Смотрите кино онлайн бесплатно
http://kinofank.ru

Ислам дініндегі ұлық мерекелердің бірі-Құрбан айт. Ол хижра жыл санауы бойынша зулхиджа айының 10-шы жұлдызында басталады.

Мерекенің басты ерекшелігі - Құрбан айт күндері шамасы келген әрбір мұсылман Алла тағала разылығы үшін құрбан шалады. Соған байланысты ол «Құрбан мерекесі» деп аталған. Жалпы Құрбан сөзі-«Алла тағалаға жақындау, Алла разылығын табу» дегенді білдірген екен.

Құрбан шалудың өзіндік тарихы да жоқ емес. Ол Ибраһим пайғамбардың (а.с.) ұлы Исмайылды Алла тағала разылығы үшін құрбандыққа шалмақ ниетімен байланысты болды деседі. Құрбан айт күндері Алла разылығы үшін құрбан шалған мұсылмандарға сауап уәде еткен. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Ешбір құл құрбан күні Алланың құзырында құрбандық қанын ағызғаннан артын жақсы амал жасай алмайды. Өйткені, шалынған мал қиямет күні мүйіздерімен, қылдарымен және тұяқтарымен келеді. Шалынған құрбандықтың қаны жерге ақпастан бұрын Алланың құзырында жоғары мәртебеге жетеді. Олай болса, шын көңілмен құрбан шалыңыз».

Құрбан шалу жай бір күнделікті іс емес. Құлшылықтың бұл түріне жіті көңіл бөле отырып, шынайы ниет қойып, малдың ең таңдаулысын құрбандыққа шалу-дүниеміз бен ақыретімізге азық болар сансыз сауап сыйлайды. Қоғамға құрбан шалудың тигізер пайдасы зор. Атап айтқанда адам бойында бауырмалдық, кішіпейілдік сынды жақсы қасиеттердің қалыптасуына өз әсерін тигізеді. Қоғамда алауыздықтың жойылып, әділеттіліктің орнауына ықпал етеді.

Құрбан айт мерекесінің бірінші күні дүниежүзі мұсылмандары киелі Меккеде бас қосып, қажылық парыздарын өтейді. Жаратқанға мінәжат етіп, дұға-тілек арнайды. Асыл дінімізде екі айт мерекесі де намаз оқумен басталады. 1) Ораза айт. 2) Құрбан айт. Осыған орай ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған әрбір мұсылман үшін айт намаздарын оқу-міндет. Айт намазынан соң мұсылмандар бір-бірін мерекемен құттықтап, жақсы тілектерін арнайды, садақа береді. Ораза айт пен Құрбан айт мерекелерінің өзара айырмашылықтары жоқ емес. Мәселен, Оразада айт намазында құрма секілді жеңіл тағамдардан дәм татса, Құрбан айтта нәр сызбай шыққан абзал. Өйткені, пайғамбарымыз(с.ғ.с) сол күні оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды дұрыс санаған. Бұл бір, ал екіншіден, оразада пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі. Арапа-Құрбан айтқа байланысты күн. Қажылар сол күні қажылықтың басты шарты болып есептелетін Арафат тауында белгілі бір уақыт тұрады.

ҚҰРБАН МАЛЫ

Құрбандыққа арналған малдың жарамды болуына қатысты кейбір шариғат қойған шарттар бар. Құрбандыққа қой-ешкі, сиыр, түйе малдарын ғана шалуға болады. Қой мен ешкінің аталық(еркегін), аналық ірі қара шалған дұрыс. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Ауру, соқыр мал құрбандыққа шалынбайды. Малды, әсіресе, қой-ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шалу керек. Ал сиыр, түйені бір кісі өзі үшін, не жеті кісі бірігіп шалуына болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөліп, тарату сауапты іс. Бір бөлігі тума-туысқа, көрші-көлемге, ал екіншісі, кедей мұқтаж жандарға таратылса, үшінші бөлігі өз отбасына қалады. Құрбан мал терісін илеп, пайдалануға болады, бірақ сатуға болмайды. Ең тиімдісі, теріні сатып, ақшасын мұқтаж, жетім-жесірге садақа ретінде берген абзал. Құрбан шалуды шын ықылас-ниетпен орындау керек. Мал шалатын пышақ өткір болуы тиіс. Оны шалынар мал алдында жалақтатып, қайрау әдепсіздікке жатады. Малды қинамай сойған дұрыс. Ең абзалы құрбан малды иесінің өзі шалған жөн. Егер біреу сойса, қасында тұрса, артық етпес еді. Құрбан шалу-жеке бас, қоғамдық пайдаларынан бөлек, алдымен Алла разылығын көздеп жасалатын ғибадат. Міндетті түрде құрбан шалудағы ықылас-ниет маңыздың ақыл-тарызысына салған дұрыс.

ҰЛЫҚ МЕЙРАМНЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Мың жарым жылға жуық тарихы бар Құрбан айт мейрамын қазақ елі зор ықыласпен тойлап келеді. Ұлық мейрамды ресми мемлекеттік деңгейде атап өтуге Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкін болды. Елбасының 2005 жылдың 30 жылтоқсанында қол қойған «Еңбек туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес Құрбан айт күні ресми демалыс болып есептеледі. Соның арқасында адалдық, мейірімділік, қайырымдылық, ынта-жігер, жақсылықтарға жарқын жол ашылды. Жағдайы жеткендердің бәрі құрбан шалып, оның еті тұрмысы төмендерге таратылып, халқымыз арасында ауызбіршілік пен сыйластық артты. Жалпы мұсылмандар үшін Құрбан айттың бірінші күні маңызды. Бұл күні мешіттерде айт намазы оқылады. Мұнан соң бір-бірін құттықтап, үйлерінен дәм татады. Құрбан айт күні әр мұсылман үйінде дастархан жайы- лады. Қажылыққа бармағандарға ортақ ғибадат-құрбандық шалу. Бұл айтулы мерекенің ең маңызды амалы. Балаларға арнайы ойыншықтар мен сыйлықтар таратуды ұйымдастырсақ, бұл мереке олардың да сағына күтетін мейрамына айналары сөзсіз. Сондай-ақ жақын-жұрағатқа сый-сияпат, тарту-таралғыны сол айт күні көбірек жасауды әдетке айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл Ислам діні мен пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртады. Жаратқан иеміз құлшылықтарды ізгі ниетпен орындауға нәсіп етсін. Ұлық мереке құтты болып, әр шаңыраққа бақ-береке, бақыт, шаттық қонсын!

Ержан ИМАНҒАЛИЕВ,

«Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.