Балықтар өлімі: табиғи апат па, әлде?...

Жайық өзенінің тазалығы мен ондағы байлық көзі балықтарды сақтау ең басты әрі қоғамға ортақ мәселе екені даусыз.

Өткен жылдың желтоқсан айында өзенде балықтардың жаппай қырылу фактісі тіркеліп, жергілікті халық балық өнімдерін пайдаланудан секем алып қалған еді. Аталған оқиғадан кейін экологтар мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары аяқтан тік тұрып, балық өлімінің себептерін анықтауға күш жұмылдырды. Облыстық балық шаруашылығы басқармасы, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, экология департаменті, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты, ветеринарлық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясы, төтенше жағдайлар департаменті мен Атырау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандарынан құралған комиссия арнайы брифинг өткізіп, жағдайды егжей-тегжейлі баяндады. Атырау облысының бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Қайратқали Хайролла балықтардың өліміне себепкер болуы мүмкін деген кәсіпорындарды атап өтсе, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті департаменті басшысының орынбасары Арман Молдашев нақты кінәлінің тергеу нәтижесінде анықталатынын мәлімдеді.

Сала мамандарының мәлімдеуінше, су жәндіктерінің жаппай қырылуының салдарынан келген шығын көлемі 4 млн. 200 мың теңгені құраса, өлі балықтардың жалпы салмағы 63 тоннаға жеткен. Атырау облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Махамбет инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрболат Қаратекеевті сөзге тартқан едік.

-  Жайық өзенінің оң және сол жақ бетін қоса есептегенде ауданымызға қарасты 18 су айдыны орналасқан. Желтоқсан айында орын алған балықтардың қырылуына байланысты сынамалар алынды. Алайда, ешқандай балық өлімі, тұншығу фактілері анықталған жоқ. Тұрғындарға өзен суынан немесе балықтардан сескенудің қажеті жоқ дегім келеді.Қазіргі уақытта ауа температурасының төмендеп, су айдындарының бетін мұз жамылғысы күннен-күнге қалыңдап басуда, ал ол судағы оттегіні азайтудың бірден-бір себебі. Соған орай бөлім маман инспекторлары балықтарды оттегімен қамтамасыз ету мақсатында үкі, ойық ою іс-шараларын жүргізуде. Жуық арада жергілікті әкімдікпен бірлесіп, мұз ою жұмыстарын бастамақпыз, - дейді ол.

Сонау сексенінші жылдардан бері балық аулауға ден қойып, әуесқой балықшы атанған, Алға ауылының тұрғыны Бауыржан Мәжиев ағамыз өз ойымен бөлісті.

-  Шыны керек, өзеніміздің жағдайы күн өткен сайын нашарлап барады. Қазіргі таңда бұрынғыдай тайдай тулап жатқан балықтар жоқ. Бұрын аулаған сан түрлі балықтарды тек түсімізде ғана көретін жағдайға жеттік. Жақында өлкемізде балықтардың қырылып жатқаны жөнінде республикалық деңгейде ақпарат тарады. Қаншама тонна балық көзден бұл-бұл ұшып, кете барды. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Өзен суының азаюы, судың ластануы су жәндіктеріне кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Бізде өзен біреу, ондағы мәселені шешу бәрімізге ортақ іс деп санаймын. Мәселені анықтауды құзырлы органның мойнына артып қоймай, бүкіл ел болып, күш жұмылдыруымыз керек, - дейді Б.Мәжиев.

МАМАН ПІКІРІ

-  Аудандық балық қорын қорғау саласына жұмысқа тұрғалы он сегіз жыл турасында Жайық өзеніндегі балықтардың су асты жаппай қырылу, тұншығу қаупін бұрын- соңды естіп немесе көргенім жоқ. Біздің аудан көлемінде жылма-жыл Жайық өзенінде табиғат пайдаланушылармен бірге бөлім қызметкерлері әр елді мекеннің тұсынан көлемдері 2х3, 3х4 болатындай етіп, үлкен ойықтар ояды және де аудан көлеміндегі әуесқой балықшылар балық аулау үшін кем дегенде бір балықшы 5 үкіден ояды. Ол да болса, су асты балықтарына оттегінің жеткізіліп отырғандығы.

