Жиын-терін науқанын аяқтап, қарбалас шаруаларды да ыңғайлап, көңілді бір демдеген берекелі қоңыр күзде өзінің алғаш құрылғанына 90 жыл толу мерейтойын салтанатты жағдайда атап өткен Махамбет ауданы уақыт керуеніне ілесіп, ілгері жылжып барады.

Жалпы «сырт көз-сыншы» дегендей, осы киелі құт мекенге қызмет бабымен келіп, іске кіріскенімде басқа өңірлермен салыстырғанда инфрақұрылымы барынша жетілген, географиялық орналасу жағынан да тұрмысқа қолайлы, табиғаты сұлу, таңғажайып жерұйық екендігіне еш күмәнім болмады. Ауданның қалаға бір табан жақын орналасуы да Елбасы тапсырмасына сәйкес, ауылдық жерде шағын және орта бизнесті дамытуға деген жергілікті кәсіпкерлердің құлшынысын туғызуда. Өйткені, өндірілген, өңделген өнімді сұранысы жоғары қала базарларына, басқа да сауда нүктелеріне жеткізу шығыны арзандайды. Кәсіпкер мен тұтынушы арасында ешқандай делдалсыз, тікелей байланыс орнайды. Мұндай артықшылықтарды әлі де жалғастыра беруге болады, бірақ біздің айтпағымыз басқа.

Алманың 95 түрі өскен

Елбасы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» деген мақаласында: «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты» дей келіп, Ұлы Жібек жолының экономиканы өркендетуге қосқан үлесіне тоқталып, Қазақстан-алма мен қызғалдақтың тарихи отаны екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденгенін атап көрсетеді. Ал осы Ұлы Жібек жолы бойындағы Қазақ елінің алғашқы астанасы-көне Сарайшық қаншама зерттелсе де, әлі құпиясын ішке бүгіп жатыр. Елбасының киелі жерлер географиялық картасына енген Сарайшықтың көркейіп, гүлденетін кезі әлі алда. Оған қазірдің өзінде алғышарттар жасалып, арнайы әзрленген ауқымды жобаны жүзеге асыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынуда.

Бұған ерекше тоқталуымыздың себебі, жергілікті Сарайшық тұрғындарының айтуынша, осыдан он бес шақты жыл бұрын осы Сарайшықтағы алма бақта алманың 95 түрі өскен көрінеді. Оны күтіп-баптаған «Тәжірибе» стансасы қызметкерлері алма бақтан мол өнім жинаған. Бұл Елбасының «Қазақстан-алманың тарихи отаны» деген тұжырымын одан сайын нығарлай түседі. Демек, киелі жердің құнарлы топырағында жеміс ағашының түр-түрін өсіруге негіз бар. Ендеше, неге осы игілікті істі ыждағаттап қолға алмасқа? Кезінде атағы дүрілдеген алма бағын қайтадан қалпына келтіруге болмай ма? Жермен жұмыс жасай білетін кәсіпкерлер қайда қарап отыр? Жекешелендірудің «құрбаны» болған Сарытоғайдағы алма бақ туралы да тап осындай көңілсіздеу әңгіме айтуға болады. Бірақ алға қарай осы алма бақтарды қайтадан қалпына келтіру үшін жерін заңдастыру, нағыз иесіне табыстау бағытында ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы аудан бойынша күні бүгін 153 гектар жерге жеміс ағаштары егілген. Оның 134 гектары «Атырауагроөнімдері» ЖШС-не тиесілі. Көршілес Ресейдің Волгоград қаласындағы ботаникалық бақ қызметкерлерімен тәжірибе алмасып, әріптестік байланыс орнатқан бұл серіктестік алманың ондаған түрін өсіріп шығарып, мол өнім жинауға қол жеткізіп отыр. Бұлардан басқа аудан бойынша «Алмалықұс» ЖШС, «Рамазан», «Дәурен» шаруа қожалықтары «көрпелеріне қарай көсіліп», әрқайсы- сы 3-5 гектардан жер алып, жеміс ағаштарын өсіруге талпыныс жасауда.

«Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім...» деген дауылпаз ақын Махамбет бабамыздың арманы толық орындалды ма? деген ой келеді кейде. Өйткені, Жайықтың арғы-бергі бетіндегі тоғайлар сиреген, кезінде отынға пайдаланып, оталған. Соның орнын толтыратын мезгіл жетті. Жалпы бұл бағытта да қозғалыс бар. Аудан орталығы, Махамбет ауылын орап жатқан жасыл белдеуге, көшелердегі саябақтарға тал отырғызу жұмысы біршама қолға алынды. Жазғытұрым 1500 түп, ал күзде 2500 түп тал отырғызылды. Бәрінің жерлері заңдастырылып, айналасы темір шарбақтармен қоршалған, жазғы су құбыры барып тұр. Ендеше, ауылымыз жасыл желекке көмкерілетін күн қашық болмас, сірә? Жас талдар да кішкентай сәби сияқты, оларды да мәпелеп күту керек. Сондықтан ауданның әрбір тұрғыны бойынан оттегі бөліп шығарып, ауаны тазартатын жанға сая жасыл желектің жайқалып өсіп кетуі үшін жанашырлық танытып, күтіп-баптап, бойлап өсіп кетулері үшін қолдан келгенше үлестерін қосып жатса, нұр үстіне нұр. Өкінішке қарай, темір торды да сындырып, қой-ешкіні айтпағанда, айғыр үйір жылқыны жасыл белдеуге кіргізіп жіберген фактілер де кездескенін несіне жасырайын.

Бұл кейде сыныққа сылтау іздеп, сынап – мінеуге бейім тұратын келімді-кетімді қонағы көп аудан орталығы-Махамбет ауылындағы көркейту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарының жай-жапсары. Ал Жайықтың арғы бетіндегі ызғындай ауылдарда мұндай жұмыстар кенже қалған десем, артық айтқандық емес. Әлеуметтік мекемелер маңайындағы шелектеп суарып өсірген бірен-саран теректер болмаса, ауылдар алыстан жұпынылау көрінеді. Соңғы жылдары бұқар жақ беттің тіршілік тамырына қан жүгірді. Атырау-Индер бағытындағы күре жолға тасжол төселіп, кірме жолдар күрделі жөндеуден өтіп, жергілікті тұрғындар жол азабынан біржола құтылғандай болды. Ол аз десеңіз, Азия мен Еуропаны жалғайтын Жайық өзені үстіндегі аспалы алып көпір ауданның ғана емес, еліміздің көлік-логистикалық жүйесін жаңғыртып, айды аспаннан бір шығарғандай болды. Сөз жоқ, мұның бәрі Елбасының сарабдал саясатының, ел – жерге деген қамқорлығының арқасы деп білеміз. Енді барлық жағдай жасалған, егін саласың ба, жеміс ағаштарын өсіресің бе, әлде балық өндірісін дамытасың ба? Оны іскерлік қабілетің мен қалауың білсін. Елбасының өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы-оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деп бағыт сілтеп, саналарда сілкініс жасау, заманға бейімделіп, өзгеру қажеттігін шегелеп айтқан. Олай болса, өзеннен алтын балық ұстап алып, тілегін орындататын ертегіге сеніп, қол қусырып қарап отыратын заман келмеске кетті. Қазір батыл іс-қимыл, қарекет жасайтын кез. Бәріңізді өздеріңіздің отбасыларыңды асырау үшін ортақ Отанымыз-Қазақстанды көркейтіп, гүлдендіру үшін бірлесе еңбектенуге шақырамын.

