Смотрите кино онлайн бесплатно
http://kinofank.ru

Халқымыздың асыл мұраларының бірі – айтыс өнеріне бас имейтін жан кемде-кем.

Айтыс десе, ішкен асын жерге қоятын айтыс сүйер қауым үшін айтыскер ақындар туралы әңгімелеу тіптен қызығырақ. Осыған орай, аудандық, облыстық, одан қала берді республикалық, халықаралық аламандарда топ жарып жүрген жергілікті айтыскер ақын Серік Қойшығұловпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

-Сіздің халықаралық ақындар айтысынан жүлдемен оралғаныңызды жақсы білеміз. Сұхбатымыздың әлқисасын осыдан бастасақ.

-Үлкен дүбірлі халықаралық деңгейде еңселі Елордамыздың 20 жылдығына орай «Жыр арқауы - Астана» атты сөз додасы өтті. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды және айтулы елімізге танымал ақындар қатысқан айтыс болды. Мен өзім алғаш қатысқан үлкен айтыс болғандықтан толқу, қобалжу болды. Оның үстіне екі бірдей Моңғолия елінен келген қандасыммен және қырғыз бауырыммен айтыстым. Бірінші үлкен айтысқа қосылуыма мүмкіндік берген Жүрсін, Қойшығұл ағаларыма және ақылын айтып, қолдауын аямаған Бауыржан Халиолла ағама рахмет айтамын. Алғаш шығуым, батыстан жалғыз қатысқандығым ескерілген шығар үшінші орын алдым. Әлі де дайындық молырақ болса, ізденіспен жүрсек, танылуға халыққа жақсы айтыс сыйлауға қай ақынның да толық мүмкіндігі бар деп есептеймін.

-Бір миллион теңге! Аз қаржы емес. Құпия болмаса қандай мақсатқа жұмсамақсыз?

-Осындай қомақты ақшаны жиі алып жүрмегесін, адамның тұрмыстық жағдайында қажеттілік, жетіспеушілік дайын тұрады ғой. Сондай мақсаттарға жұмсалады. Несиемізді жабармыз...Көрерміз.

-Ауданымыздың 90 жылдың тойына орай ұйымдастырылған облыстық айтыста да бас жүлде иегері атанып, қанжығаңыз майланды. Бұл бақ па, бап па?

-Ия, аудан орталығында, жергілікті жұртшылық алдында өткен айтыс болғасын ол айтыстың жауапкершілігі екі есе жоғары болады. Сондықтан басқа сайыстар мен жарыстарға қарағанда айтыста ақынның бағын жандыратын бабы. Дайындығың болмаса, тауып айтқан сүбелі сөзің елдің ықыласын тудырмаса, бағы жанып кетті дейтіндей, айтысты спортпен салыстыруға келмейді деп ойлаймын. Өз жеріңде өткен айтыс болғандықтан туған жеріміздің тарихын, қазіргі таңдағы ахуалын бүге-шүгесіне дейін білгендіктен және қолдап отырған халқың барда барымызды салып айтыстық.

-Айтыс ақындарының ішінде кімдерді мойындайсыз?

-Барлық ақындарды мойындаймын. Кейде тіпті мықты ақындар да бар өз мүмкіндіктерін көрсете алмай келе жатқан. Ал Атырау ақындарына келсек, барлық ақындардың да республикалық деңгейде өнер көрсетуге қабілеттері жетеді. Басында айттым, бізде орта қалыптаспай, ізденісіміз аздау болып жатады.

-Шабыт деген дүниені қайдан аласыз? Сіздің музаңыз не?

-Сөздің киесі бар дейді. Шабыт деген дүние ақындарға қатысты айтсам, аяқ астынан арқаланып, терең ой туып, сондай бір атойлаған ағынды сезім деп ойлаймын. Кейде жазғың келіп кетеді. Арқырап айтқың келіп кетеді. Сондай бір ақынның сәулелі шағы. Ал менің музам дейтіндей дүнием жоқ. Жалпы шығармашылық адамдары сұлулыққа таңданып, табиғат аясында өз музасын іздеп жатады. Мен жалғыз қалған сәттерімде өзі өлең келетін, тыныштық жерде тыңнан ойлар туатын сәттерім болады.

-Сізге талай жүлде сыйлаған атақты «Көк есік» атты туындыңыздың тарихына тоқталып өтіңізші?

