Смотрите кино онлайн бесплатно
http://kinofank.ru

Қараша айының екінші бейсенбісі 1989 жылдан бері халықаралық сапа күні деп көрсетіліп келеді.

Осы атаулы күнге орай газетіміздің Фейсбук әлеуметтік желісінде ауданымыздағы ең сапалы қызмет көрсетіп, халықтың көңілінен шығып жүрген азық-түлік дүкендерін тұрғындармен бірге анықтау мақсатында пост жариялаған болатынбыз. Біздің бастамамызға белсенділікпен қатысып, ұнату белгісін басып, пікір қалдырған әлеуметтік желідегі оқырмандарымызға алғысымыз шексіз. Сонымен ауыл тұрғындарының таңдауымен көбірек лайк жинаған дүкен иелерін газет бетіне жариялауды жөн көрдік.

«МОЛШЫЛЫҚ» ДҮКЕНІ, 130 ЛАЙК, 97 ПІКІР

Кәмшат Әлиева, дүкен иесі:

–«Жайық шұғыласының» әлеуметтік желіде жариялаған постын көрдім. Халықтың жаппай біздің дүкенге лайк басып, жақсы пікір қалдырып жатқанын көріп төбем көкке жеткендей болды. Р.Құмаров деген азамат «Молшылық» - нағыз халықтық дүкен» деген пікірін білдірді. Шыныменде бізде арақ сатылмайды. Пікіріңізге рахмет! Бұл жерде сатушылардың мәдениеті де үлкен рөл атқарады. Көптен жасап келе жатқан Бибігүл, екі тілде таза сөйлейтін Анна есімді дүкеншім, Жанат, Алма, Жанаргүл, Айгүл өздерінің сыпайылығымен халықтың көңілін таба білді. Алайда бір-екі кері пікір қалдырушылар да бар екен. Өз басым олардың пікірін дәлелсіз деп есептеймін. Осындай кері пікірлерге жауап жазып, маған қолдау көрсеткен С. Амангелді деген азаматқа алғысым шексіз. Жолдасым да, өзім де осы ауылдың тумасымыз. 2004 жылы жолдасым екеуміз кәсіпкерлікпен айналысып көруге бел байладық. Алдымен жалға кафе алдық. Кейін 2006 жылы несие алып, жолдасым өз қолымен жаңа кафе тұрғызды. Елбасының кәсіпкерлерге қолдау көрсетуінің арқасында, 2011 жылы «Ауылшаруашылығын қолдау қорынан» несие алып, азық-түлік дүкенін салып, «үнемі молшылықта болсақ екен» деген тілекпен «Молшылық» деген атау беріп, дүкен аштық. Біздің басты мақсатымыз халықты сапалы және қолжетімді өніммен қамтамасыз ету. Өнімім сапалы болуы үшін басы артық зат әкелмеймін. Азғантайдан, күндегісін – күнде алдыртып отырамын. Санэпид талаптарына сай азық-түлікті бөлек, тұрмыстық заттарды бөлек сатамыз және дүкеншілері де бөлек. Күні асып кеткен тағамдардың сөреде тұрып қалмауын қатты қадағалаймын. Сатушыларымның мәдениетіне де мән беремін. Аптасына бір рет өз ішімізде жиналыс өткізіп, тұтынушыны есіктен кіргеннен күліп қарсы алып, күліп шығарып салуды үйретіп отырамын. Күйеуімнің еңбекқорлығының арқасында Аллаға шүкір кәсібіміз өрге басып келеді. Отбасымызбен қайырымдылықты көбірек жасауға тырысамыз. Себебі Алланың өзі айналасына мейірімділік шуағын шашып жүретін адамдардың нұрын тасытқан үстіне тасыта түседі деп білеміз. Жолдасым Евгении екеуміздің сапалы және адал еңбегіміздің нәтижесін ауылдастарым, халқым көрсетті. Баршаңызға дән ризамыз. Әрқашан халық игілігі үшін еңбектенуге дайынбыз. Заманымыз тыныш, нанымыз көп болсын! Барлығыңызға Алла қуат берсін!

