Артық құжаттарды талап етумен күрес

Қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету кезінде жасанды әкімшілік кедергілерді анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі (бұдан әрі-Агенттік) мен оның аумақтық департаменттері қоғаммен байланысу арқылы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде.

Бұл ретте Агенттіктің Атырау облысы бойынша департаменті қоғамдық бірлестік ұйымдары өкілдерінің қатысуымен Атырау қаласындағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарға яғни, емханаларға «Жасырын тұтынушы» әдісі арқылы қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізді.

Қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізу барысында «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша бірқатар заңбұзушылық фактілері анықталды.

Атап айтқанда Атырау қаласының №1, №2, №3, №4, №5 және №7 емханалар тарапынан жоғарыда аталған қызмет бойынша қызмет алушылардан стандартпен ұсынылуы көзделмеген құжаттарды яғни, қызмет алушының, оның балаларының жеке куәлік және туу туралы куәлік көшірмелерін сондай-ақ флюорографиялық түсірілімді негізсіз талап ететіндері белгілі болды.

Бұдан бөлек, Атырау қалалық №1, №2, №3 және №4 емханалардың қызметкерлері тарапынан осы аталған мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша қызмет көрсету мерзімі 3 күнді құрайтындығы туралы кеңес берілген болатын.

Алайда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі №272 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 4-тармағындағы талаптар яғни, қызмет көрсету мерзімі құжаттарды қызмет берушіге тапсырғаннан кейін сол күні көрсетілетіндігі ескерілмеген.

Жоғарыда аталған фактілерді жою, алдағы уақытта болдырмау сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Департаментпен Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасына тапсырмалар беріліп, бүгінгі күні тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жеңісбек БАЙШЕРКЕШОВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521