Смотрите кино онлайн бесплатно
http://kinofank.ru

–Анашым, бүгін Дарынның туған күні болды. Анасы бізге тәтті торт пен шырын әкелді.

–Солай ма, балам. Сендер оны туған күнімен құттықтадыңдар ма?

-Иә, құттықтадық. Менің туған күнім болғанда, сіз де балабақшаға тәттілер әкелесіз бе?

-Әрине, құлыным апарамын. Біздің Дарынның ата-анасынан қай жеріміз кем. Одан да күшті етіп апарамын. Бұл ертеңгісін балабақшаға кетіп бара жатқан сәби мен анасының арасындағы диалог.

Әрине, ата-ана үшін баласының қуанғанын көруден асқан бақыт жоқ. Ұстаздар да баланың көңілін қимай, туған күнді атап өтуге рұқсат беріп жатады. Алайда, қазіргідей табиғи тамақтың орнын, түрлі химиялық бояулар басқан заманда балаларды тәттімен сыйлау қаншалықты қауіпсіз?

Ғаламтордағы статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру және балалар бағдарламаларын жүзеге асырушы қоғамдық ұйым өкілдері қазіргі таңда мектептерде беріліп жатқан тамақтан оқушылар диабет және онкологиялық ауруларға шалдығып жатыр деп дабыл қағып жатқан көрінеді.

Мамандардың мәлімдеуінше, балалардың тамақтануы Қазақстан Республикасының Тағамтану академиясы әзірлеген стандарттар мен диеталық рациондарға мүлдем сәйкес келмейді. Мектеп асханаларын жалға алушылар ұсынған тамақтар да талапқа сай емес. Ал оны бақылап отырған не мектеп басшылығы, не ата-аналар да жоқ екен. Мектеп тамағынан жерінген бала жақын маңдағы дүкендерге барып, сол баяғы газды сусындар мен қытырлақтарды талғажау етеді. Сөйтіп, уақыт өте келе бұл ішкі құрылыстың жұмысын бұзуға әкеліп соқтырады. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Шымкент қаласында қарапайым балмұздақтан 61 адам ұшынғанын отандық арналар жарыса хабарлады. Науқастарға қойылған диагноз жедел тамақ инфекциясы, ішек инфекциясы және тамақ токсикоинфекциясы. Аталған 61 адамның ішінде 20-сы балалар болып шықты. Қызылорда облысында мектеп асханасында 25 бала уланған. Оның себебі, қарақұмық пен жұмыртқадан болғаны анықталған. Осы тақылеттес оқиғалардың жиі орын алуы түптеп келгенде ата-аналардың балаларының денсаулығына салғырт қарауының салдарынан болып отыр. Тақырыпқа орай мамандар пікіріне кезек берелік.

Сара ҚАБАЗОВА, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының маманы:

- Өткен жылы тексеру барысында екі мектеп асханасының жауапты қызметкері тарапынан тәуліктік сынамаларды сақтамау, қайнаған ауыз су режимін бұзу, дайын және шикі өнімдерді дайындау, сақтау технологиясын бұзу фактілері анықталып, ӘҚБт Кодексінің 425 бап 1-ші бөлігімен айыппұл салынып, өндірілді. Ал биылғы жылы мектеп асханалары аудиттен өтуіне байланысты тексеру жүргізілген жоқ. Мектеп асханаларында пастерленбеген сүтті, термиялық өңделмеген сүзбені және қаймақты, суда жүзетін құстың жұмыртқасы мен етін, йодталмаған тұзды және құрамында темірі бар витаминдермен, минералдармен байытылмаған жоғарғы және бірінші сұрыпты бидай ұнын, тәттілерді, кондитерлік өнімдерді пайдалануға жол берілмейді.

Индира АЛМУРЗИНА, аудандық білім бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері:

-Әлемдік диетологтар адам ағзасына зиянды 8 тағам түрлерін анықтаған. Оның ішінде торт, газдалған сусындар да бар. Мұндай тағамдарды жиі пайдалану балалардың артық салмақ жинауына немесе диабет ауруына шалдығуына әкеліп соғады. Ауданда 16 орта мектеп, 1 негізгі мектеп және 17 балабақша бар болса, осы білім беру ұйымдарында ата-аналарға түсінік жұмыстары жүргізіліп отырады. Мектептерде немесе балабақшаларда туған күн тойлауға рұқсат етілмейді.

