Иммунитетті көтеру жолдары

Табиғаттың қас-қабағына қарап, шаруасын үйлестірген бабаларымыз «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы»- көктемгі көкөзек мезгілден қауіптенген.

Өйткені, ағзасы әлсіз адамдар дәл осы бір өтпелі кезеңде көбірек ауруға шалдығатын болған. Мұндай дерттің алдын алу үшін табиғи құнарлы тағамдармен қоректеніп, көбірек таза ауада сер- уендеп, қолдап жұмыс істеп, спортпен жүйелі шұғылданудың да пайдасы орасан зор екендігі дәлелденген. Ал жаһанданудың жаңалықтарына жан-тәнімен берілген, ертелі-кеш компьютер алдына жіпсіз байланып, далаға бір шықпайтын балалардың денсаулығын нығайту, түрлі жұқпалы аурулардан сақтандыру үшін қайтпек керек? Осындай көкейтесті мәселелер төңірегінде аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ажигалиева Гүлшат Бақтыбайқызымен тілдескен едік.

-Гүлшат Бақтыбайқызы, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу, одан сақтану жолдары туралы тарқатып айтып берсеңіз?

-Балаларды және ересектерді жұқпалы аурулардан алдын алудың ең жоғары, әрі бірден-бір тиімді тәсілі-вакцинация деп сеніммен айтуға болады. Вакцинациялау халық денсаулығын сақтауға бағытталған. Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілген инфекциялар –В гепатиті, туберкулез, полиомиелит, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, қызылша, қызамық, паротит, пневмококк, гемофильді инфекциялар. Аталған ауруларға қарсы адамдарға жоспарлы түрде тегін екпе егеді. Бұдан бөлек, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша да егілетін инфекциялар бар. Олар: құтыру (жануар тістегеннен кейін), оба, кене энцефалиті, іш сүзегі, туляремия, сібір жарасы немесе күйдіргі.

Әр бала күнтізбеге енгізілген екпелермен жергілікті мекен – жайлары бойынша емханада, ақысыз түрде егіле алады. Бір ескеретін жайт, вакциналардың да басқа да дәрілік заттар секілді жағымсыз әсерлері мен қарсы көрсетілімдері бар. Бұл жөнінде екпе салмастан бұрын маман дәрігерлер айтып, түсіндіреді. Бүгінгі таңда дер кезінде көрсетілген дәрігерлік көмектің нәтижесінде миллиондаған балалар асқынусыз иммундаумен қамтылуда және жұқпалы аурулардан қорғануда. Екпенің қарапайым әсері бар, бірақ ол табиғи құбылыс. Себебі, енгізілген препаратқа жауап ретінде ағзада иммунитет қалыптасады, сондықтан әсер қалай да байқалуы қажет. Кейбірінде дене қызуы көтеріледі, кейбірінде екпе салған орнында қызару немесе тығыздану пайда болады. Барлық көрсетілген жағымсыз әсерлер өздігімен кетеді, жиі медициналық көмекті қажет етпейді. Ал екпеден кейінгі асқыну өте сирек кездеседі. Бұл неврологиялық асқынулар (құрысу), айқын аллергиялық реакциялар (анафилактический шок). Бұл асқынулар байқала қалған жағдайда уақыт оздырмай, тез арада дәрігерге хабарласу керек.

-Жүйелі түрде ақпараттық насихат, түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан бүгінгі күні екпеден бас тартушылар саны көбеюде. Неліктен ата-аналар балаларын ектіртуден бас тарта бастаған? Маман ретінде осыған бір зерделеу жасап көрдіңіз бе?

-Иә, себебі, бізде ұзақ уақыттан бері дифтерия, туберкулез, тағы да басқа жұқпалардың эпидемиясы туралы ешкім естіген жоқ. Адамдар аталған жұқпалы аурулардан қорықпайтын болған, сондықтан да екпеден батыл бас тартады. Ешкім сырқаттанбайды деп ойлайды. Екпеден бас тартқан ата-аналар жиі ғаламтордағы ақпараттарға сүйенеді. Бірақ ол жерде арнайы мамандардың пікірлері жиі айтылмайды. Қазіргі уақытта ата -аналардың кішкентай балаларымен бірге барлық алыс-жақын шет елдерде белсенді саяхаттайтынын естен шығармауымыз қажет. Сондықтан да қандай да бір вирустың «әкелінуі» жоққа шығарылмайды. Осындай жағдайда екпемен қамтылмаған баланың сырқаттану қаупі жоғары. Вакцинацияның тиімділігі екпені уақтылы және толық алуға тікелей байланысты. Иммундау көрсеткішінің төмендеуі жұқпалы ауруларды қабылдағыш адамдардың көбеюіне әкеліп соқтыруы мүмкін, соның нәтижесінде сырқаттанушылықтың бұрқ етпе жағдайлары туындайды.

Екпелердің бекітілген жалпы күнтізбесі бар, бірақ әр бала жеке қаралады, екпе салар алдында әр бала міндетті түрде тексеріледі. Әрқашан екпелердің қосымша нұсқалары бар. Кез келген бала денсаулық жағдайына сәйкес жеке егіледі. Екпелер – бұл жұқпалы аурулардан сақтанудың жалғыз сенімді жолы.

Толығырақ газетіміздің №15 санында

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521