Тұңғыш Президент салған сара жолдан жаңылмаймыз

Ел тізгінін егемендік алған сәттен бастап қолға алып, жас Қазақстанды әлемдік аренаға шығарған еліміздің Тұңғыш Президенті, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей эфир арқылы Президенттік өкілеттілігін тоқтататынын айтқан сәтте жүрегімде ерекше қимастық сезім орын алды.

Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіз қазақ елі үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екені дәлелдеуді қажет етпейді. Сонау кеңес өкіметі құлдырап құлаған сәтте, азаттыққа ие болған Қазақстан үшін қиын кезең, сындарлы сәт туғанын бәріміз де білеміз. Экономика дағдарысқа ұшырап, халық тоз-тоз болып кетудің аз-ақ алдында тұрған шақта тар жолмен тайғақ кеше жүріп, өзінің еңбекқорлығымен, сұңғыла саясаткерлігімен, ел басқару ісіндегі тәжірибесінің молдығымен екі бірдей дағдарысты еңсеріп, еліміздің экономикасын аяғынан тік тұрғызып, дамыған 30 елдің қатарына қосқаны да тарих парақтарына алтын әріптермен жазылатын ақиқат. Н.Назарбаевтың көрегендігінің тағы бір белгісі, Қазақстан Республикасының Ассамблеясын құрып, елімізде өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт өкілдерінің арасынан 9 адамды депутаттыққа сайлауы. Бұл ел ішіндегі бірлік пен берекенің сақталып, ырыс пен ынтымақтың артуына себепші болды десем, артық айтқандық емес. Өзгесін айтпағанда күні кеше өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналардың жәрдемақысын көтеру, баспанаға ие болуларын қамтамасыз ету, ең төменгі жалақы алатын техникалық қызметкерлердің еңбекақысын 30 пайызға арттыру туралы берген тапсырмасының өзі неге тұрады?!

Қазақ елін 28 жыл басқарған Нұрсұлтан Әбішұлы Конституцияның барлық заңдарын сақтай отырып, халыққа адал қызмет етті. Ең алдымен тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуына мән берді. Ендігі жерде біз, қалың қазақ елі Тұңғыш Президентіміздің салып кеткен сара жолынан жаңылмай, бірлігімізді, татулығымызды сақтап, ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсетуіміз керек.

Мәндірғали ОРАЗҒАЛИЕВ,

«Махамбет ауданының Құрметті азаматы».

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521