Ұлттық өнер - ұрпақ мақтанышы

Сонау көне заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әншілік және жыршылық өнердің жоғалып кетпей, бүгінгі күнге жетуіне септігін тигізген жандар қай-қай заманда да аз болмаған.

Сондай жандардың бірі – Алға орта мектебінің түлегі, қазіргі таңда Дина Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінде ұстаздық қызметін атқарып жүрген Оңдағанова Бексана Ғаниқызы. Ол мектепте оқып жүрген кезінен - ақ домбыраны серік етіп, жыр-термелер сайыстарына қатысып, өзінің талант иесі екенін ерте танытқан. Бексана Ғаниқызы бүгінде өнер жолындағы дамуына табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында қолжеткізіп, болашағына жол ашты. Алған білімін, бойындағы талантын, халықтың көне заманнан келе жатқан мәдени мұрасын шәкірттерінің санасына сіңіруде бар күш-жігерімен атсалысып жүрген ұстаздардыі бірі. Биылғы жылдың наурыз айында шәкірті Жанармен туған ауылындағы өзі оқыған мектебінде болып, халық әндері мен жыр-термелерді дәріптеу мақсатында тыңдармандарын рухани сусындатып кетті.

Кездесуде ол батыстық ән өнерінің майталмандары Мұхит бабамыздың, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың және Бала Ораздың әндерімен қатар Маңғыстау жерінің терме тектес әндерін орындап, шығу тарихына да шолу жасап отырды. Қайыптың «Ақбөбек», Жеті қайқы Қожантай Қойбастың «Маңғыстаумен қоштасуы», Майраның әні «Бақша», Аманғалидың әні т.б әндер шырқалды. Оқушылардың сұрауымен Мұхиттың «Зәуреш», «Үлкен айдайын», Сыпыра жыраудың термесін орындап, көрермен ризашылығына бөленді.

Қазақ халқының рухани мұрасының өлмеуіне, тарих дөңгелегінің астында шаң басып қалмауына үлес қосып жүрген біздің мақтанышымыз Бексана Оңдағанова сынды өнер иелеріне шығармашылық табыстар тілей отырып, өзі секілді шәкірттер тәрбиелеуде қанаты талмасын деген тілек бар көңілде.

Ғ.ӘБІЛҚАЙЫРОВ,

Алға орта мектебінің оқушысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521