Смотрите кино онлайн бесплатно
http://kinofank.ru

Алаяқтық – алдау не сенімге кіру, бөтеннің мүлкіне қол сұғу арқылы іске асатын қылмыс.

Соңғы кездері Атырау облысы аумағында үлкен құрылыстар жүріп, тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Бұл жағдайды алаяқтар тиімді пайдаланып қалуға тырысуда. Тұрғындарды «арзан пәтер алып беремін» деп алдап, қыруар ақшасын сыпырып алып, ізін суытатын оқиғалар жиілеп кетті. Сонымен қатар «жоғары жалақылы жұмысқа орналастырамын» деп бар ақшасын алып, оңай олжаға кенелетіндер көбейді. Бір қынжылтатыны, сол қылмыстарды көбінесе әйел- дер жасайтын көрінеді.

ОҢАЙ ОЛЖАҒА ҚЫЗЫҚПА

Алаяқтар өздерін өте ықпалды, өмір жолы болған, табысы артқан адам ретінде көрсетеді. Әңгімелескенде тілі майда, жұмсақ келеді. Болашақ құрбанына әңгіме барысында әдеттегіден тиімді келісім ұсынады. Олар «кезексіз пәтер, жер алып беремін», «жоғары жалақылы жұмысқа орналастырамын» деген ұсыныстар айтқанда, ауыз аштырып, көзіңді жұмдырғандай. Сөзінің өтірік еместігін дәлелдеу үшін шағын қойылым ұйымдастыруы да мүмкін. Оның сөзіне иланғандар ақыр аяғы асығыс жасалған әрекетінен опық жеп, қатты өкініп жатады. Сот пен өзге де құзырлы органдар мұндай жандардың заңсыз тірлігіне тосқауыл қоюда. Дегенмен, жұртшылықтың өзі алаяқтардан сақтануға күш салғаны абзал. Алаяқтарды «қылмыс әлемінің элитасы» деп атайды. Асылы бұл басқа қылмыскерлерден өзгешелігі болса керек. Бұл жоғары интеллектуалдылығы мен адамдардың психологиясын жақсы меңгергендігінде.

Заңсыз жолға түскендер кез келген жанмен тез тіл табысып кете алады. Өзіне қаратып алуға әккіленген. Жан-жақты экономика, ақпараттық технология, өзге салалардан хабары мол адамдардың қулығына құрық бойламайды. Алаяқтық қылмыстар көбінесе ақша қаражаты мен ұялы телефондарға қатысты орын алып жатады. Әсіресе, көлік құралдары, зергерлік бұйымдар, асыл металдар, техника, құжаттар, соның ішінде жылжымайтын мүлік құжаттары, азық-түлік тауарлары қылмыстың негізгі нысандары болып табылады. Алаяқтар адам санасына терең бойлап, олқы тұсын дөп басатыны белгілі. Оңай жолмен олжа табамын дегендер олардың құрығына тез түседі екен.

Мәселен, бір атыраулық фирма директоры ұсталып, үстінен іс қозғалып, тергеу шаралары қолға алыныпты. Ол «бізге ақша салсаңыз, ай сайын 30 пайыз көлемінде сыйақы алып отырасыз» деп көпшіліктен қыруар ақша жинап алған. Онымен қоймай, «үй», «автокөлік» деген бағдарламалар ойлап тауып, табысын одан әрі үстей түскен. Алданғанын енді білген жұртшылық еріксіз сандарын соғып қалыпты. Оның келтірген материалдық шығыны 41 миллион теңге көлемін құраған. Бұған тұрғындардың өздері алдануға жол беріп жататыны рас. Жеңілдетілген несие алу үшін банкке, арзан баспана иемдену үшін тиісті мемлекеттік органдарға барса, мұндай көлденең жағдайлар кездеспес еді.

АУДАНДАҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Аудандық пробация қызметі бөлімшесінің есебіне сүйенсек, мұнда 46 адам есепте тұр, алаяқтықпен бір ер адам, екі әйел сотталған. Мәселен, шалғай ауылда тұратын Ж. деген келіншек ауылдағы адамдардан заңсыз ақша жинаумен шұғылданыпты. Алаяқтықпен ол «Жұмысқа орналастырамын» деп бір ғана емес, 27 адамды алдап соққан. Қыруар қаржыны заңсыз иемденіп, қалтасына басқан екен. Ақыры ол тұтылып, ҚР Қылмыстық Кодексінің 190 бабы 2 бөлігі, 2 тармағымен кінәлі деп танылып, Атырау қаласының №2 сотымен 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталып тынған. Қырық төрт жастағы келіншек бүгінде аудандық пробация қызметі бөлімшесінің есебіне алынған. Көп баланы өмірге әкелген жан өзінің қаржыдан қатты тарығып, отбасын асырау үшін осындай қадамға барғанын айтады. Сонымен қатар бір әйел адамның ҚР ҚК-нің 177 бабы 2 бөлігі «в» тармағы, 321 бабы 2 бөлігі, 58 бабы, 2 бөлігі, 58 бабы 3 бөлігі, 58 бабы 3 бөлігі, 58 бабы 6 бөлігіне сай 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға ҚР ҚК-ның 72 бабын қолданып, 5 жылға жазасын кейінге қалдырса, тағы бір әйелдің ҚР ҚК-ның 189 бабы 4 бөлігі 2 тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырып, ҚР ҚК-ның 71 бабын қолдана отырып, 5 жылға жазасы кейінге қалдырылыпты.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.