«Өзен жағалағанның өзегі талмайды»

Бастауын сонау жоғарыдағы Орал тауларынан алатын Жайық өзені-баға жетпес байлығымыз, ырыс-берекеміз. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей, тағдырдың теперішіне ұшырап, арып-ашыған талай міскін құр сүлдерін сүйретіп, Жайық бойына аман жетіп, аранын ашқан ажалдан аман қалғаны тарихтан белгілі. Ұлы су деп дәріптейтіні де сондықтан. Жайық өзенінен кезінде бағалы балықтың қаншама түрі ауланғанын өздеріңіз жақсы білесіз. Тіпті кейбіреулер көктемгі өр суы тасығанда балықтар үйге кіріп кететінін айтқанда сенеріңді де, сенбесіңді де білмей дал боласың. Сол Исатай-Махамбет бабаларымыз ат суарған, талай тарихтың куәсі болған Жайық жарықтық белінен күйрете соққан жыландай арнасы жіңішкеріп, ирелеңдеп, жылап ағып жатқандай сезіледі. Қаншама уақыт сынына төтеп берген Ұлы су әлі де жағасындағы отырықшы елді асырап келеді. Сол өзеннен құбырмен су тартып алған егіншілер мол өнім жинаса, жан-жақтан андыздаған төрт түлік мал да осы өзеннің жағасында тоқайласады. Осының бәрі елдің ырысы емей немене?

Алайда, соңғы жылдары осы Жайық өзенінің экологиясы осы саланы зерттейтін ғалымдарды да ойландырып отыр. Осы орайда, бұл мәселе құмдауыт жағалауларында табанының ізі қалған осы Жайық бойының төл тумаларын неге толғандырмайды деген заңды сұрақ туады. Өйткені, Жайық өзенінің жағалаулары күл-қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Табиғат аясына серуенге шыққандар өсіп тұрған жыңғылдарды сындырып, отқа жаққандарымен қоймай, жағалаудан ескен ерке самал лебіне танау төсеп рахаттанып отырып, өздерімен бірге ала шыққан тағамдар қалдығын оңды-солды шашып, енді қайтып бұл жерге келмейтін адамдай айналасын қорс қылып, бүлдіріп кетеді. Босаған шөлмектерді бір-біріне шағып, сындыруларын есі бар адамның ісі дей алмаймыз. Пакетімен бірге суға лақтырылған қоқыс қаншама? Сол өзіміз ластаған суды өзіміз күнделікті тұтынып отырғанымыз қаперлеріне кіре ме екен, сірә? Кезінде заманның жаман сұрын көріп шошынған Мұрат Мөңкеұлы: «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп ұрпағын сақтандырған. Менікі де соның кері ғой. Жыл сайын көктемгі – күзгі санитарлық тазалық айлықтарында жағалауға сенбіліктер, түрлі акциялар ұйымдастырып, ретке келтіргендей боламыз. Бірақ артынша қай жақтан келіп қалғаны белгісіз, Жайық жағалауы қоқыстан ыбырсып жатады. Бұған кімді кінәлаймыз? Ойланайықшы, ағайын!

Тұрғындар селт етпейді

«Ат сатсаң, ауылыңмен, ауылына қарап, азаматын таны, тазалық табалдырықтан басталады» деген қанатты сөздер өмір шындығынан алынған. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы, жалпы тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысқанымда ең алдымен мені тазалық мәселесі ойландырды. Өйткені, көшелерден жолшыбай төге салған күл-қоқыс, шашылып жатқан сусындардан босаған ыдыстарды жиі көзім шалады. Санитарлық-тазалықтың екі айлығы аясында ұйымдастырылған сенбіліктерде арнайы техникалар бөлініп, тазалық жұмысы біршама реттелгендей болды. Онда да сенбілікке шығатын бюджеттік мекеме қызметкерлері, басқа да еңбек ұжымдары. Ал тұрғындар жалпылама сенбілікке шығып, үйлерінің айналасын тазалаудың орнына көше бойлап қоқыс жинап келе жатқандарға шарбағынан сығалап қарап тұрады. Оларды өз балаларын білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздардың негізгі, ақы төленетін жұмыстарын ысырып қойып, «жау киімді» киіп, көше сыпырып жүргендері ойландырмайды. Сол сияқты әншейінде ақ желеңді абзал жандар деп әспеттейтін дәрігерлер де қай бір жетіскеннен қолдарына айыр,тырнауышын ұстап, көшеде сенделіп жүр дейсіз? Ал ауыл тұрғындары бұған селт етпейді.