-Студент кезімізде шыққан өлең. Балғын ғашықтық сезім жайында. Тарихы сол өлеңнің ішінде айтылады. Сол уақытта қалың көпшіліке ұнады. Көп жерде оқып, халықтың қошеметіне бөлендім.

-Әлеуметтік желіде оқырмандарыңыз көп. Оларға өз замандастарыңыздан қай ақындарды оқуға кеңес берер едіңіз?

-Жалпы оқырмандарымызды кітап оқып тұруға шақырғым келеді. Қай ақынды десеңіз өз замандастарымнан өзім өлеңдерін ерекше көретін Ақберен Елгезек, Алмас Темірбай, Қалқаман Сарин, Бауыржан Қарағыз, Ерлан Жүніс және Талғат Ешенұлы, Серік Сейітман т.б ақын ағаларымды оқуға болады.

-«Өсер елдің баласы он бесінде баспын дер, Өшер елдің баласы отызында жаспын дер» демекші, әне-міне дегенше орда бұзар отыз жасқа табан тіремексіз. Жастық шағыңызды қалай өткіздім деп есептейсіз?

-Өткенге өкінбе, сабақ ал деген бар. Дегенмен адам болған соң өкініштер болады. Шалыс басқан тұстарымыз да жетерлік. Отызды жастық шағым осымен бітті дегім келмейді. Нағыз толысқан, әлі де талай биіктерге қол созатын, әлі талай шыңдарды бағындыратын кезең деп есептеймін.

-Аудан өнерпаздарының қара шаңырағы «Өнерпаз» мәдениет үйінде үш жылдан бері басшылық қызметін атқарып келесіз. Сіз қандай басшысыз?

-Қандай басшы екендігімнің бағасын жасаған жұмыстарыма қарай уақыт көрсетеді деп ойлаймын. Мүмкіндігімше берілген тапсырманы уақтылы орындай білетін, жастың да, үлкеннің де көзқарасымен санасып, ойлай білетін, өзіме де, қызметкерлеріме де жауап бере алатын салмақты басшы шығармын.

-Ғұмырыңыздағы ең үлкен жетістігіңіз және өкінішіңіз?

-Ең үлкен ғұмырымдағы жетістігім - даңқым дүниені жарып тұрмаса да өзімді ақын ретінде жұртыма, алыс-жақын өнерсүйер қауымға аз болса да мойындаттым деп ойлаймын. Өкінішім – бос өткен уақыттарым!

-Әңгімеңізге рахмет. Енді сізден қонақкәде сұраймыз.

-Туған жер кім-кімге де ыстық. Сондықтан туған жеріме арналған «Сарайшығым» атты жыр шумағын оқып берейін.

Хан Орда мекен – мен үшін алтын құндақсың,

Өзіңде туған, өрімдей балаң үн қатсын.

Тарихыңменен талайға таппас жұмбақсын,

Табиғатыңмен туған жер маған қымбатсың.

Балаңа жүрме, бағаламас деп кінә артып,

Сағынам әлі балалығымды құмартып.

Жеті хат жердің астының байлықтарынан,

Жеті хан жатқан, топырағың маған мың артық.

Киең мен сенің, бағымды келем қамшылап,

Тағдырың тастай, ертеңім кейде таң шуақ.

Жылатып тұрып жырыңа қосшы дегендей,

Тасыңды түртсем, тарихың жатыр тамшылап.

Шабытын беріп, шайырды талай шыңдаған,

Шер дала әлі шешілмей жатыр шын бағаң.

Батаңды берген басымнан сипап өзіңсің,

Ақындықтағы үнімді алғаш тыңдаған.

Әзірге оқы өлеңмен осы хатымды,

Жазармын әлі, Жайыққа жүрек датымды.

Алдымда тұрған арманым аздап азаяр,

Алашқа сенің паш етсем сенің атыңды.

Сұхбаттасқан: Балнұр МӘЛІКҚЫЗЫ.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:

Туған жері: Махамбет ауданы,Сарайшық ауылы.

Туған жылы: 23.02.1989 ж.

Сүйікті ақындары: Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова.

Соңғы оқыған кітабы: «Шуақты күндер» Зейнеп Ахметова

Хоббиі: Домбыра тарту, өлең шығару.

Өмірлік ұстанымы: Қолдан келген жақсылықты аямау

Отбасылық жағдайы: отбасылы, үш ұлдың әкесі.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.