"Шамшырағы жанымның" ауданда Г.Сүйекенованың шығармашылық кеші өтті

Қасиетті де киелі Махамбет ауданы топырағында туып-өсіп, аты қалың қазаққа мəшһүр болған ақын-жазушылар аз емес.

Сол аға буынның ізін жалғап, бүгінде əдебиет əлеміне өз қолтаңбамды қалдырсам деген сеніммен аяқ басып келе жатқандардың да қатары артып келеді. Соның бірі, Сарытоғай ауылының тумасы, ақын, журналист, республикалық "Үркер үміт" бəйгесінің поэзия жанры бойынша жеңімпазы Гүлмира Сүйекенова Құрақбайқызын айтуға болады.

g

g

g

g

g

Ол сүйікті жар, ибалы келін, 4 баланың аяулы анасы. Нәзік болмысына қарамастан Алланың бойына дарытқан ақындық қабілетін жастайынан жанына серік етіп келеді. Ол төл туындыларын кейінгі ұрпаққа қалдыру мақсатымен кітап шығарып, жыр сүйер қауымға ерекше тарту жасады. Өткен жұмада аудандық "Өнерпаз" мəдениет үйінде Гүлмира Сүйекенованың жыр жинағының тұсауы кесіліп, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Оған ақынның ағайын-туыстары, қаламдастары, үзеңгілес достары жəне аудандық əкімшілік бөлімінің қызметкерлері қатысты. Сахна шымылдығы Гүлмира Сүйекенованың күйбең тіршіліктің түйткілдерін бейнелейтін «Көрініс» трагикомедиясымен ашылды. Халықаралық қазақ тілі қоғамдастығы Атырау облыстық филиалының төрағасы Əбілхан Төлеушов пен айтыскер, ақын Саадат Нұрманов "Шамшырағы жанымның" атты кітаптың тұсаукесер рəсімін орындағаннан кейін кеш иесі Гүлмира Сүйекенова сахна төріне жайғасты.

Аталған кітапта: "Мынау жалған дүниеге ақын болып келудің артар жүгі аз емес. Оның үстіне жолы жіңішке қыз балаға қонған ақындықты алып жүру үшін жай ғана талантты болып жаралу аз. Ол үшін рухың мықты, қайсар мінез бен салқынқандылық пен сабырлық қажет" деген пікірін білдірген филология ғылымының кандидаты, облыстық "Атырау" газетінің тілшісі Гүлзада Ниетқалиева жəне "Кең Жылой" аудандық газетінің бас редакторы Сəулеш Шатенова, журналист Светлана Муньяновалар кеш иесіне жылы лебіздерін білдірді. ҚР Мəдениет қайраткері, Н.Жантурин атындағы филармонияның əншісі Х.Сахипова, көптеген байқаулар жеңімпазы А.Төлеуов əн шырқаса, жас жеткіншектер Д.Əсеткекқызы, К.Жоламан, Ж.Нұрболатқызы ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Өмір жолы өлеңмен өрілген Гүлмира Құрақбайқызының өлеңдерінің басым бөлігі туған жерге арналған. Соның ішінде поэзия әлемінде көп ақын тереңіне бойлай бермейтін діни тақырыптардағы иләһи өлеңдерінің орны бір бөлек. Сатира жанрында да қалам тербеп жүрген оның бүгінде сатиралық бағытта онға жуық шығармасы бар. Кештің екінші бөлімі ақынның өскен ортасы, отбасына арналды. Оның əкесі Құрақбай Сүйекенов құқық қорғау саласындағы қызметімен қатар ақындық өнерді де алып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы жан болған екен. Тіпті, домбыра, гитар, прима, сазсырнай сынды аспаптардың құлағында ойнап, əр түрлі ұлт тілінде əн салудан да алдына жан салмаған. Қызының əкесінен айырылғанда шығарған "Тау құлағанда" өлеңі көпшіліктің жанарына еріксіз жас үйірді. Шара соңында өмірлік жары, көпшілікке танылған əнші Смадияр Мырзағалиев сахна төріне шығып, "Дариға дəурен", "Биіктік" əндерін орындап берді. Шығармашылық кешке арнайы келген аудан әкімінің орынбасары М.Сейтқалиев ақынға жүрекжарды тілегін білдіріп, аудан әкімінің атынан «Алғыс хат» пен сыйға қазақтың қара домбырасын тарту етті.

Шаңырағына сән мен мән беріп, айналасына махаббаты мен жылуын сыйлап, әйелдік міндет пен ақындық қабілетті қатар алып жүру де бір бақыт. Бақытың тек баянды болғай.

Б.Сапарова

Сурет: автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521