Бұған дейін «Өнерпаз» мәдениет үйінде болып, «Үйлену оңай» қойылымымен аудан халқын тәнті еткен Атырау жастар театры бұл жолы режиссер Мұханғали Томановтың «Жан пида» және «Жәннат» қойылымдарын тарту етті.

«Жан пида» қойылымы Сарайшық ауылдық мәдениет үйінде қойылды. Қойылымның негізгі ойы жастарды нашақорлыққа қарсы күреске үндеп, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, қасқырлар әлемін бейнелеу арқылы адами құндылықтарды дәріптеу болды.

Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» романының желісінен бастау алатын бұл қойылымда адам бойындағы асыл қасиеттерінің жоғалып бара жатқаны, есірткіге еліткен жандардың жан азабы суреттеледі. Нәпсісін қанағаттандыру үшін кішкентай бөріні қолды ететін Базарбайдың ессіз әрекетінен басталатын адамдар мен бөрілер арасындағы шайқасты бейнелейді. Бұдан әрі «Өнерпаз» мәдениет үйінде қойылған «Жәннат» қойылымы да көрерменді қалың ойға жетеледі. «Жәннаттың» мақсаты – көпшіліктің діни сауаттылығын арттырып, жастарды жат ағымнан сақтандыру.

Көп балалы отбасының тірегі, асқар таудай әке өмірден озады. Ендігі жерде әкесін жоқтатпай,анасы мен артындағы бауырларына қамқор болу тұңғыш ұл Сүйінішке жүктеліп, отбасының бар ауыртпалығы мойнына түседі. Жығылғанға жұдырық болып, ең кіші қарындасын абайсызда көлік қағып кетіп, балғын қыз мүгедектер арбасына таңылады. Шарадай басы шақшадай болған жігітті жат ағымда жүрген жастар өздеріне тарта бастайды. Сөйтіп, ол намазға қалай жығылғанын байқамай да қалады. Біртіндеп жағдайлары түзеле бастайды. Тегін келіп жатқан ақшадан күдіктенген анасы баласының жат ағымның жетегінде жүргенін білгенде аһ ұрып, имамның көмегіне жүгінеді. Өкінішке орай, ұлы ешкімді тыңдамайды. Үйленіп, келін түсіргенде де қазақы салтпен той жасаудан бас тартады. Келіншегінің бетін орамалмен жауып, енесіне сәлем салуға тыйым салады. Ақыры, өздері бөлек пәтер жалдап тұруға шешім қабылдайды. Анасын туған күнімен құттықтауға да жарамайды. Үлкен ұлының жолын тоса-тоса, сағыныштан сарғайған ана ақыры жүрегі қайғыдан қарс айрылып, көз жұмады.

«Әуесқой» дегенмен, кәсіби деңгейде өнер көрсеткен жастарға риза болдық. Екі қойылымнан да зор әсер алғанымыз сонша, жас әртістерді кейіпкері ретінде қабылдадық. «Бос уақытты тиімді пайдалану» деген осы шығар, сол демалыс күніміз рухани жан азығын берді. Атырау Жастар театры ұжымына шығармашылық шыңдау мен толағай табыс тілейміз. Репертуарларыңыз толығып, көрермендеріңіз көбейе бергей!

Дана ҒАСЫРБЕК,

аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы, белсенді жас.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.