Дені сау ұрпақ - ел болашағы

Туберкулез – ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ал балалар арасындағы туберкулездің болуы алаңдатарлық жағдай.

Жиі ауыратын баланың ағзасында туберкулез таяқшасының өсіп-өнуіне мүмкіншілік мол. Жөтел, тұмау, салқын тиіп ауыру балаларда жиі кездеседі. Бұндай белгілер пайда болғанда ата-аналар аса көңіл бөле бермейді де баланы емдей бастайды. Бұл өте қате шешім, өйткені, сол пайдаланған дәріден уақытша ғана аурудың белгілері азайғанымен, баланың ағзасында ауру тоқтамай, одан әрі жедел ағымда жүріп жатады. Сөйтіп, бала ағзасында дамыған туберкулез ауруының асқынуына жол ашылады.

Балаларды туберкулезден қорғайтын шаралардың бірі – бала дүниеге келгеннен кейін 1-4 тәуліктерде перзентханада алатын БЦЖ екпесі. Бұл екпе бала бойында туберкулезге қарсы иммунитетті (ауруға қарсы тұру қабілеті) қалыптастырады, туберкулездің дамуына кедергі жасайды. Соңғы кездерде теледидар мен ғаламторда кездесетін және жиі пікір-таласқа түсіп жатқан «екпе мәселесі» ата-аналарда күмән туғызуда. Дегенмен, туберкулезге қарсы иммунитеті жақсы қалыптасқан балалар туберкулез жұқтырған жағдайда бұл аурудың жеңіл түрімен ауырады.

Балалар мен жасөспірім- дердің туберкулезбен ауыр- ғанын немесе жұқтырғанын ерте анықтау үшін жыл сайын туберкулезге шалдығуға бейім «қауіпті топтағы» балалар манту сынамасы арқылы тексеріледі. Әсіресе, туберкулезбен ауыратын науқас адам жанұясының балалары, ағайын-туысы, әлеуметтік жағдайы нашар жанұя балалары, созылмалы және басқа да ауруларға байланысты учаскелік дәрігердің диспансерлік бақылауындағы балалар жатады. Манту сынамасы оңды болған жағдайда бала толық бақылаудан өтіп, профилактикалық ем алуға және сауықтырылуға облысымыздың орталығындағы туберкулезге қарсы балалар санаториясына жіберіледі. Санаторийда оқуын жалғастыруға толық мүмкіндік бар.

Ал ошақтағы науқаспен қарым-қатынастағы мектеп жасына дейінгі балалар ауданымыздың орталығында оқшаулануға арналған санаториялық «Шолпан» бөбекжайына жіберіледі. Ондағы мақсат – науқас адамның емі толық аяқталғанша сәбиді ошақтан оқшаулау, денсаулығын қорғау, нығайту және жан-жақты мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу. Көп жағдайда ата-аналарға балалар арасында сырқатты болдырмау үшін алдын ала ем алуын, туберкулез ошағынан міндетті түрде оқшаулауды ұсынғанда түсіндіру қиындық келтіреді.

Сөзіміздің соңында туберкулездің әлеуметтік жұқпалы сырқат екендігін ескере отырып, туберкулез туралы сауаттылығы жетілген халық және медицина мамандары бірлесіп, елімізде дені сау ұрпақ өсіріп, олардың ұзақ ғұмыр кешу көрсеткішін жақсарта аламыз.

Қ.ЕСКАЛИЕВА,

дәрігер- фтизиатр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521