Смотрите кино онлайн бесплатно
http://kinofank.ru

Бүгінде еліміздегі мемлекет құраушы ұлт- қазақ халқының саны 66 пайызды құрайды. Халықаралық келісім бойынша егер мемлекетті құраушы ұлт саны халықтың үштен екісін құраса, ол моноұлттық, яғни бір ұлттан тұратын мемлекет болып саналады екен. Алайда, Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілінің жағдайымен, салт-дәстүрімен санасып, сыйластықта ғұмыр кешіп келеміз. Қазақстанның басты құндылығы осында болса керек.

Қазақ елінің тағдыры тауқыметке толы болғаны тарихтан белгілі. Соған қарамастан, өз тағдыры қыл үстінде тұрғанда, қазақ халқы қаны бөлек,жаны жат басқаны да құрдымға кетуге жол берген жоқ. Президент Н.Ә.Назарбаев еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап, біздің көпэтносты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш- жігерін салып, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынтымақты, келісім мен тыныштықты сақтау ісіне жіті көңіл бөліп келеді.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Конституциямызда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық зайырлы,құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» - деп көрсетілген.

Сонымен қатар, өз азаматтарының заң жүзінде діни сеніміне, таңдауына және ұстанымына кепілдік береді. Бүгінде қазақ еліндегі этносаралық, дінаралық татулық, әрине әлемнің көптеген елдеріне үлгі. Осы күні, Елбасымыз өзі бас болып жүргізіп отырған көреген саясатының арқасында тәуелсіз елімізде сенімі мен көзқарасы әр алуан, сан ұлт пен ұлыстың, мақсат мүдделері ортақ, тату-тәтті, береке-бірлікте өмір сүруде. Сондықтан болар, елдегі этникалық үйлесімділікті әлемнің жетекші мемлекеттері жоғары бағалап, әрі тәжірибе алар алаңға айналдырып отыр.

Қазақ халқы қашанда болсын елдікке,соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына аса мән берген. Ата-бабаларымыз: «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп ынтымаққа шақырып қана қоймай, «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дегенді де ескертеді. Сан ғасыр бойы мәңгілік жалғастығын тауып келе жатқан қазақ халқындағы осы бір қасиетті үдеріс тәуелсіз Қазақстанның да басты қағидасына айналды. Ол – Қазақ елі тәуелсіздігінің мәңгі мұқалмастығының негізі деуге болады. Кезінде Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттердің бірқатарында орын алған ұлтаралық қарама-қайшылықтар негізінде туындаған жанжалдардан біздің еліміз аман өтті. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында еліміздің кейбір аймақтарында бірқатар ұлтаралық шиеленісті жағдайлар туындағанын білеміз.

Ұлтаралық сипаттағы қайшылықты сол кездегі ішкі саяси жағдайға қауіп төндірген жеке оқиға еді десек те, дер кезінде мемлекет тарапынан тиісті іс-шаралар жүргізілмегенде соңы неге апарып соғатыны белгісіз еді. Ендеше, Қазақ шаңырағын шайқалтуға бағытталған осындай жайсыздыктардың тамырының терең жайылмауының басты себебі, қазақ ұлтының ақылға тоқтамдығы, кең пейілдігі мен шыдамдылығында жатыр. Елімізді мекен еткен басқа да ұлт өкілдері қазақтың осы бір тамаша қасиеттерін тереңнен түйсініп, аса жоғары бағалайды.

Бүгінде Қазақстан 130-дан астам этнос өкілдерінен тұратын 18 миллион халқы бар полиэтникалық мемлекет. Жалпы көпэтносты Қазақстан Республикасында тарихи сын сағаттарда этносаралық келісімнің тұрақты болуы, ең алдымен, жергілікті халықтың ұлттық ерекшелігінен, яғни оның даналығы, кеңдігі деуге болар. Сондықтан еліміз үшін тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың, этносаралық келісім мен татулықты дамытудың маңызы аса зор. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Елбасының бастамасымен елімізде ұлтаралық қарым-қатынастарды реттеу, үйлестіру жұмыстарымен айналысатын арнайы ұйым құрудың жолдары қарастырылды.

Қазақстан Республикасы жанындағы кеңесші орган ретінде 1995 жылы 1 науырызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазіргі таңда ҚХА – Қазақстандағы тұрақтылық пен тұтастықты берік сақтаудың маңызды тұғырларының бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты-қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, патриотизмді дамыту. Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық-азаматтық бірегейлікті, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру үрдісінде этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады. Ассамблея біздің отандастарымыздың бойында орта таптық психологиясын-жоғары ізгілік мәдениетіне ие, іскерлік пен жоғары өнімді еңбекке құлшынған патриот пен азаматтық психологиясын тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді. Азаматтық бейбітшілік пен келісімнің, этносаралық және конфессияаралық үнқатысудың мемлекеттік саясатын біз басты бағытқа жету-өркенді көп ұлтты Қазақстанды құру мақсатында нығайтып, дамытатын боламыз, деп атап өткен болатын Нұрсұлтан Назарбаев. Қ

азіргі тарихтың кестесі мейілінше тығыз. Бұрындары жүзжылдықтар мен онжылдықтарға созылатын іс-бүгіндері қас қағымда атқарылады. Қазір мемлекеттердің басшылары күн сайын кездесіп жатады, ал кезінде тіпті көрші мемлекеттердің билеушілері бір-бірімен ешқашан кездеспеген немесе кездескен күнде де белгілі бір биліктің, яғни мемлекеттің жаңғыруы себепші болып отырған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын БҰҰ Ассамблеясында БҰҰ-ның мүше-мемлекеттеріне мәні мен рухы қарапайым ғана мынадай ұсыныс жасадым: «Келіңіздер, күшімізді біріктірейік, ерікті ынтымақтастық қадамын жасап көрейік, сөйтіп, дағдарыстағы өңірлер мен дамыған елдердің проблемаларын шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен бір пайыз берейік» деп атап көрсеткен Н.Назарбаев.

Бұл қайшылықты саябырсытуға, мүмкіндігінше жаңадан бой көтеретін қайшылықтар мен шиеленісті жағдайлардан құтылуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп жатқан барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын,қамтамасыз етуші алаң рөлін атқаруда. Құрылғаннан бергі уақыт ішінде аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Ассамблеяның өміршеңдігінің ең басты ерекшелігі-ол этностық топтардың қызметін бақылаумен айналысатын қарапайым ұйымға ғана айналып қоймай, сонымен қатар еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, барлық азаматтардың этностық, діни ерекшеліктеріне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтаушы толыққанды саяси институтқа айналуында. Бүгінгі қоғамдағы түбегейлі өзгерістер халқымыздың ауыз бірлігін, белсенділігін, әр азаматтың жеке басының жауапкершілігін талап етеді.

Қоғамдағы келісім мен бейбіт өмір, саяси тұрақтылық үшін жан аямай қызмет ету, өз Отанына, отбасына, елі мен жеріне деген сүйіспеншіліктен ғана туады. Халық бірлігі, ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы ұранымыз ортақ тарихымызға деген көзқарасымыз, өзге ұлт өкілдеріне деген құрметімізді келешек ұрпаққа жеткізу, насихаттау болып табылады. Қазір ауданда 852 басқа ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олар аудан экономикасының барлық салаларында жемісті енбек етуде. Алға қарай да бұл ұлт өкілдерінің жарасымы артып, аудан экономикасының қарыштап дамуына өздерінің сүбелі үлесін қоса беретіндіктеріне сенім мол.

А.ҚҰРМАНБАЕВ, аудандық мәслихат депутаты, Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Махамбет ауданы бойынша сарапшысы.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.