бар. Ең басты өмірлік ұстанымым – ата-анам мақтан тұтатындай ұл болу.    

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521