«ДИАР» ДҮКЕНІ, 91 ЛАЙК, 48 ПІКІР

Қамбар Түсіпқалиев, дүкен иесі:

–Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін орын алған уақытша қиындықтар қазақ халқын сауда жасауға үйретті. Адамзаттың асылы, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.а) өзі сауда бар жерде береке бар екенін айтқан ғой. Әрине, адал сауда болған жерде табыс та болады.Елбасымыз Н.Назарбаев та халықты кәсіппен айналысуға шақырып, үнемі мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға бастамашы болып келеді. Қазір еңбек етемін, кәсіп ашамын, табыс табамын деген адамға мүмкіндік мол. Ең бастысы, тәуекел болуы керек.«Тәуекел түбі жел қайық, өтерсің де кетерсің» деген халық нақылын басшылыққа алып, 2009 жылы мен де өз кәсібімді бастауға, дүкен ашуға бел буған едім. Қалтамда бар 700 мыңмен көзді жұмып бастап кеттім. Оған қазір ешқандай өкінбеймін. Бүгінде дүкенге қоса, өзге де кәсіптерім өте жақсы жүріп жатыр. Бұл орайда әрине, қасымда болып, қолдау көрсетіп жүрген жан жарым Люданың да еңбегі зор. Екі дүкенші, екі көмекшіні жұмыспен қамтып отырмыз. «Диардың» ауыл тұрғындары тарапынан қолдауға ие болып, осыншама лайк жинағанына қуаныштымын. Бұл біріншіден, дүкендегі өнімнің сапалы болғанының, екіншіден, бағасының халыққа қолжетімділігінің нәтижесі деп білеміз. Бұған қоса, бізде көп жылдардан беріп еңбек етіп келе жатқан сатушыларымыз Айнагүл мен Риманың халықпен тіл табыса білетін иманжүзділігінің арқасы екені даусыз.

Сіз не дейсіз?

Жексенбай ПАЗУЛОВ, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

–Ауданымызда кәсібін ашып, шаруашылығын дамытуға белсене кірісушілер саны күн өткен сайын артып келеді. Бұл халықтың мемлекет тарапынан беріліп жатқан бағдарламалардың байыбын түсініп, өз пайдасына жарату қажеттігін түсініп келе жатқанын көрсетеді. Оның үстіне алдымен кәсіпкерлікке оқыту тәжірибесі де оң нәтижесін беруде. Бүгінде аудан бойынша 1874 кәсіпкер өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Олардың көпшілігі төрт түлікті түлетуге ден қоюда. Кәсіпкерлік және туризм бөлімі, кәсіпкерлік палатасы тарапынан өңіріміздегі шығарылатын өнім мен көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға айрықша мән береміз. Өйткені, қандай да болмасын ұсынылатын қызмет пен саудаланатын тауарға қойылатын басты талап - өнімнің сапасы. Ауылшаруашылығы дамыған ауданымыздан өндірілген өнімдер әлемдік нарыққа шығып жатса, бұл біз үшін үлкен мерей екені сөзсіз.

Жеңімпаз лебізі Владимир РОЗМЕТОВ, «АтырауАгроӨнімдері» ШҚ басшысы, «Парыз - 2013» байқауының жүлдегері:

–Мемлекет басшысы облыс, аудан басшылары тарапынан ауылдардағы шаруа қожалықтарына қолдау көрсетілуде. Мұны кәсіпкерлер де сезініп, алаңсыз кәсіптерімен айналысуда. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы республикалық «Парыз - 2013» байқауында «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері» категориясы бойынша жеңімпаз атанған болатынбыз. Бұл жетістік маған қанат бітіргендей болды. Соңғы жылдары елімізде шағын және орта бизнесті жаңа инновациялық кәсіпорындар аясында дамытуға басымдық берілуде. Бизнестің дамуына кедергі келтіретін құқықтық нормалар да алынып тасталуда. Шаруалардан ендігі жерде өнімділікті арттырып, әлемдік үздік стандарттарға сай еңбек ету талап етіледі. Біздің ұжымның бүгінгі басты жетістігі бұл - ешкі фермасы. Жыл сайын бірнеше мың литр сүт алып, ірімшік, сарымай, йогурт, ешкі сүті сарысуынан емдік диабеттік сусындар мен басқа да тауарлар өндіріп отырмыз. Қызым Тамила мен ұлым Тимур осы жұмыстың үнемі басы-қасында жүреді. Біздің мақсатымыз сапалы өнім өндіріп, әлемдік нарыққа өз үлесімізді қосу.

Махамбет селосы, Абай көшесі 10.

тел. 2-11-34, 2-13-49

Факс: 2-11-34

zhayk-shugylasy@mail.ru

 

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.

            Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.