Әрине, тазалық жұмысы тек сенбілікпен шектелмейді. Меніңше, санитарлық тазалық жұмысы жыл он екі ай бойы үздіксіз жүргізілуі тиіс. Тазалық ең бірінші өзіміз үшін, өзіміздің балаларымыздың денсаулықтары үшін қажет. Өйткені, күл-қоқыс төгілген, иістеніп, ыбырсып жатқан жерге ауру үйір. Әсіресе, жаздың ыстық мезгілінде жұқпалы ауру тарататын зиянкестер көбейіп, әсіресе, балалар арасында жедел өткір ішек аурулары өрши түсетінінен хабардармыз. Сондықтан ауылдың әрбір тұрғыны өз үйі, аула, қора-қопсы маңайын үнемі таза ұстап, айналасына жанға сая болар жасыл желек отырғызып, өздерін қоршаған ортаны сауықтыруға жұмыстанғандары жөн. Аудан орталығындағы көненің көзіндей ертеректе салынған көп қабатты үйлердің төңірегі қысы-жазы қоқыстан бір арылмайды десем, артық айтқандық емес. Үйдің сыртындағы контейнерге жеткізбей сыртына төгетін де сол үйлердің тұрғындары. «Бала, баланың ісі шала» дегендей, далаға үйдегі тұрмыстық қалдықты шығаруға жұмсаған бала жүгіре шығып, қолындағы шелегін арнайы қоқыс төгетін орынға жеткізбей, төге салады. Оны артынан қадағалап жатқан ата-ана жоқ.

«Дүниежүзілік әжетхана күні»

Есіктері топсасынан жұлынып, ашық-шашық жататын көпшілік пайдаланатын әжетханалардың да жайы мәз емес. Бұл енді сол он сегіз үйлік пәтерлерде тұратындардың өздерін-өздері сыйламағандары деп ой топшылағанымыз дұрыс. Мұны жеңіл-желпі, ұсақ мәселе деп қарауға болмайды. Ұлттық басылым-«Егемен Қазақстанның» 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 238 (29469) санында көкейкесті айдарымен «Кішкентай» мәселенің үлкен кілтипаны, әлемде әр үшінші мектепке таза әрі қауіпсіз дәретхана қажет деп аталатын журналистік зерттеу мақала жарық көрді. Оның кіріспесінде: «Әдепкіде Дүниежүзілік әжетхана күні деген атаулы күн миыққа күлкі үйіріп, екіұдай сезімге шақырса да, оның байыбына әрі қарай тереңдегенде тазалық та, денсаулық та осы жерден табылатынын баяндаудың өзі әбестік. Оның керек емес күні, керек емес жері бар ма? Айға ұшып кетсеңіз де әжетхана қажет» дейді де дүниежүзілік дәретхана күні БҰҰ ресми күні ретінде 2013 жылдың 19 қарашасынан бері бар екендігін, бұл «мейрамның» дүниеге келуіне тазалықты сүйетін Сингапур елі септескенін жазады. Одан әрі осы әжетхананың талапқа сай болмауынан әлемде қанша бала жұқпалы ауру таратып, көз жұматыны жөніндегі статистикалық мәліметтерге сілтеме жасайды. Аудан тұрғындарына осы мақаланы тауып алып оқуға кеңес берер едім. Ал көп қабатты үйлер әлдеқашан жекешелендірілген. Сондықтан ол үйлерді жөндеуге, басқа да тұрмысқа қолайлы жағдай туғызуға қосымша құрылыстар жүргізуге жергілікті бюджет есебінен қаржы қарастыра алмаймыз. Сондықтан тұрғындар ақылдасып, пәтер иелері кооперативін құра ма, бір амалын ойластырғандары жөн.