Жанат ТӘЖІҒАЛИЕВА, облыстық балалар ауруханасының балалар гастроэнтерологі:

- Қазіргі таңда балаларда асқазан-ішек жолдарының функционалдық бұзылыстары көп кездеседі. Оның ең басты себебі, дұрыс әрі уақтылы тамақтанбау. Көп ата-аналар баланы 6 айдан бастап қалай дұрыс тамақтандыруды білмейді. Үлкендерге дайындалған асты балаға да бере бастайды. Әдетте балаға сүт өнімдері, күріш, қарақұмық, жүгері ботқаларынан бастап біртіндеп ет өнімдерінің езбесін қосуымыз керек. Баланың ас мәзірінен жасыл (қияр, аскөк), сарғылт(асқабақ), сары(сәбіз, апельсин) түс өнімдерін міндетті түрде қалдырмаған жөн. Сондай – ақ қазір балаларда ферменттер аз. Ас қорыту мүшелерінің бәрі дұрыс болғанымен, ферментсіз ас қорыту жүйесінде тамақ қорытылмайды, нәтижесінде ас қоймалжыңы бірнеше сағат бір орында жатып қалады да шіріп, улы заттарды, газды бөледі. Іш кеуіп, мазасы кетеді. Торт, тәтті сусындардың құрамы бояудан тұрады. Балаға бір күнге бір тілім торт, 70 гр. шоколад жеткілікті. Оның үстіне газдалған сусындар қосылса, ағзада құсу, іш кебу басталады. Ауру астан демекші, балаларымызды кішкентайынан дұрыс тамақтануға үйретсек, денсаулығы мықты болары сөзсіз. Учаскелік дәрігерлер ата-аналарға бұл бағытта үнемі түсінік жұмыстарын жүргізіп отыруы керек.

Баян СҮЙЕУОВА, ата-ана:

- Туған күн адам үшін жылына бір рет келетін ерекше мереке. Сондықтан да болар, кішкентай баладан бастап, еңкейген кәріге дейін бұл күні қуанышты сезімде болады. Айналасындағы адамдардан жылы лебіз күтеді. Мектептер мен балабақшаларда баланың туған күнін атап өту қажет деп ойлаймын. Өйткені, ертеңгісін үйден, ата-анасының, бауырларының ықыласына бөленіп, айрықша сезіммен келген бала ұстазы мен қатарластарынан да шынайы ақ тілек күтеді. Ал мектепке немесе балабақшаға тәтті әкелу мәселесіне келер болсақ, ең алдымен ол сабақ процесіне кедергі келтірмеуі керек. Бұған қоса балалардың денсаулығы бірінші орында тұруы тиіс. Әкелінген тағамның құрамында зиянды қоспалары болмағаны жөн.

Жайна ШАМАНОВА, жо- ғарғы санатты психолог:

- Туған күн бала үшін өміріндегі маңызды мерекелердің бірі болып саналады.3-4 жастағы бүлдіршіндер оның мән-мағынасын түсінбеуі мүмкін, ал 5 жастан асқан бала бұл күнді бір жыл бойы күтеді. Ол күні балаға көп назар аударылып, рухани жағынан баий түседі. Яғни, зор сүйіспеншілік, махаббат, жылы сөздер арқылы жанына жағымды сезімдермен қауышады. Ал бұл баланың өзін-өзі бағалауын көтереді, өзіне деген сенімділік қалыптастырады. Жүрегіне қуаныш ұялайды. Кейбір ата-аналар баласына туған күнінде қуаныш сыйлауды сыныпқа торт пен сусындар апарумен ғана өлшейді. Ал жағдайы жоқ ата-аналар болса, бұдан мүлде бас тартады. Бұл екеуі де үлкен қателік. Ең бастысы не істесеңіз де баланың қуанышы үшін жасаңыз. Балада қымбат немесе арзан деген ұғым жоқ. Оған көңілді мереке ұйымдастырсаңыз да жеткілікті. Мысалы, балаңыздың ұстазы немесе тәрбиешісімен келісіп, қызықты ойындар, өлең, ән-би, ертегі көріністерін тамашалауға мүмкіндік жасаңыз. Сыйлыққа келсек, тәттінің орнына қызықты кітапшалар, сурет дәптерлері мен түрлі-түсті қарандаштар, шарлар таратуға болады. Егер баламызға кішкентайынан көп көңіл бөлсек, оның болашағы нұрлы болмақ.

ТҮЙІН: Иә, баласының туған күнін қайда, қалай тойлау әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда, «өзім білемдікке» салынамыз деп жүріп, білім мен тәрбие ошағын той-томалақ алаңына айналдырып алмасақ болғаны. Ал ең бастысы баласын білім алу үшін әкелген ата-ана да сенім жүгін арқалаған ұстаз да бала денсаулығына бей-жай қарамаса, ұрпағымыздың дені сау болып өсері кәміл.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.