Қант диабеті – ұйқы безі қызметінің бұзылуы, инсулин атты гормонның жетіспеушілігінен пайда болады.

Қант диабеті инсулинге тәуелді, инсулинге тәуелсіз болып 2 түрге бөлінеді. Ең басты себептердің бірі – тамақтану салтының өзгеруі, атап айтқанда қантқа тез айналатын көміртегі бар тағамдарды шектен тыс пайдалану болып табылады. Сол сияқты қажеттен артық тамақтану және дене еңбегімен шұғылданбау семіздікке әкеліп соқтырады. Қант диабетінің көп таралу себептерінің бірі де осы семіздікке телінеді. Сырқатқа шалдығудың көп себептері тұқымдық бейім-деушілік екенінде айтып өткен жөн. Тұқым қуалаушылықтың әсерінен қант диабеті балалар арасында өте көп таралып отыр. Тағы бір себебі, экологиялық жағдайдың бұзылуы, химиялық өндірістің (фосфор, қорғасын) зиянды әсері. Бұл ауру жас талғамайды. Әйтсе де бұл сырқат егде адамдар арасында көп кездеседі, оның басты себебі, организмді қоректендіретін қан тамыр- ларының әсіресе, ұйқы безіне келетін тамырлардың қан жүргізу қабілетінің азаюы.

Ұйқы безі асқазанның жоғарғы жағына орналасқан. Сыртқы түрі тапанша тәрізді болғанымен өте нәзік клеткалардан тұрады. Клетканың бірі инсулин атты гормонды түзеді. Негізгі қызмет аткаратын инсулин мен глюкогон гормондары. Әсіресе, инсулин гормоны адам ағзасында өте маңызды қызметке, яғни жасушалардың көмір сутегін жақсы қорытуына көмектеседі.

Солар арқылы белок пен майдан түзілетін қант құрамын азайтады.Сонымен қатар инсулин ағзадағы артық қантты (глюкозаны) бауырдағы көмір сутегі қорына (гликогенге) айналдырып отырады. Ал глюкогон осы құбылыстарға қарама- қарсы әсер етеді. Сондықтан осы екі гормонның ұйқы безі қызметіне ықпалы зор. Мысалы, инсулин ағзадағы қант деңгейін төмендетеді, ал глюкогон қант деңгейін керек кезінде қалыпты деңгейге көтереді.

Сондықтан организмдегі зат алмасу құбылысы осы екі гормонға тығыз байланысты дамып, бір-біріне ықпал жасайды. Дені сау адамның қанында қант деңгейі 3,3-5,5 м моль/л мөлшерін ұстап тұрады. Осы көрсетілген деңгейден қанттың мөлшері көп ауытқыса, яки төмендесе, адам организмінің өмірлік қызметіне айтарлықтай нұқсан келеді. Яғни орталық нерв жүйесіне, мидың жұмысына, жүректің, көздің, бүйректің қан тамырларының қызметіне салмақ түседі.

Қант диабетіне шалдыққан адамның ауыз қуысы құрғап, суға деген құмарлығы артады, кіші дәреті жиі әрі көп мөлшерде отырады, жұмыс істеу қабілеті төмендейді, тамаққа тәбеті артады. Жүрек, бүйрек, көз және аяқ, қол қан тамырларында қан айналымының бұзылуынан жиі-жиі басы ауырады, жүрегі қағады, қан қысымы тұрақсызданады, аяқтың бармақтары, қолдың саусақтары ұйып, жансызданады, ұйқысы бұзылады, көздің алдында маса жүргендей қара дақтар көлбеңдейді, тез шаршайды. Қант диабеттің алдын алу үшін дәрігерге тексеріліп, күнделікті мәзірді қадағалау маңызды. Диетолог дәрігерге көрініп, кеңес алуды ұмытпаңыз.

С.ҚАБАЗОВА,

аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының маманы.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.