Міне, орталық алаңдағы алып шыршаның жанында жаңа жыл мерекесі де басталып кетті.

Дуэттің әсем әнінен соң кеш жүргізушілері ортаға шықты. Аудан әкімі Ж.Ахметов жұртшылықты жаңа 2019 жылмен құттықтап, толайым табыстар, отбасына амандық, жанұя шаттығын тіледі. Ортадағы үлкен шыршаның шамын жағу құрметіне аудан әкімімен қатар «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» М.Оразғалиұлы ие болды. Бір мезет ойыншықтарға толы алып шыршаның шамы маздай жанып, жиналғандарды қуанышқа бөледі. Ақшаңқан киінген Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің бишілері «Снежинки» биімен ортаны толтырды. Жаңа жылдық қойылымдарымен О.Шонаев атындағы орта мектептің оқушылары шықты. Д.Төленов атындағы орта мектеп-гимназияның флеш-мобынан соң Е.Ғафуров ән шырқады.

Сонадайдан автокөлік үстінде сыйлық толы қоржынын көтерген аяз ата мен ақшақар да көрінді-ау. Аяз ата балалар мен бүкіл жұртшылықты жаңа 2019 Доңыз жылымен құттықтады. Ит жылы мен Доңыз жылының айтысы да көпті елең еткізді. Ит жылы махамбеттіктерді қимай тұрғанын, өткен жылы ауданымыз 90 жылдығын тойлағанын, жаңа көпір ашылғанын еске алды. Доңыз жылы да ит жылындағы игі істерді жалғастыратынына уәде беріп, жақсылықтар, молшылықтар жылы болсын десті. Белсенді жас Дана Ғасырбек ағылшынша «Jingle Bells» әнін шырқауымен есте қалды.

Сонымен қатар, өнерпаз Н.Ислам, Б.Аруева «Мерекем» әндерін асқақтата шырқай жөнелгені. «Нұршуақ» бөбекжайының бишілері «Ну, погоди!» биімен көрінсе, Татьяна апай «Новогодние игрушки» әнін келістіре орындады. З.Ещанова атындағы өнер мектебінің әнші қыздары орыс тіліндегі частушкилерін құйқылжыта шырқап, дөңгелене билегеніне көпшілік ду қол соқты.

Әли Төлеуовтің көңілді әнінен соң қызыл түсті аяз ата киіміндегі «Алтын-Ай» бөбекжайының бишілері «Санта-Клаустар» биін билеп, орта толтырды. «Алтын балық» бөбекжайының қыздары халықпен ойын ойнап, би билеуге көшті. Жиналғандар аң-құс, жан-жануарлар кейпіндегі персонаждармен хоровод айтып, жасыл шыршаны айналды. Одан әрі «Ямайка» әнінен соң Питерсковтардың «Вместе с нами пой» әнін тыңдадық. «Әсем-ай» тобының флеш-мобы да жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жастар ресурстық орталығы халықпен әртүрлі ойын түрлерін ойнаса, Е.Базарбаев «Қос шағала» әнін беріле шырқады. Ғ.Ізбасаров «Жаңа жыл» әнімен көпшілікті бір серпілтіп тастады. Жасыл шырша маңында ән шырқалып, түрлі ойындар ойналып, билер биленді. Жәрмеңкеден ауыл тұрғындары балаларына бір-бір жаңа жылдық сыйлық алып беріп, қуантып жатты.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.