1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесіне орай «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Егемен елдің Елбасы»-атты салтанатты жиын болып өтті.

Ең алдымен аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады:

-Баршаңызды 1 желтоқсан –- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекенің ел тағдырындағы орны ерекше. Өйткені, бұл мереке елі сүйген, елін сүйген ұлы тұлға –- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.Тұңғыш Президент күні – Елбасы жетістіктері мен жеңістерін ұлықтайтын, өскелең ұрпаққа нағыз елжандылық пен отансүйгіштіктің, азаматтық пен ұлылықтың үлгісін көрсететін күн.1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, еліміз егемендігін жариялады. Жас мемлекет тізгіні заманауи әлемнің ең көреген, ең кемел саясаткерлерінің бірі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сеніп тапсырды.Тәуелсіздікке қол жеткізген 27 жылда кемеңгер Елбасымыздың тереңнен толғаған, ел-жұрты қолдаған сан салалы, сапалы реформаларының нәтижесінде қоғамымыз түбірімен қайта түлеп, қайта жаңғырды. Тәуелсіздік жылдарында мүмкін еместі жүзеге асырған, мызғымас шекарасы халықаралық деңгейде мойындалған байтақ Астанасы көкпен таласып бой көтерген, күйреген әкімшілік жүйені өзгертіп, өтпелі кезеңде күйзелістен аман шыққан, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, нарықтық экономиканың өзіндік қазақстандық үлгісін қалыптастырған еліміздің жетістіктері Елбасымыздың ерен еңбегінің нәтижесі екенін атап өткен жөн. Елімізде саяси тұрақтылықты сақтап, азаматтық әлем мен толеранттылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді басты ғұмырлық құндылық ретінде ұлықтап, нығайтып келеміз. Елбасымыздың салиқалы саясатының нәтижесінде біздің еліміз ұстанған айқын бағытымен, өзара әріптестікке және ауқымды интеграцияға негізделген серіктестікке ұмтылысымен, ізгілікке құштарлығымен әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алды.

-Елімізде татулық пен бірліктің, келісім мен түсіністіктің орнауы, халқымыздың зор жетістіктерге жетуі – Елбасының сарабдал, дана саясатының жемісі. Сол себепті де кемеңгер көшбасшымыздың қоғам өміріне арнаған ерен еңбегін бағалай білу – баршамыздың парызымыз,- деген Жәрдемғали Бахуұлы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ержігіт Сағынұлына, Махамбет ауданы әкімі аппаратының шаруашылық меңгерушісі Серікбай Қайсағалиұлына, Сарайшық ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Салтанат Лайкейқызына Елордамыз-Астананың 20 жылдығына арналған мерекелік төсбелгіні табыс етті. Бұған қоса саналы ғұмырын ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына арнаған ардагерлер Сайын Иманғалиевтың, Тілеген Ұзақбайдың, Есенаман Қапсалиховтың, Нина Чукалинаның, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ерсайын Құлмағамбетовтің, жеке кәсіпкер Махамбет Избуловтың, аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің редакторы Нұрым Тельманұлының, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғали Латифұлының кеудесіне Махамбет ауданының құрылғанына 90 жыл толуына арналған мерекелік төсбелгісін қадады. Ал Махамбет аудандық сотының сот приставы Самал Ізмұханқызы, -«Атырау Жарық»АҚ Махамбет АЭЖ-жедел-қосалқы станцияның электр маманы Ғалымжан Қабиұлы, Коммуналдық сала қызметкері Жәдігер Ізғалиұлы, аудандық экономика және қаржы бөлімінің іс қағаздарын жүргізушісі Мүслима Сембайқызы, зейнеткер,еңбек ардагері Гүлиза Сембайқызы, «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Жандос Жайлыбайұлы аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Мерекелік шараға қатысушылар ауданымызға арнайы шақырылған Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық- аспаптар оркестрінің өнерін тамашалады.

Б.СҮЙЕУОВА.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.