«Сиыр сипағанды білмейді»

Ауданда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық беріліп отырғандықтан тұрғындардың қора- сынан қой-ешкісін, мүйізді ірі қарасын өргізіп, шайлық сүтін, қаймақ, құрт, май, ірімшігін дайындап, айран, көжесін үзбей отырса, онда ол қазаны ортаймаған тоқшылықтың белгісі дер едік. Аудан орталығында да осындай құбатөбел тірліктерін жалғастырып, шаруаларын күйттеп, қолдарында азын-аулақ мал ұстап отырғандар баршылық. Алайда, соңғы кездері сол малды бағу, өріске айдап шығарып жіберу мәселесі біршама тұйыққа тірелгендей. Өйткені, ірілі-ұсақты жеке иеліктің малдары орталық көшелерді көктей өтіп, өріске бет алады. Жолшыбай кездескен тал-теректерді отап, контейнерлердегі қоқыстарды шашып, жүрген жерінің бәрін бүлдіреді. Кешкілік мал өрістен қайтқанда да тап осы көрініс қайталанады. Тіпті кейбірі көше аралап, қорек іздеп кетеді.

Қаншама жеке сектордағы мал санын өсіруге мүдделілік танытсақ та, малды бетімен тайраңдатып, көшеге жайып жіберуге жол бере алмаймыз. Аудандық мәслихат шешімімен бекітілген үй жануарларын ұстау ережесі бар. Санитарлық тазалыққа нұқсан келтіргені үшін заң жүзінде мал иелеріне айыппұл салынады. Жергілікті полициямен бірлесе іс-қимыл жасап, отбасын әжептәуір материалдық шығынға ұшырататын мұндай қатқылдау шараларды қолдануға да тура келді. Өйткені, Махамбет ауданы жылдан-жылға көркейіп, гүлденіп келеді. Аудан орталығындағы негізгі көшелерге түгелге жуық тас жолдар төселді. Жаяу жүргіншілер үшін де жиек жолдар салынған. Демек, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы алға басып, халықтың да тұрмыстық жағдайы түзеліп, әл-ауқаты әлдеқайда жақсара түсті деген сөз. Олай болса, неге біз өзіміз қолдан жасаған игіліктерімізді өзіміз бүлдіріп, малымызды қараусыз қалдырамыз. Мал иелері бірігіп, ортақ бақташы шығарып, түйінді мәселені бірлесіп шешуге тырыспайды. Бұл жөнінде құзырлы орындарға нақты тапсырмалар берілсе де, «бақташы шықпайды» деген сылтаумен әлі күнге дейін созылып келеді. «Мал да баққанға бітеді» деп халқымыз бекер айтпаған. Сондықтан малымызды көшеде тентіретпей, оларға да қалыпты өсіп-өнуі үшін жағдай туғызу керек деп есептеймін. Алты ай жаз бойы ауылда сауын сиырларды ғана қалдырып, бойдақтарын шөбі шүйгін қыр бойындағы жайылымдарға айдап, бақташыға бақтырудың жолын ойлас- тыру керек. Өйткені, жақын маңда өріс жоқ. Иә, «сиыр сипағанды білмейді», әрі айтқанды түсінбейді. Сонда қайтпек керек? Жалпы қолға қалам алғандағы мақсат – халыққа ақыл айтып, білгішсіну емес, өздеріңді ашық әңгіме алаңына шақырып, осындай өзіміздің қолымыздан келетін өзекті мәселелердің түйінін бірлесіп шешу жөнінде пікір алмасу, ой бөлісу еді. Жергілікті басылым арқылы жоғарыдағы айтылған кейбір проблемалар төңірегінде ұсыныс-пікір білдіріп жатсаңыздар, құба-құп.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.