Ғажайып би әлеміне саяхат

«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен «Жайық өрнектері» би байқауына 13 би ұжымдары қатысып, өзара бақ сынасты.

Ұлттық билерден «Самал» мәдениет үйінің «Шаттық» би тобы «Хорезм» биімен көрінсе, сарытоғайлық «Жайық арулары» тобы украин биін дөңгелене билеп ортаны толтырды. Ақтоғай ауылының «Несібелі» тобы испан халқының «Доминго» биін билесе, сарайшықтық «Тұмар» тобы өзбек биімен көпке танылды. «Бақжайық» мәдениет үйі жанындағы «Қызғалдақ» би тобының бишілері «Конвой» биін билесе, бақсайлық «Наз» тобының кішкентай бишілері де қалыспады. Жалғансай ауылының «Шалқыма» мәдениет үйінің «Аруназ» тобы өзбек биін, ал Редут ауылдық клубының «Жауқазын» тобы «Үнді» биін көрсетті.

Алға мәдениет үйінің жанындағы «Көркем қыз», бейбарыстық «Әдемі-ай» топтарының бишілері де өзбек биімен танылды. Сарайшық ауылының «Айналайын» би тобы ұйғыр халқының биін сахналады. Заманауи билер бойынша «Өнерпаз» мәдениет үйінің «Әсем-ай», Береке ауылының «Диля» би топтары жастар биін көрсетсе, «Айару», «Шаттық» би топтары көрсеткен қазіргі заманғы билер де жақсы әсер қалдырды. Сарытоғай мәдениет үйінің «Жайық арулары» тобы хип-поп, сарайшықтық «Тұмар» тобы рокин-роуымен танылды. Бақсай округінің «Наз» тобының кішкентай бишілері де жастар биін, Жалғансай ауылының «Аруназ» бишілері түгел қара киіммен шығып, қазіргі заманғы жастар биін көрсетіп, көпті таңдай қақтырды. Редут ауылдық клубының «Жауқазын» тобы да жастар биін әр қырынан танытса, ал Алға мәдениет үйінің «Көркем қыз» тобы «Қамажай», «Ламбада» билерінен бастап, әр түрлі әуендермен ырғала билеп, жұртшылықты тәнті етті.

Үш сағатқа созылған би байқауы да өз мәресіне жетіп, жүлдегерлер марапатталды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Аруев бас жүлдені жеңіп алған Сарайшық ауылының «Айналайын» би тобын марапаттап, жүлделі 1 орынға ие болған «Әсем-ай» би тобына 1 дәрежелі диплом ұсынды. Әділқазы мүшесі, би маманы Айнар Шахманова жүлделі 2 орынды Алға ауылының «Көркем қыз» би тобына тапсырса, хореграф Батима Торбаева «Несібелі», «Жайық арулары», «Қызғалдақ» топтарын жүлделі 3 орынмен марапаттады.

А.Қуанышқалиева.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521