Ақтоғайдың жастары атқа қонды

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы кеудесінде намысы бар әрбір қазаққа ой салады деп есептеймін.

Өйткені, көшпенді ғұмыр кешкен қазақ халқы үшін жылқы малының орны ерекше. Атқа мінсе, аруақтанып, ұрандап жауға шапқан батырларымыз ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен ұлан-ғайыр даламызды басқыншы жаудан қорғап, кейінгі ұрпаққа мирас еткен. Жоғарыдағы мақаланың «Атқа міну мәдениеті» деген тарауында: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды» делінген. Бұл қайсар рухты халқымыздың жауынгерлік жорықтарындағы ерлік дәстүрінде тұяғынан от шашыраған тұлпарларымен даңқы шыққандығын көрсетеді. «Ат-ер қанаты, қазақ жылқы мінезді» деген сияқты жылқыға қатысты мақал-мәтелдердің небір шұрайын келтіруге болады. Бір сөзбен айтқанда сұлы беріп баптаған сәйгүліктер Ұлы Даланы дүбірге бөлеген бабаларымыздың тірлігінің ажырамас бір бөлігіне айналғандығы тарихтан белгілі. Яғни, жел қанат жылқының жалына жармасып жүріп, жолда қалып көрмеген, ешкімге есесін жібермеген.

Ал сол атқа міну мәдениетін күллі әлемге таратып қана қоймай, үйреткен бұрынғы өткен бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтары жылқыға тек семіз соғым ретінде қарайтыны қынжылтады. Атты қалай ерттеу, оны бәйгеге қосу үшін жарату, қамау терін алу деген сияқты ер азаматқа сын, әрі мін болатын міндеттерін біле ме екен, темір тұлпарды тақымында ойнатқан бозбалалар. Үзеңгі, таралғы тебінгі, өмілдірік, тоқым, төс айыл деген сияқты ат әбзелдерін атап бере ала ма? Міне, әңгіме сонда болып тұр.

Әрине, жігіттердің намысын ояту мақсатында осындай шымбайға батар шындықты айтып отырмыз. Әйтпесе қазақ атқа мінуден қалды десек, қателесеміз. Оған соңғы жылдардағы мұнайлы аймақта дүркін-дүркін ұйымдастырылған аламан бәйге, ұлттық көкпар додаларын мысалға алсақ та жеткілікті. Ат спортының ішінде біздің облыста көкпар тым кенже дамыған. Соған қарамастан қызуқанды, намысты жігіттер осынау ата-баба дәстүрін жандандырып жатқандығы көңіл қуантады. Осыдан бірер жыл бұрын округ аумағында орналасқан шаруа қожалықтарының бірінде жұмыс істейтін қырғыз бауырлармен келісіп, Ақтоғай ауылында көкпар ұйымдастырдық. Сол-ақ екен, мұрты енді ғана тебіндеген бозбалалардың көкпарға көңілдері ауып, әлгі қырғыз жігіттермен бірге ат спортына жаттыға бастады. Өздері де аз уақыттың ішінде біраз төселіп қалды. Өкінішке қарай, қожалықта жалдамалы жұмыста жүрген көкпаршы жігіт қалаға басқа жұмысқа ауысып кетті. Сонда да бастаған істі орта жолда тастап кетуді намыс көрген Ақтоғай ауылының жігіттері Құрылыс Ерасыл, Сәтберген Өмірзақов, Арыстанғалиұлы Думан, Аманбаев Рамазандар ерінбей, жалықпай қалаға барып, көкпардың қыр-сырын меңгеріп, білікті көкпаршылардың қарамағында жаттығуды жалғастыруда. «Ат айналып, қазығын табар» дегендей, түбі олар өздерінің туып-өскен Ақтоғай ауылына оралып, көкпар командасын құруға талпыныс жасайтындарына сенімдімін. Сол кезде олардың басын біріктіріп, шаруаларын үйлестіріп, ұйымдастыратын қалталы іскер азаматтар табылып жатса, нұр үстіне нұр.

Бақытжан ОРЫНҒАЛИ,

Ақтоғай ауылдық округінің әкімі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521