Ит жылымен қош айтысып, доңыз жылын қарсы алатын мезетке де санаулы күндер қалды.

Өзге де салалар секілді өздеріңіздің сүйікті газеттеріңіз «Жайық шұғыласы» да қарбаласқа толы бір жылды артқа тастады. Бір жыл аз уақыт емес. Бір жылда біраз нәрсенің басын қайырып, бірталай іс тындыруға болады. Кез келген мекеме, тіпті қарапайым адамның өзі «бір жылда не тындырдым?» деп өзіне-өзі сын көзбен қарайды. Сол сияқты редакция ұжымы да ит жылында «Осы біз оқырманға не бердік?», «Қандай мәселе көтердік?», «Қалың бұқараға қандай ой тастадық?» деген сұрақтарға жауап іздей бастайды. Сонымен...

Шақалақ неге шетінейді немесе бір жылдағы 7 сәбидің өлімін немен түсіндіруге болады?

«Соңғы жылдары елімізде балалардың кемтар болып дүниеге келуі жиілеп барады. Жыл өткен сайын саны еселеп артып келе жатқаны қоғамды алаңдатуда. Дәрігердің кім екенін білмеген сонау ерте заманда аналарымыз құрыққа асылып тұрып-ақ өмірге қол-аяғы балғадай ұрпақ әкелді емес пе? Ендеше, қазіргідей медициналық озық технологиялар қаптап тұрған заманда аналардың өмірге дені сау сәби әкеле алмауының себебі неде? Соңғы жылдары дүние есігін ашпай жатып, өмірмен қош айтысатын нәрестелер саны неге көбейіп барады? Бір сөзбен айтқанда біздің қоғам мүгедек балалармен толығып келеді. Өткен жылы аядай ауданымыздың өзінде 7 сәби шетінеген. Мұның себебі неде?» Шақалақ неге шетінейді?

Отбасын құрған екі жастың басты арманы балалы болу. Жаңадан құрылған жас отаудың іші сәбидің сыңғырлаған күлкісімен толыққанға не жетсін, шіркін! Өкінішке орай, соңғы жылдары сәби өлімі шектен тыс көбейіп бара жатқаны қоғамды алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сәби күткен жас ананың жары мен ата-анасы, бауырлары аман-есен жаны қалып, қол-аяғын бауырына алғанға дейін «әлдеқалай болып қалады» деп алаң көңілмен жүретін күнге жеттік.

Газетіміздің №5 санында жарияланған Баян Сүйеуованың осы мақаласы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі деп білеміз. Өйткені, бас-аяғы бір жылдың ішінде аядай ауданымызда 7 бірдей сәбидің шетінеуі өте өзекті мәселе екені анық.

Кітап оқымайтын қоғам рухани кемелденуге қалай жетеді?

Жалпы қазіргі заманда балалардың бәрін бірдей кітап оқуға міндеттеу қажет те болмас. Бірақ әр сыныпта әдебиетке жақын, ақын жанды оқушылар болады. Солардың басын біріктіріп, мектепте әдебиет үйірмесін құрып, бір жолға салып жіберсе, әрі қарай оқушылардың өзі алып кетер еді. Үйірмеге жетекшілік жаайтын ұстаз аға-апайлары талғам таразысына салып, үйірме мүшелерінің оқуға міндетті кітаптарының тізімін беріп, сол бойынша айына екі рет оқыған кітаптары жөнінде пікірталас ұйымдастырып отырса, кеудесінде сәулесі бар балалар өздері де талпынар еді»

Қазіргі жас ұрпақтың кітап оқымайтыны, тіпті кітапқа қызықпайтыны ащы да болса, өмірдің шындығы. Өйткені, бүгінде кітаптан өзге де балаларды жарқ-жұрқ етіп тартып тұрған нәрселер жетерлік. Оның ең бастысы әрине, ғаламтор. Сәнді смартфон ұстап жүрген бала өзіне керегін сол ұялы телефоннан-ақ тауып алады. Әрине, кітаптың беретін рухани азығын, ешбір ғаламтор бере алмайтынын біз сияқты кітапты жата-жастана оқып, көркем әдебиетпен сусындап өскен ұрпақ жақсы түсінеді. Ал осыны жас ұрпаққа қалай жеткізуге болады? Балаларды кітап оқуға қалай қызықтыра аламыз? Нұрым Ерғалиев бұл мақаласында осы сұрақтарға жауап іздейді. Өзінің ұсыныстарын білдіреді. Тоңмойын болып бара жатқан ұрпаққа жаны ашып, журналистік жанайқайын жеткізеді.

Бала денсаулығына бей-жай қарамайық

«-Анашым, бүгін Дарынның туған күні болды. Анасы бізге тәтті торт пен шырын әкелді.

-Солай ма, балам. Сендер оны туған күнімен құттықтадыңдар ма?

-Иә, құттықтадық. Менің туған күнім болғанда, сіз де балабақшаға тәттілер әкелесіз бе?

-Әрине, құлыным, апарамын. Біздің Дарынның ата-анасынан қай жеріміз кем. Одан да күшті етіп апарамын. Бұл ертеңгісін балабақшаға кетіп бара жатқан сәби мен анасының арасындағы диалог. Әрине, ата-ана үшін баласының қуанғанын көруден асқан бақыт жоқ. Ұстаздар да баланың көңілін қимай, туған күнді атап өтуге рұқсат беріп жатады. Алайда, қазіргідей табиғи тамақтың орнын түрлі химиялық бояулар басқан заманда балаларды тәттімен сыйлау қаншалықты қауіпсіз?»

Бала – баршамыздың бауыр етіміз. Барлық ата-ананың арманы баласының ауырмай-сырқамай аман-есен ер жетуі. Бүгінде дүкендерде самсап тұрған бала денсаулығына зиянды тағамдардан көз тұнады. Үйдегі анасы әзірлеген құнарлы тағамды жегеннен гөрі, бала сол қызылды-жасылды кәмпиттерге, газделген сусындарға, тез пісетін тағамдарға әуес келеді. Ата-ананың көзін ала бере, дүкенге жүгіретіндері де сондықтан. Баланың туған күнін атап өту мақсатында білім мен тәрбие беру орындарына ата-аналардың өздері тәтті торттар мен бояуға толы шырындарды апарып жатады. Балнұр Сапарованың бұл мақаласында мұндай тағамдардың бала денсаулығына қаншалықты зиянды екені егжей-тегжейлі баяндалады. Бұл көптеген ата-аналарға, тәрбиешілерге ой саларлықтай сараптама болды деп ойлаймыз.

Қадірменді оқырман!

2018 жылы «Жайық шұғыласы» газеті осындай мәселелерді көтеріп, оқырман жүрегіне жол тапты. Алда келе жатқан доңыз жылында бұдан да өзекті, көкейтесті мәселелер газет бетінде жарияланатын болады. Газеттің бағасын беретін оның оқырманы. Олай болса, алдағы жылы газет бетінен қандай тақырыптарды көргілеріңіз келеді? Әлі де көтерілмей жатқан қандай мәселелер бар? Ендеше, өз ойларыңызды бөлісіп, бізге хат жолдаңыздар. Біз сіздердің мұңдарыңызды мұңдап, жоқтарыңызды бірге жоқтауға қашанда дайынбыз.

Ит жылында газет бетінде көтерілген мақалаларға шолу жасаған: Б.СҮЙЕУОВА.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.