Ауданымыздағы су айдындарына Жайық өзенінің өр суы құйылып, сумен бірге қара балық уылдырық шашуға кіріп, кейіннен Жайық өзенінің су деңгейі тоқтап қалған уақыттарда осы су айдындарында уылдырықтарын шашып үлгере алмаған балықтар мен уылдырығын шашып, өзінің келген ізімен қайтадан өзенге шығып үлгере алмаған балықтардың жаппай қырылуы болып тұрады. Ол табиғаттың заңдылығымен, әрине. Ал белгісіз жағдайда балықтың жаппай қырылу дерегі тіркелген емес. Жылда жаз маусымының ыссы болып, су айдындарының табанында былтырдан қалған әртүрлі қураған өсімдіктердің қалдығы мен ауыл маңындағы малдардың қиының суға шайылып, су құрамындағы органикалық заттардың көбеюне байланысты су құрамы өзгеріп, суасты балықтарына оттегі жетіспеуі салдарынан тұншығу, қырылу қаупі мүмкін болғандықтан суы бар барлық су айдындарынан суасты балықтарын комиссия құрамымен тексеріп мелиоративтік жолмен аулап, тазартып, тұрады, - дейді эхтиолог-маманы Нәсіпгүл Бағытжанова.

Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте балықтардың зиянды химиялық қосындылардан уланғаны белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің зертханалық сараптама қорытындысына сәйкес, балықтардың қырылуына өзен суының құрамында аммиактың шамадан тыс артуы себеп болғаны және сол уақытта су құрамында хлоридтердің қалыпты көлемі шамадан тыс артқаны анықталды. Қазіргі таңда балықтардың жаппай қырылуына қатысты екі қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жалғасуда.

Б.САПАРОВА.

Атырау тұрғыны Асқар ҚҰСАЙЫНОВ ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ блогына хат жолдаған еді:

-  «Құрметті Қанат Алдабергенұлы! Атырау қаласы мен Батыс Қазақстан облысының жұртшылығы Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылып жатқаны жайлы дабыл қағады. Өйткені, Жайық өзені Батыс Қазақстандағы бірден бір тұщы су көзі. Бұрын-соңды болмаған балықтардың жаппай қырылуы табиғи апаттан емес, адам әрекетінен орын алып отыр. Бұл мұнай мен газ өндіруші компаниялар шоғырланған, сонымен бірге экологиялық зиянды заттар бөлініп жатқан Каспий өңірінде болып жатыр. Тексеру жүргізіп, проблема көзін анықтауды, мұнай өндіруші компанияларға қоршаған ортаға, әсіресе, су айдындарына зиянды заттар тастауға тыйым салуды, Жайық өзені суының жарамдылығын тексеріп, балық популяциясын қалпына келтіру секілді шаралар алуыңызды өтінемін”.

Министрдің жауабы:

-  Құрметті Асқар Құсайынов! 2018 жылдың 3 желтоқсанында Атырау облыстық экология департаментінің мамандары облыстық орман және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандарымен бірлесіп, балық қырылған жерге барды. Өзен суының сынама үлгілері үш нүктеден, сондай-ақ “АтырауСуАрнасы” КМК құбырының өзенге құйылатын нүктесінен алынды. Атырау облысы әкімдігінің жетекшілігімен Жайық өзені бассейнін зерттеу үшін мүдделі органдар қамтылған ведомствоаралық комиссия құрылды. Сондай-ақ, 2018 жылдың 4 желтоқсанында ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірге зертханалық зерттеу жүргізу үшін балық қырылған жерлерден қайтадан су сынамалары алынды. Перетаска ауданында «Атырау ЖЭО» АҚ-ның су алу және «АтырауСуАрнасы» КМК-нің су жіберу құрылғыларынан сынамалар алынды. Ағымдағы жылдың 6 желтоқсанында су сынамалары Зарослый каналынан, каналдың Жайық өзенімен жалғанған нүктесінен, сондай-ақ бекіре зауыты жанындағы Жайықтың әртүрлі тереңдігінен алынды. Температура, сутек көрсеткіші, аммоний азоты, анионды беттік белсенді заттар, қалқымалы заттар, жалпы темір, мұнай өнімдері, нитраттар, нитриттер, сульфаттар, құрғақ қалдықтар, хлоридтар, фенолдар бойынша сынамалар анықталды. Хлоридтердің шамадан тыс асқанын қоспағанда, барлық сынамаларда шекті рұқсат етілген концентрациядан асу көрсеткіші байқалмады. Биылғы 13 желтоқсанда Атырау облыстық Экология департаменті «Атырау Су арнасы» КМК-не жоспардан тыс тексеруді бастады. Қазір тексеру жұмыстары жалғасуда. Тексеру барысында экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар алынады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521